Осы бір оқиғаны жазуға оқталғалы ұзақ уақыт болды. Бірақ сәті түспей-ақ қойып еді... Енді, міне, арада 40 жыл өткен соң барып қолыма қалам алдым. Бұл шағын естеліктің басты кейіпкері – ақын аға. Ақын болғанда аты аңызға айналған, қазақ поэзиясының қақ төрінен ойып тұрып орын алған, жыр жолдары сан мыңдаған жүректерде жатталған Мұқағали Мақатаевтың Солтүстік Қазақстан облысына келген сапарынан бір сәт қана...
1973 жылдың тамыз айы. Бұл облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясында болған жағдай еді. Бірде газет редакторы Уәп Рақымжанов мырза жорналшы жігіттерді жедел бөлмесіне жинады. Кіріп келсек, төрде кесек денелі, шашын шалқасынан қайырған, кең маңдайы жарқырап, жауырыны қақпақтай жігіт ағасы отыр. Мен бірден тани кеттім. Өйткені КазГУ-дің филология факультетін бітіріп келгеніме бірер ғана жыл болған. Алматының барша студенттері қуалап жүріп қызықтайтын – өзіміз білетін ақын Мұқаң. Танымаған әріптес ағаларым «бұл кім?» десіп, бір-біріне қарасты. Сол сәтті пайдаланған ұжым басшысы:
– Жігіттер, таныс болыңдар, Жазушылар одағының тапсырмасымен алматылық ақын бауырымыз Мұқағали Мақатаев біздің елге іссапармен келіп қалыпты, – деп Уәп Әшімұлы сөз бастады.
– Қош келдің, – десті қарт қаламгерлер Абай Қазиев пен Мұқаметқали Нұрғожин есімді ескінің көздері. Жас жазушы Бақыт Мұстафин мен ақын жігіт Болат Қожахметов, ақкөңіл Амандық Әбжанов ұшып тұрып, қол берісті.
Көпшілікке ілтипат білдіріп, сәлем берген Мұқағали өзінің келген іссапар жоспарын қысқа ғана қайырып айтты. Содан соң редактор орынбасары Сұлтан Темірхановқа бұрылып:
– Сұлтан, сен Мұқағалидың жүріп-тұруын ұйымдастырып, мәселесі болса шешерсің... Иә, айтқандай-ақ, Мұқа, сиясы кеппеген шығармаңыз болса, біз бірінші болып тұсауын кеселік, –деп ақынға назар аударды. Қонаққа Уәкеңнің бұл сөзі ұнап кетті білем, салған жерден «бар, бар»деген үні естілді. Сол-ақ екен, орнынан ұшып тұрған Мұқағали көзіне түскен қара шашын кейін сілкіп тастады да:
– Міне, «Аққулар ұйқтағанда». Поэма,–деді.
– Бақыт, сен алып, нөмірге жіберерсің, – деп бастық әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұстафинге тапсырма берді. Жаңылмасам, ақынның осы тамаша шығармасы ең бірінші болып біздің газет бетінен жарық көрді.
Жігіттер редактордың бөлмесінен қауқылдасып, көңілді тарқасты.
Сәлден соң мені Сұлтан аға шақырды.
– Мұқа, мына жігіт сізге серік болады. Бұйымтайыңыз болса, айтарсыз... бүгінше қарт Қызылжарды қызықтап, ертеңгісін ауданға бет бұрарсыз, – деп алдағы күннің жоспарын ноубайлады.
Мұқаң мен жаққа көзінің қиығын ғана тастап, сәл қобалжып қалды. Жүзінде бір абыржу бар сияқты. Тегі мені баласынып, көңілі толмай тұр-ау, сірә... Шындығы керек, тым жаспын, әлі еш нәрсеге төселе қоймаған кезім... Мұқаңдай жігіт төресіне серік болу қайда?!
Үн-түнсіз екінші қабаттан төмен түсіп, есік алдына шықтық. Мұқаң сол қолымен білегімнен қатты қысып ұстап алған. Қолы өте қарулы екен, жаныма батып барады. Айтуға дәрмен жоқ.
– Бала, атың кім? Ақынның бірінші сөзі осы болды.
– Шашубай.
Ол жалт бұрылып, маған қарады. Жанары жарқ етті. Мен сәл тіксініп қалдым.
– Бұл жақта қайдан жүрген Шашубайсың? Фамилияң?
– Малдыбаев.
– Ох, сен не, ақын Ғалекеңнің баласы емессің бе?
– Иә, – деп, мен басымды изедім. Сәл кідіріп қалған Мұқаң мені өзіне тартып, ағалық ақ жүрекпен бауырына басты.
