Ол өнер әлеміне «Анаға сәлемін» арқалай келді. Алғашқы қанатқақты туындысы арқылы-ақ өнердің өз адамы екенін аңғартқан жас музыка дейтін мұхиттың тереңіне сүңгіді де кетті. Әншілік пен композиторлықты қатар алып жүріп, «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген тәмсілдің өзіне қатысты айтылмағанын дәлелдеуге тырысты. Мұратына жету үшін талмай еңбектенді, үздіксіз ізденді. Күйсандығын да, микрофонын да бабында ұстады. «Асыл арманы» адастырған жоқ. Қайда жүрсе де «Атамекені» жанынан табылды. «Бозторғай» үнімен жүректерге жол тауып, «Елігім-еркемді», «Жанарым» мен «Әдемі-ауды» әуелетті. Оның «Гүл сезімі» мен «Ескірмеген махаббатын» халық сағынышпен еске алады. Өткен күндердің сәулелі естелігін ұмытсаң, қоңыр даусымен «Есіңе ал» деп жадыңды жаңғыртады. Ол күш-қуаты жеткенше халыққа қызмет ете берсем дейді. Елімен қауышуға асық әнші тыңдарманын 13 ақпан күні Республика сарайына жинамақ. Мерейтойлық концертінің алдындағы қарбаласқа қарамастан ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев бізбен әңгімелесуге уақыт бөлген еді.
– Қой жылы сіз үшін мерейлі жыл болғалы тұр екен. Жүріп өткен жолыңызға көз жіберіп, өткенді ой елегінен өткізген боларсыз. Өмір жолындағы 75 жылдың, өнер жолындағы 55 жылдың түйіні қандай?
– Мен өнер жолына 19 жасымнан бастап түстім. Биыл 75-ке аяқ басқалы отырмын. 55 жыл бойы өнердің қуанышы мен қиындығын қатар көріп, таңдаған жолымды абыроймен жүріп келемін. Алла Тағала бойыма екі өнерді бірдей дарытқан соң, екеуін бөліп-жарған емеспін. Әншіліктен де, композиторлықтан да қол үзген жоқпын. Бір қарағанда бірін-бірі толықтырып тұратын салалар болып көрінгенімен, бұл екеуінің болмыс-бітімі екі бөлек. Консерваторияда екі саланың мамандарын бөлек дайындайды, қолдарына ұстататын дипломдары да – екі басқа. Бірақ мен екеуінің басын бір арнаға қосып, бірін артық, бірін кем қылмай, бірін сүбелі, бірін сұйық етпей, екі өнерді бірдей өрістетуге тырыстым. Қолымнан келді деп ойлаймын. Мұхит, Ақан, Біржан сияқты сал-серілеріміз жазған әндерін өздері орындаған. Құрманғазы атамыз да шығарған күйлерін халыққа өзі жеткізген. Бұл ертеден бар дәстүр. Мен сол үрдісті жалғадым.
Аллаға шүкір, бақытты жанмын. Бүгінгі күнге дейін халық алақанына салып, аялап келеді. Замандастарым дауысың мұқалған жоқ дейді. Ол үшін ұстаздарыма қарыздармын. Консерваторияның ән бөлімінде оқығанда Надия Шәриповадан дәріс алдым. Сол кісі дауысымды қойып берді, үнімдегі Надия апайдың қолтаңбасы әлі де өшкен жоқ деп ойлаймын. Кейіннен КСРО еңбек сіңірген әртісі Галина Виноградовадан хор дирижері мамандығы бойынша тәлім алдым. Ол кісі кезінде Мемлекеттік хор капелласын басқарған. Өнер мектебінің табалдырығынан жаңа аттағанда алдымнан мықты мамандардың шығуы бағым шығар.
