Еске алу кештері Табылды Досымов атындағы бард-ақындар фестиваліне ұласса деймін...
Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ, «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы:
25 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ғимаратында қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовты еске түсіруге арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтпек. Біз осы кешті ұйымдастырушылардың бірі, Табылдының көзі тірісінде ерекше сыйласқан ағасы, Бижан Қалмағанбетовпен әңгімелескен едік.
– Би аға, талап оң болсын!
– Әумин. Біз, бірнеше жігіт Табылдының көзі тірісінде оның Ақтөбеде шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап едік. Тағдырдың жазуы шығар, енді, міне, еске алу кешін ұйымдастырғалы жатырмыз...
– Иә, Табылдыдай дара талантқа көзі тірісінде қандай құрмет көрсетсе де жарасар еді ғой...
– Әрине. Бірақ адамның дегені болмайды екен... Бірақ «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», енді оның артында қалған әндерін халыққа жеткізу керек. Сол тарапта жасалып жатқан жұмыстардың бір тіні – осы кеш.
– Бәрекелді! Енді кеш жоспарын айта отырсаңыз...
– Табылды аяқ астынан кетіп қалды ғой. «Сендер — ғапылсыңдар» деп Құранда айтылғандай, ажалдың айтып келмейтінін білсек те, ақын бауырымыздың ғұмыры дәл осылай шорт үзіледі деген ой ешкімнің де басына келмеген шығар. Алдымен ақтаулықтар ес жиды. Былтыр сол жақтағы азаматтар бас қосып, Табылдыны еске алу кешін өткізді.
Сол кештен соң мен де Ақтөбеде еске алу кешін өткізу туралы ойластыра бастадым. Міне, сол кезде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясына белгілі композитор, әнші Қанат Айтбаев директор болып келді де, ойымды соған жеткіздім. Қанат дереу қолдап, филармонияның жоспарына енгізіп жіберді. Сонымен сәуірдің 25-інде, бұйыртса, Ақтөбе жұртшылығы Табылды әндерімен қауышады.
– Осы кешке Астана мен Алматыдан біраз кісілер келеді деп естіп жатырмыз.
– Иә, олардың ішінде Қорабай Есеновті ерекше бөліп айтқым келеді. Қазақта алғаш қолына гитара ұстап, ән айтқан осы кісі ғой. Ол шырқайтын «Жас қалам» әнін аға буын әлі ұмытқан жоқ. Табылды да бала кезінде осы кісіге еліктеген екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағандыға арнайы іздеп барып та қайтты. Табылды дүниеден өткенде Қорекең қатты қайғырды. «Табылды мен Ержан (Белғозиев – ред.) қос қанатым еді, бір қанатымнан айырылдым», – деп егілген ағаның Ақтөбе жұртшылығына айтары көп.
Қорабай ағамыздан басқа Табылдының кезінде Алматыны дүрілдеткен әндерінің қалай туғанына куә болған курстастары, бірге жүрген достары келе жатыр. Бүгінде мүйізі қарағайдай журналистерге айналған Арман Сқабылұлы, Серік Абас-Шах, Серік Жанболаттар жиналған жұртшылықты әдемі естеліктерімен сусындатары хақ. Табылдымен КазГУ-дің жатақханасында бір бөлмеде тұрған белгілі ақындар Жұмабай Құлиев пен Әбубәкір Смайылдың да айтары аз болмаса керек. Досымовпен жақсы араласқан, ол дүниеден өткенде азалы ән жазып, жұртты жылатқан белгілі әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың да сол әнін тыңдайды жұртшылық. Қазақтың тағы бір ерке қызы Роза Әлқожа да осы кеште Табылдыға арналған жаңа ән орындамақ.
Маңғыстау жұртшылығының сәлемін арқалап, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарова бастаған бір топ адам келе жатыр. Сонымен бірге Атырау мен Оралдан кезінде Табылдыға қол ұшын беріп, қолтығынан демеген бір топ азамат Ақтөбеге қарай ат басын бұрып отыр. Демек, бұл бір мазмұнды кеш болмақ.
– Табылдының отбасы да келетін шығар?
– Иә, келіншегі Қарлығаш, балалары келеді.
– Кеште Табылдының әндерін кімдер орындайды?
– Ақтөбенің белгілі өнер жұлдыздары қазір ағаларының әндеріне өңдеу жасатып, әзірленіп жатыр. Әр әншінің әнді түсініп қабылдауы бөлек қой. Мүмкін, кейбір ән сәл басқаша сипат алатын шығар, бірақ бәрібір Табылдының болмысы сезіліп тұрары хақ.
– Табылдымен жақсы араласқаныңызды білеміз. Онымен қалай танысып едіңіз?
– Мені онымен 2007 жылы сол кездегі Ақтөбе қалалық сәулет бөлімінің бастығы Шымыр Қарманов таныстырды. Оған дейін әндерін тыңдап жүретінмін. Бірден ағалы-інілі болып араласып кеттік. Мені «Биаға» дейтін. Бір күні әндерін таспаға жаздырғысы келетінін айтты. Мен Ақтөбедегі «Димаш-Али» студиясына жаздыруды ұсындым, қаржысын өзім көтеретінімді айттым. Сонымен 2009 жылы «Табылдың әні» атты ән жинағы шықты. Сонда баладай қуанғанын көрсең ғой. «Биаға, саған үлкен рақмет! 2000 дана дискіні жұрт пышақ үсті үлестіріп алып кетті», – деп звондады бірде. Сосын тағы да 1000 дана шығартып, жеткізіп бердім.