– Ә, қызталақ Сұлтан! Маған бір шбиді серік қылдың деп жаңа ғана біраз жерге апарып тастап едім, кімді қосшы етеріңді білген екенсің ғой... Әй, Сұлтан, Сұлтан! Саған мың да бір рақмет... Ақсақал ақын, әйгілі «Қырым қызы» поэмасының авторы Ғалым Малдыбаевтың баласын қосып бергеніңе... сен неткен гений едің... әй, бәрекелді, бауырым. Жүр кеттік, түс алдыма, – деп Мұқаң мені көшеге қарай жетектей жөнелді.
– Ал,бала, мені Есілге апар. Осы жасқа келгенше Есілдің суына бетімді бір жуып көрмеппін... Сол бір кемшіліктің орнын толтырайын, бәлем... баста Есілге...
Мұқаң осы бір сөздерді ерекше тебіреніспен айтты. Ақынның қоңырқай жүзінде іңкәрлік сезімнің сәулесі ойнағандай болды.
Қарт Қызылжардың қақ ортасын жарып өтетін бас көшелердің біріне түсіп алып, ақын аға екеуміз Арқаның ерке өзені Есілге қарай бет түзедік.
Жағалауға жақындаған кезде Мұқаң жүрісін жылдамдатып, менен оқ бойы озып кетті. Сол екпінімен Есілдің құм қайрақ жағалауына жетті-дағы, жалма-жан аяқкиімін шешіп, суға түсті. Есілдің мөлдір суы ақынның аяғын шылап, сылқ-сылқ күліп ағып жатқандай көрінді.
Жағалауға жайғастық. Шағындап дастарқан жайдым. Бірақ сусын ішетін ыдысты ұмытып кетіппін. Сосын жағада шашылып жатқан темір қалбырлардың бірін алып, құммен ысқылап тазартып әкелдім. Тамыздың күні тас төбеде тұр. Шуағы тәп-тәуір, майда құм ысып қалыпты. Мұқаң көңілді. Жаны жай тауып, ың-шыңсыз табиғат аясында жайбарақат отыр.
Аз-кем сырласқан соң, бір сәтке ақын үнсіз қалды. Менің құлағым – Мұқаңда, көзім – аузында. Байқағаным, ақын толқып отыр. Таяқ тастам жерде сыңғырлап өзен ағып жатыр. Кенет ол бетін су жаққа бұрды да, даурығып сөйлей жөнелді.
– О, тоба! Арқаның асылы, еркесі Есіл, сен мені кешір! Пақырыңнан бір білместік кетті! Сенің мөлдір суыңа жүзімді жуып, қолымды шаюдың орнына, қара басқанда, аяғымды жуғаным не қылғаным! Бұл барып тұрған көргенсіздік! Бейбастақ басым! Кешір мені, киелім, кешір!
Мен ақынның жай-күйін енді ғана түсінгендей болдым. Неткен нәзіктік, неткен сезімталдық! Ақын жанының айрықшылығы да осындай қасиеттерімен ерекше болады екен ғой... оны кім білген? Мұқаң орнынан тұрып, өзенге барды. Салалы саусақтарымен Есілдің мөлдір суын көсіп-көсіп жіберді де, қос алақанына су толтырды. Сосын бетін жуып, шашын салалады. Ақ жейденің омырауын ағытып тастап, салқын суды кеудесіне шашты. Аузын шайды. Сосын жағалауда жайылған шағын дастарқанда тұрған, әлгінде ғана шарап ішіп отырған қалбырға су толтырып алып, мейірлене сімірді.
– Айызым енді ғана қанды ғой... Жарықтық Есілім-ай, суың балдай екен, шіркін! Сені ақын біткен бекер жырламапты! Қасиетіңнен айналдым, ару өзен!
Мұқағали бетін қайта-қайта жуып, Есілге еркелеп ұзақ тұрды. Мен сол бір сәтте алпамсадай ақынның кішкентай бала сияқты қуанып, қасиетті қазақ жерінің тамыры іспеттес Есілге еркелегеніне таңғалып, қарап отырдым. Ғажап көрініс, қайталанбас құбылыс! Адам баласы мен табиғаттың арасындағы шын махаббат жарастығын енді ғана сезінгендей болдым. Жүрегім толқып, аз уақыт қобалжып қалдым... Ақын аға ерекше тебіреніп, шаттанып тұрды. Мүмкін, көкірегіне жыр жолдары құйылып, тың шумақтар тізілді ме екен, кім білсін... Әйтеуір, мен үшін осы бір көрініс естен кетпес оқиға болғаны рас, күні бүгінгідей көз алдымда. Сондықтан да шығар, тап сол сәттегі тау тұлғалы Мұқаңның қайсар келбеті тайға таңба басқандай жадымда сақталып қалыпты...
Ерке Есіл бәз баяғы қалпында бүгін де ағып жатыр... Тек, әттең, оған еркелейтін дәл сол ақын жоқ. Өкінішті-ақ...
Есілге еркелеген ақын
Последние статьи автора