Ал композиторлыққа келер болсам, мен біріңғай ән шығаратын композитормын. Кинолардың саундтрегін, билердің сюиталарын да жаздым. Бірақ әу бастан әнге саз жазуды басым бағыт етіп ұстандым. Өзім әнші болғандықтан, ән жазарда дауыстың мүмкіндігін ескеремін. Сондықтан болар, сахнаға шықпаған, тыңдарманға жетпей қалған әнім жоқ деуге болады. Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды эстарада корифейлері беташарын жасаған әндерім әлі күнге халықпен бірге. Үлкен сахнада болсын, той-томалақта болсын, орындаушысы мен тыңдарманы бар. «Сағындым сені» деген романсты, «Жаса, қазақ» деген патриоттық әнді Ермек аға сүйсініп айтатын. «Асыл арман» мен «Әдемі-ау» Роза апамның әсем үнін арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартты. Бір кездері Қазақ радиосының балалалар редакциясында «Ерден атаның ертегілері» деген бағдарлама болды. Кішкентай балаларға арнап ертегі оқылатын. Сол хабар ашыларда редакторлар маған ән жазып бер деп ұсыныс жасады. «Ерден атайдың ертегісі» деген ән дүниеге келді, сөзін Әбдірахман Асылбеков жазды. Бұл әнді де Роза Бағланова апайымыз орындады. «Кел балалар, тұрмаңдар, Бізде қызық думан бар» деп басталатын әнді бала біткен жатқа айтты. Ол кезде қазақтың қара радиосы әрбір шаңырақта болатын. Соның арқасында әніміз республиканы түгел шарлап, атымыз құлақтан құлаққа жетті. Өнерімді халық бағалаған сайын жаңа ән жазуға шабыттандым. Зулаған жылдар әжімімнің қатпарларын көбейткен шығар, есесіне телегей теңіз тәжірибе берді.
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін авторлық кешіңіз биыл да заңды жалғасын таппақ. Бірақ бұл жолғысы бұрынғыдан өзгерек болатын шығар деп топшылаймыз. Дәл туған күніңізге орайластырып отыр екенсіз...
– Күш-қуаттың барында халықтың кәдесіне жарау – парызымыз. Жыл сайын өткізілетін авторлық кештерім де сол мақсаттан туған. Оның басы-қасында ұлым, ізбасарым әрі продюсерім Біржан Хасанғалиев жүреді. Республика сарайында, Студенттер сарайында алма-кезек өтіп келеді. Мерейтойлық концерт болғандықтан биылғы кешті өзгеше қылып өткізудің жолдарын қарастырдық. Отбасыммен ақылдаса келе, ретро әндерге басымдық бергенді жөн көрдік. «Асыл арман», «Бозторғай», «Әдемі-ау», «Жанарым» сынды сағынышқа айналған әндерді өнер жұлдыздарымен бірге шырқап, жұртым бір мауқын басса деймін. Ұмытқандар болса, қайта есіне алсын. Сол әндер арқылы менің құрдастарым жастық шақтарына, іні-қарындастарым бозбала-бойжеткен күндеріне, ұл-қыздарым балалық бал дәуренге бір саяхат жасап қайтса, біздің мақсатымыздың орындалғаны сол болмақ.
Біраз әнді өзім орындаймын. Эстарадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалатын, өзім рояльда ойнап отырып орындайтын әндер де бар бағдарламада. Біржан екеуміздің дуэтімізге де арнайы уақыт бөлінбек. Кеш қонақтары – әндерімді нақышына келтіріп орындайтын іні-қарындастарым, әріптестерім. Концертке жиналған қауым қазақтың қос Майрасы – Майра Ілиясова мен Майра Мұхамедқызының, Нұрлан Абдуллиннің, «МұзАрт» пен «Жігіттердің», т.б. өнер жұлдыздарының өнерін тамашалай алады.
– Батыс Қазақстан облысында «Атамекен» атты Ескендір Хасанғалиев әндерінің халықаралық байқауы екі жылда бір рет өткізіліп тұратынын білеміз. Байқауда оза шапқан жастар өнерден өз орындарын тауып жүр ме?