Диск демекші, Табылды дүниеден өткенде де жұртшылық бірден әндерін іздеді. Ақтауда өткен кеште де жиналғандар жапа-тармағай ән-жинақты алып жатты. Тағы 2000 данасын шығардық.
– Табылды дүниеден өтті деген хабарды кімнен естідіңіз?
– Атырауда тойда отыр едім, келіншегі звондап айтты. Дереу жолға шықтым. Мен барғанда ағайын-туысы ғана бар екен...
Жерлеуге қарақұрым халық жиналды. Астанадан – Фариза апай, Маңғыстаудан Светқали Нұржандар келді. Солай қалың ел болып, ақырғы сапарға аттандырып салдық.
– Басын қарайтуға да көп жүгіріпсіз...
– Тек ғана мен жүгірдім дегенім артық болар. Қаза үстінде осы мәселеге қатысты әңгіме болғанда уәде берген көп жігіттің кейін сырғып кеткені рас. Ал Табылдыға қойылған күмбездің макетін жасап, істі аяғына дейін жеткізген азамат – Шымыр Қарманов. Индердің бұрынғы әкімі Талғат Досанов та көп еңбек етті. Мен өзім де осы шаруа біткенше Ақтөбе мен Индердің арасын жол қылдым.
Осы арада Ақтаудағы «Каспийстроймонтажпроект» ЖШС-ның басшысы Ықылас Байжігітовтің еңбегін ерекше айтқым келеді. Ықылас Табылдының көзі тірісінде көрмеген екен. Индерге бір сапармен келген ол қаралы хабарды естіп, өзі әндерін сүйіп тыңдайтын ағасының үйіне құран оқытуға кіріп-шығады. Сол кезде біздің басын қарайтқалы жатқан ниетімізден хабардар болып, маған хабарласты. Дереу Маңғыстаудың ақ тасын жеткізіп берді. Міне, осындай жігіттердің арқасында бауырымыздың мәңгілік қонысын да салып бітірдік.
– Алла сауапқа жазсын! Табылдымен бірге көп жүрдіңіз ғой. Ол не айтатын еді? Мүмкін, ішкі сырын, армандарын да айтқан шығар...
– Жалпы, Табылды жылтыраққа аса құмар емес жігіт еді ғой. Тіпті суретке түсіріп жатсақ та қабағын шытатын. Үйге келгенде естелік боп қалсын деп бейнетаспаға түсіріп алайық десек: «Ой, Биаға, алып тасташы, емін-еркін отырайықшы...», – деп шыр-пыр болатын.
Оның арманы үлкен сахнаға оралу еді. «Бекер істедім, Алматыда қалуым керек еді. Анда-санда бір соғып кеткесін кімнің есінде қалып жарытасың? Жігіттер де уәде беріп қалғанымен, көз алдында жүрмегесін ұмытып кетеді...» – деп қынжылатын. Кейін тағы: «Ай, сол адамдары құжынаған Алматыда не бар дейсің. Өз атакүлдігіңде тыныстап жүргенге не жетсін...» – деп өз-өзін жұбататын. Сосын Иманғали Тасмағамбетов алып берген, өзі «Сүлік қара» деп «еркелететін» гитарасына қол созатын. Оның орны үлкен сахна еді ғой...
– Ендеше, сол арманның орындалуына неге қол ұшын бермедіңіздер? Концерттерін ұйымдастыруға болушы еді ғой...
– Ақтөбеде концерт ұйымдастырғымыз келгенін жоғарыда айттым. Бірақ ол кейінгі кезде ауырып жүрді де, Жамбылға санаторийге жібердік. Бауыры ауыратын. Қытайға апарып емдеткіміз келді. Сол жаққа барған бір сапарымда ондағы бауырларымыздың Табылдыны қатты қадірлейтінін аңғардым. «Алып келіңіз, осында концертін өткізейік. Емдетейік», – десті олар. Табылдыға осыны айтқанымда әжептәуір қанаттанып қалды. Сонымен жолға жиналайық десек... оның төлқұжаты жоқ екен. Төлқұжат әзірлеу ісін де біраз созып жүріп алды. Қайтыс боларының сәл алдында ғана тиді қолына...
– Қазір еске алу кештері өткізіліп жатыр. Сосын...
– Ұмытылып қалмай ма дейсіз ғой? Жоқ, біріншіден, бұл концерттерді Астана мен Алматы да жалғастырып әкетеді деген сенімім бар. Туған жері – Атырау да қарап қалмас. Екіншіден, бұл науқандық шара болып қана қалмауға тиіс. Негізі, осы концерттер жыл сайын өтетін Табылды Досымов атындағы бардтар фестиваліне ұласса деген ойым бар. Әрине, бізде қазір бард-ақындар жоқ. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыра беруге болмайды ғой. Бір кезде Қорабай ағамызды көріп, Табылды, Ержандар гитараға қол созды. Енді болашақ Табылдылар шықпасына кім кепіл. Досымовтың өзі өмірден өтсе де, оның атындағы фестиваль жас таланттардың қолтығынан демеп жатса, үлкен бақыт емес пе?