– Байқау алғаш рет 2000 жылы қолға алынған болатын. 2006 жылдан бері халықаралық дәрежеде екі жылда бір өткізіліп келеді. Қазақстанның өнерпаздары ғана емес, Ресейден, Қытайдан, Моңғолиядан өнерлі жастар келіп қатысады. Дәстүрлі фестиваль облыс әкімдігінің қолдауымен былтыр жетінші мәрте өтті. Әлі де жалғасын табады. Жыл сайын байқау бағдарламасын жаңартып, талап-шарттарын жетілдіріп отырамыз. Мәселен, қазір шығармашылығымдағы екі жанр – романс пен эстрадалық әндердің орындаушыларын іріктейміз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой халқымыз. Байқау жас таланттарды тауып, халыққа таныту мақсатын алға қойған болатын әу баста. Сол ұстанымнан айныған жоқ. Байқаудан түлеп ұшқан дарынды жастар қазір облыстық, республикалық өнер ошақтарында қызмет етеді. Мысалы, Асхат Үрпеков деген лауреат қазір мықты орындаушы ретінде өз есімін қалыптастырып үлгерді. Байқау жеңімпаздары жыл сайын өтетін авторлық кештеріме де атсалысып тұрады.
– Басқа әндерінің бір төбе болса, «Атамекеніңіз» – бір төбе. Еліміздің екінші гимні десек артық айтқандық емес. Өйткені Мемлекеттік әнұранмен ашылған кештің шымылдығын міндетті түрде «Атамекен» жабады. Бұл әнді жазарда оның ғұмыры ұзақ, тұғыры биік болатынын болжап па едіңіз?
– Жоқ. 1968 жылдан бастап қазақ өнерпаздары гастрольдік сапармен алыс-жақын елдерге шыға бастады. Сирия, Ливия, Швеция, Моңғолияда болдық. Сонда өзге елдің сахнасында қазақтың өр мінезін, көңілінің дарқандығы мен жерінің байлығын танытатын бір ән жазсам деп армандайтынмын. Барған жерде ұялмай орындайтын, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін бір ән репертуарыма жетпей тұратын. Ұзақ уақыт ізденістен кейін 1970 жылы «Атамекен» дүниеге келді. Музыканың көңілімнен шыққаны сондай, тез арада сахнаға алып шығып, жұртпен бөліскім келді. Алып-ұшып сөзін жазатын ақын іздедім. Ойыма бірден Қадыр Мырза Әлі түсті. Қадыр ағамен аралас-құраластығым жоқ еді. Бірақ өзін де, өнерін де қатты сыйлайтынмын. Жүрексінсем де, тәуекел деп Жазушылар одағына бардым. Ағамды тауып алдым да: «Қадыр аға, мен Ескендір деген ініңізбін» деп майдалап бастап, әніме сөз жазып беруін өтіндім. «Ия, есіміңді де, әндеріңді де естіп жүрмін» деп өзіне жақын тартты. Екінші қабатқа көтеріліп, сиясы кеппеген туындыны пианинода ойнап бердім. Әуен ақынның көңілінен шықты. Сөз жазып беруге келісіп: «Бір жетіден кейін хабарлас», – деді. Уәде бойынша бір аптадан кейін әннің сөзі дайын болды. Пианиноға отыра қалып, саз бен сөздің үйлесімін тексердік. Бір-бірімен қабыса, табыса кетті. Артық-кемі жоқ. Қуанып кеттім, Қадыр аға да марқайып қалды. Ол кезде әннің ғұмырын тап басып болжай алмасам да, өміршең болатынын ішім сезді.
Сол жылы Республика сарайында Қазақ КСР-інің 50 жылдығына арналған үлкен концерт өтті. Аталмыш кеште «Атамекенді» алғаш рет Нұрғали Нүсіпжанов екеуміз қос дауыста орындадық. Дәл сол жылы Одақ өнерпаздары тұңғыш рет Швеция мен Финляндияға гастрольдік сапармен барды. Өнер делегациясының ішінде біз де болдық. Швеция астанасы Стокгольмнің ең үлкен сахнасында «Атамекен» шырқалды. Әнді орындап болғанымыз сол еді, бір топ адам сахнаға қарай қаумалай бастады. Жасы мен жасамысы бар, арасында бала-шаға да жүр. Жүздері жылы ұшырай кетті, сөйтсек өз қандастарымыз екен. Ол кезде тәртіп қатал. Оқыс қимыл жасап, артық сөз айтуға болмайды. Қол жуу үшін де рұқсат сұрайтынбыз. Қарақұрым халық жабыла құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр, көздеріне жас алғандар да бар. Не істерімізді білмей аңтарылып қалдық. Сөйтсек, бұл ән бауырлардың туған жерге деген сағынышын маздатып жіберген екен. «Өшкенімізді қайта жаңғырттыңдар, рахмет сендерге», – деп алғыстарын жаудырды. Содан бері 45 жыл бойы қайда жүрсем де, қандай сахнаға шықсам да, «Атамекенді» аузымнан тастамаймын. Бұл әнді аға буынның әншілері орындады, орта буын, жас толқынның орындаушылары да шырқап жүр. Бірақ мені қуантатыны – балабақшадағы тілі былдырлаған балапандардың аузында жүргені. Өнер адамының бақыты осы шығар.
1961 жылы туған ең алғашқы әнім «Анаға сәлем» де ғұмырлы болды. Ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа өтіп, бір нотасы өзгермей бүгінгі күнге дейін жетті. Халық бейресми түрде «Мереке күніңмен» деп те атайды екен. Қалай атаса да, жүректерден өшпегені қуантады.
– Қазір «хит» деп әуелетіп жүрген әндердің ғұмыры 1-2 жылдың айналасынан аспайтын болды. Бүгінгі композиторлар неге өміршең туынды бере алмай жүр?
– Әннің тұғыры – әуен, орысша айтсақ, мелодия. Егер әуені анық, бояуы қанық болса, ән өміршең болады. Қазір эстараданы шетелге еліктеушілік дендеп барады. Өмірге келіп жатқан жаңа әндерде батыстың ырғағы басым. Жаһандану деген осы шығар, бәлкім. Заман талабы болғандықтан, мынауың дұрыс, мынауың бұрыс деп ешкімді жөнге сала алмайсың. Айналаңда қандай құбылыс болып жатса, шығармашылығың да сол үрдістердің шеңберіне байлаулы. Сазы мен сөзі бұлыңғыр, айтар ойы аз әндердің қаптап кеткені сондықтан. Өнердің бүгінгі келбеті қырық құрау, тұтастықтан ажырап барады. Бір әнге бірнеше жанрды, сан алуан бағытты сыйғызып жібергісі келеді де, композиторлар ала-құла дүние жасайды.
Жаңа ырғақтарды мен де арагідік пайдаланамын, бірақ әуеннің тұнықтығын, тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөлемін. Сонда ғана жазғаның көкейге қонымды болады. Бүгін шырқалып, ертең ұмытылып кетпей, тыңдаушының жадында жатталып қалады. Халық композиторларының әндері неге әлі күнге дейін тұғырынан тайған жоқ? Өйткені олар музыканың кірпияз дүние екенін білді.
– Таланттың тағдырын продюсерге теліп жүрміз. Қанша дарынды болса да, сойылын соғатын бір адам болмаса, өнерді өрістету, есім қалыптастыру қиын. Бірақ сіздер өнер табалдырығын аттағанда продюсер деген кәсіп иелері болған жоқ. Халыққа қалай танылдыңыздар?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі әншілер сияқты бізді тыңдарманмен байланыстыратын арнайы өкіліміз болған жоқ. Есесіне, насихатшымыз мықты болды. Ол – Қазақ радиосы. Бұл радиода өзім де отыз бес жыл еңбек еттім. Әуелі музыкалық редактор боп қабылданып, 1970 жылдан бастап радионың жеке әншісі боп қызмет атқардым. Ол кезде Қазақ телевизиясы мен радиосының жанында әншілер, симфониялық, камералық оркестрлер жұмыс істеді. Әндеріміздің барлығы эфирге арнап жазылды. Редакцияға жаңа ән келіп түссе, редакторлар оны бізге береді. Біз әбден дайындаламыз да, таспаға жазамыз. Дауысымыз радио арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Сондықтан халыққа қалай танылам деп бас қатыра қойған жоқпыз. Облыстық, қалалалық әкімшіліктердің мәдениет бөлімдері де жергілікті өнерпаздарға үнемі қолдау көрсетіп отыратын.
– «Әнсапармен жиырма мемлекетке шыққан болсам, сол елдердің Қазақстанмен достығын жырлайтын сонша әнім бар», – деген екенсіз баспасөзге берген бір сұхбатыңызда. Қазақ музыкасының дипломатиялық функциясы әлі де жемісті ме?
– Әріптестерім достық, бейбітшілік тақырыбын қаншалықты қаузап жүргенін білмеймін. Бірақ өзім халықтар ынтымағын мемлекеттің тірегі деп білгендіктен, шығармашылық зертханамда осы тақырыпқа арналған әндер өте көп. Қай мемлекетке қонақ боп барсам, сол елдің біздің мемлекетпен достығын арқау еткен бір ән жазуға тырысамын. Ол әннің дипломатиялық бояуын қанықтыра түсу үшін ән арасына сол мемлекеттің төл ырғақтарын қосамын. Әннің сөзін де екі тілде жаздырғанды құп көремін. Мысалы, Францияда болғанда қазақша-французша ән шығарғанмын. Әуені де синтез. Қазақстанның Түркиямен ынтымақтастығын жыр еткен 3 әнім бар: «Қазақстан-Түркия», «Алматы-Анкара», «Анталья». Қазақ және түрік тілдерінде жарық көрді. Германияға сапарымнан соң қазақтың неміспен достығын арқау еткен тағы бір ән дүниеге келді. Күншығыстағы көршіміз Қытаймен жарастықты суреттейтін «Алматы-Пекин» деген ән, Болгария сапарының ескерткішіне айналған «София туралы ән» де қазақ музыкасының сіз айтып отырған дипломатиялық қызметін кеңейте түсті. Бірақ бұл әндер мақсатты аудиторияға арналып жазылғандықтан, халық арасына кең тараған жоқ. Әдетте өзімнің авторлық кештерімде шырқалады. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Сондықтан биыл достық тақырыбындағы әндеріме халықтың сұранысы артатын шығар деп ойлаймын.
– Әндеріңіздің 100 пайызын болмаса да, 70-80 пайызын жас әншілер заманға лайықтап айтып жүр. Әрқайысы алдыңызға келіп, орындауға рұқсат сұрай ма?
– Міндетті түрде. Бізде «Қазақстан Авторлар қоғамы» деген шығармашылық бірлестік бар. Ұйым авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқарады, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат береді. Сондай-ақ авторлық сыйақыларын жинап, жиналған сыйақыны бөлу және төлеумен айналысады. Менің әнімді қай әнші қай жерде орындағаны тіркеулі тұрады. Жекелеген әншілер алдыма келіп: «Ескендір аға, мына әніңізді жаздырсам қалай болады?», – деп батамды сұрап жатады. Ешкімнің меселін қайтарған жоқпын. Бүгінгі күнге дейін бірде-бір әнімді сатқан емеспін. Сұраса, берем. Бұл жағынан келіспеушілік туған емес. Қатып қалған дүние жоқ. Жастар құбылтып, түрлендіріп айтқысы келеді. Кейбір бос жерлерді әр түрлі ырғақтармен толтырады. Оған да тыйым салған жоқпын. Бастысы әуенін бұзбаса, тазалығын сақтаса болғаны. Әннің әу баста қағылған темірқазығы өз орнында тұруы керек.
– Қазір эстарадаға шығып жатқан жеке орындаушылар сан жағынан ерекше қарқынмен өсіп келеді. Сапа тұрғысынан ше?
– Расында да, сан сұраса ауыз толтырып айтатын көрсеткішіміз бар. Ал сапаға келгенде тосылып қаламыз. Бұрын Кеңес заманында тақырыптық шектеулер көп болатын. Партияны, кеңшарлар мен ұжымшарлардың жетістігін әнге қостық. Қазіргідей қалағаныңды жазып, айтқың келгенді айту деген болған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері тынысымыз кеңейді, музыканың ауқымы өсті. Әншілер мен композиторлар көбейді. Тақырып жағынан қысым жоқ. Бірақ еркіндік деген осы екен деп, шеңбер атаулыны тас-талқан еткен сияқтымыз. Әттеген-ай дейтін тұсымыз көбейіп барады. Теледидарды қосып қалсаң да, радионың құлағын бұрасаң да, сапасыз әндер өріп жүр. Эфирден берілетін шығармалар неге елеп-екшелмейді? Біздің кезімде телевидение мен радионың, филармонияның, шығармашылық бірлестіктердің жанында міндетті түрде көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Жаңадан шыққан әндеріміз білікті мамандардың сүзгісінен өтті. Кеңестің жиыны айына екі рет өтіп тұратын. Мықты композиторлар әннің музыкасын, белгілі ақындар сөзін тексереді. Кем-кетігін анықтайды. Артығы болса, алып таста дейді. Мысалы, мен екі ән апарсам, біреуі өтпей қалатынын алдын-ала біліп баратынмын. «Әнің шикі, әлі де жұмыс істеу керек» дейді де қайтарып береді. Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов ағаларым апарған әнімді талай рет жаратпай тастады. Ақындар да солай. Сөзін мұқият қарайды, сын-ескертпелерін айтады. Қазір сол жүйені қайта жаңғырту керек. Сапаға талап қойылмағандықтан, тыңдарман жақсы мен жаманды айыра алмай қалды. Қасиетті сахна өлеңінде ұйқас, әуенінде ажар жоқ әндердің мінберіне айналып барады.
– Қазіргі кезде халыққа кең танымал жас әншілердің бірі Қайрат Нұртас жуырда «Ескендір аға менің орындауымдағы әнді орындады, бұл ел ағасының менің өнерімді мойындағаны» деп әлеуметтік желі арқылы сізге алғысын білдірді. Жас орындаушылардан кімнің шығармашылығын жоғары бағалайсыз?
– Бұл бір қызық оқиға болды. Өткен жылдың соңында «Қазақстан» телеарнасы жаңа жылдық хабардың түсіріліміне шақырды. Әзіл-оспағын, қалжың-қалтасын араластырып, көрермендерге мерекелік тарту дайындамақ екен. Сценарий бойынша жастар аға буынның әндерін, ал аға буын өкілдері жас орындаушылардың әндерін орындауға тиіс болды. Ұйымдастырушылар Қайрат балаңыз орындап жүрген «Ауырмайды жүрек» деген әнді орындап беріңіз деп қолқа салды. Ал осыдан 40 жыл бұрын Дарико апайларыңа арнап жазылған «Әдемі-ауды» Қайратқа орындатқызбақ екен. Келістім. Алдын-ала дайындалу үшін қағазға түсірілген әнді қолыма ұстатты. Бірақ мен әнді өз даусыма ыңғайлап, романсқа ұқсатып айттым. Көңілімнен шықты. Ал Қайраттың «Әдемі-ауды» орындаған-орындамағанын білмеймін. Өз құлағыммен естіген жоқпын.
Қайраттың жеке басына келсек, өте талантты жігіт. Бір басына жетерлік қызбалығы да бар. Бәріне бірден қол жеткізуге ұмтылады. Мұндай жағдай жас кезімізде бәріміздің басымыздан өтті. «Менен басқа әнші жоқ, ең мықты композитор менмін» деген кеудемсоқ мақтаныш та кернеді көкіректі. Тек оны дер кезінде жеңе білдік. Есейген сайын бабыңа келеді екенсің. Өз жолыңды табуға, өшпес ізіңді қалдыруға ұмтыласың. Ермек Серкебаев баритон дауысты әнші еді, менің де даусым – баритон. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтпақшы, бастапқыда Ермек ағаға еліктегенім рас. Бірақ үйрене жүріп, өз соқпағымды іздедім. Әйтпесе, Ермек Серкебаевтың көлеңкесі боп қалар ма едім, кім білсін?
Қазақ эстарадасындағы бүгінгі есімдерге келер болсақ, жүрегіме жақын екі топты ерекше атап өткім келеді. Ол – «МұзАрт» пен «Жігіттер». Менің әндерімді орындаған жеке орындаушылар да, топтар да өте көп. Бірақ көңілімнің пернелерін дәл басқан орындаушылар санаулы. Бұл екі топ сол санаулылардың көш басында тұр. Бәрі де ауылдың қара домалақтары, бойларына ұлттық тәлім-тәрбиенің дәні егілген. Шығармашылықтарына атүсті қарамайды, әрбір әнді ерекше талғаммен таңдайтыны аңғарылып тұрады. Репертуарлары тақырыптық жағынан да, жанрлық жағынан да бай. Ал бүгін жарқ етіп, ертең жоқ болып кететін әншілер өте көп. Жасы ұлғайған сайын сахнадан жырақтап кеткендер де баршылық. Менің қасиетті сахнамен 55 жылға созылған достығымның кілті үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекте деп ойлаймын. Сондықтан ізімді басқан іні-қарындастарыма, ұл-қыздарыма талмай еңбектеніңдер демекпін.
– Сізді кезінде Композиторлар одағының құрамына қабылдамай қойған екен. Неліктен?
– Ол кезде заман басқа, заң басқа. Қазаққа талай ғажап ән сыйлаған Әбілахат Еспаев ағамыз шығармашылық одақтың мүшелігіне кіре алмай кетті. Шәмші Қалдаяқов та көп қиындықты бастан өткерді. Әсет Бейсеуов екеуміз ұзақ жыл жүгірістен кейін тәуелсіздік тұсында ғана одақ құрамына қабылдандық. Екі-үш рет Мәскеу фамилиямызды тізімнен сызып тастады. Не себепті дейсіз ғой? Одақ жарғысы бойынша мүшелікке тек консерваторияның композиторлық бөлімін бітіргендер ғана қабылдануы тиіс болды. Жазған әніңе қараған жоқ. Мықты композитор болсаң да, ортаңқол композитор болсаң да тағдырыңды диплом шешетін. Біз сол қасаң қағиданың қаһарына іліктік те, ұзақ уақыт кідірістен кейін ғана мүшелікке өттік. Қазір ол кезеңнің бәрі тарих болып қалды.
– Композиторлар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Мүшелікке қабылдау шарттары, одақта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы білгіміз келеді.
– Анда-санда болмаса, одаққа қазір жиі бара бермеймін. Өйткені одақтың маған, менің одаққа ісім түспейді. Авторлық кештерді, гастрольдік сапарларды да өзіміз ұйымдастырамыз. Сондықтан ондағы жаңалықтардан бейхабармын. Одақ құрамына қабылдаудың жаңа талаптарын да білмеймін. Бірақ, бір нәрсені естен шығармау керек. Композиторлар одағы тек әнмен ғана шұғылданбайды. Өнердің опера, балет, симфония сияқты түрлері де одақ назарында. Шығармашылық ұйымның қызметін тар шеңберде қарастыруға болмайды.
– Сіз Қазақстанның Халық әртісісіз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері деген атақтарыңыз тағы бар. Өнеріңіздің өрістей түсуіне бұл атақ-марапаттардың үлесі болды ма?
– Атақ өнер иесінің мерейін өсіреді, марқайтады. Өнерің елеп-ескерілген соң өзіңнің халыққа керек екеніңді сезінесің. Арнайы жарлық шығып, оған Елбасының қолы қойылады. Есіміңді газет-журналдар жарыса жазып жатады. Көппен бірге елеусіз жүресің де, бір күннің ішінде дараланып шыға келесің. Шабыттанасың, жаза түскің келеді. Халықтың болмашы назарының өзі жүрегіңді қуанышқа толтырады. Сондықтан өнер иелерінен атақ пен марапатты аяудың қажеті жоқ. Оңды-солды тарату керек демеймін, әрине. Бірақ халық игілігі үшін тер төгіп жүргендердің еңбегі міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Десе де, тиынның екі жағы болатынын ұмытпау керек. Атақ-марапат алғаннан кейін тоқмейілсіп кететіндер де бар. Болдым, толдым деу – нағыз трагедия. Өзіңе көңілің толған күні өнерің тоқырауға ұшырайды. Сондықтан, тізгінді босатпай, өзіңді-өзің үнемі қамшылап отыруың керек.
– «Өнеріме темірқазық болған, ұлттық негіз боп қаланған – менің ауылдан шыққандығым», – депсіз бір сөзіңізде. Қазір қаланың бәсі басым сияқты. «Таланттар фабрикасы» деген бейресми атау да ауылдан қалаға көшкендей. Келісесіз бе?
– Бұл ойыңызды құптаймын. Неге десеңіз, қазір ауылдың әлеуеті төмен. Музыкалық мектептер санаулы ауылда ғана бар. Мәдениет үйлерінің күйі де келісіп тұрған жоқ. Ақпараттық технологиялар шалғай ауылдарға әлі жетпеген сияқты. Интернеттің игілігін көрмеген елді мекендер де бар екен. Өркениеттен алыс жатқан соң, өнердің жаңалықтарын қайдан білсін? Ал қала – қайнаған тіршіліктің ғана емес, дамыған ғылым мен технологияның, мәдениеттің ордасы. Ән жаздыратын студияңыз да, телеарна мен радио да қалада. Әншіні халыққа танытатын үлкен сахналар да қала төрінде орналасқан. Сондықтан өнерім өрге бассын дейтін жастардың қалаға үдере көшуі – заңдылық. Дарын дала табиғатынан дариды, бірақ қалада ғана құлашын кеңге жая алады. Өзіміз де кең тынысты қаладан таптық. Бірақ өріс іздеп қалаға келген жастар жүрек төрінде далаға тән дарқандықты сақтаса екен деймін.
– Өнер жолындағы 55 жылда халқыңызға 200-ге тарта ән сыйладыңыз. Мерейтойыңызға халықтан қандай сый күтесіз?
– Еліме алғысым шексіз. Халық тыңдайды, бағалайды, әлі күнге дейін төбесіне көтеріп келеді. Сол махаббатынан айырмаса екен деймін. Елімнен одан басқа сый дәметпеймін. Алла Тағала күш-қуат берсе, мен де күйсандықтан қол үзбеймін. Шама-шарқым келгенше еңбектене бермекпін. Аға буынның бағалауы бір бөлек, мені әсіресе кішкентай бүлдіршіндердің ықыласы сүйсінтеді. Балалардың менің әндерімді былдырлап айтып, тілі келмеген жеріне ыңылдап қосылып жүргенін естігенде төбем көкке жеткендей болады. Өзімнің 2 жасқа толмаған немерем де қолым қалт етсе, «Ата, Аматекенді(Атамекенді – ред.) айтып берші» деп күйсандықтың қасына ертіп апарады. Бұл балапандар әндерімді ержеткенше жадынан өшірмей, келесі буынға жеткізсе, артымызда қалған мұра ұрпақтан-ұрпаққа тарай берсе, бұдан артық қандай сый керек? Шүкір деймін. Халқым аман болсын! Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың бірлігі ажырамасын. Биылғы жылдың Ассамблея жылы деп жарияланғаны да еліміздегі ынтымақ пен бейбітшілікті тереңдете түсуге оң ықпал етеді деп ойлаймын. Шаңырағымыз биік, керегеміз кең болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА