Павлодар облысына ұлтжанды ғалым, экономика ғылымының докторы Ерлан Мұхтарұлы Арын әкім болып тағайындалғаннан бері аймақтың экономикасымен қатар, әлеуметтік-мәдени өмірінде оң өзгерістер байқалуда.
Облыс орталығында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш кешені салынды, сондай-ақ ұлттық өнерді әспеттеп айшықтайтын қобыз, домбыра, тайқазан, дастарқан, торсық, төсек-орын, жүзік, асық, құлынды бие, тазы ит, бекіре балық, т.б. композициялық мүсіндер орнатылды. Алдағы 31 мамырда жаппай жазалау құрбандарын еске түсіруге арналған ескерткіш кешені ашылмақшы. Астанадағы «Фолиант» баспасынан жергілікті ақын-жазушылардың әрқайсының туындылары таралымы 1000 дана кітап болып жарық көрді, тұсаукесер рәсімі Елордадағы Ұлттық кітапханада өткізіліп, шараға Мырзатай Жолдасбеков, Кәкімбек Салықов тәрізді көрнекті тұлғалармен қатар, жас қаламгерлер де қатысты.
Облыс әкімінің тапсырмасы мен тапсырысына орай, жуырда өңір туралы қазақ тіліндегі тұңғыш энциклопедиялық басылым Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрді. «Ертістің Павлодар өңірі» атты 770 беттен тұратын энциклопедия материалдарын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ энциклопедиясы» редакциясымен бірлесіп дайындаған. Айта кететін жайт, аталған ғылыми-практикалық орталық бұған дейін ПМУ-дің ректоры болған Ерлан Арынның бастамасымен Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тұлғалық энциклопедияларын шығарып, тәжірибе жинақтағаны облыстан тысқары өңірлерге де белгілі. Орталық енді академик Әлкей Марғұланның 110 жылдық мерейтойына орай аса көрнекті ғалымның өмірі мен ғылыми шығармашылығына арналған энциклопедия дайындауда.
«Ертістің Павлодар өңірі» энциклопедиясының 2003 жылы жарық көрген орыс тіліндегі басылымнан елеулі айырмашылығы – біршама жаңа материалдармен байытылуы. Кітапта 4 мыңнан аса мақала қамтылған. Аймақ тарихы, экономикасының өсу, мәдениетінің даму кезеңдері жүйеленіп берілген. Ертістің Павлодар өңірі аумағындағы қола дәуіріндегі (б.з.б. 3-мыңжылдықтың аяғы мен 1-мыңжылдықтың басы) мәдени ескерткіштерден бастап Мәшһүр Жүсіп кесенесіне дейінгі сәулет өнері жөніндегі мәліметтер, қимақтардан қазақтарға дейінгі, бодандық дәуірінен егемендік кезеңіне дейінгі тарихи деректер мол орын алған.
Облыс орталығындағы «Достық үйінде» зиялы қауым өкілдері энциклопедияның тұсаукесер рәсімін өткізді. Мәдени шараны жүргізген аймақ басшысы басылымның танымдық қана емес, тәлім-тәрбиелік мән-маңызы ерекше екенін атап көрсетті:
Ерлан Арын, Павлодар облысының әкімі:
– Энциклопедияны оқыған адам оның мазмұнынан бұрынғы өткен ғасырларда өлкемізде өмір сүрген адамдардың жасаған еңбектері мен ашқан жаңалықтары ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқанын және оның келер ұрпақтың бай рухани қазынасына айналатынын сезеді. Осылайша, зерделеген адамдар болашақта бақытты да сәулетті өмірге құштарланады, бір-біріне қайырымдылық, өзара көмек жасап, жалпы, қазақстандық патриотизм рухында сыйласуға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл энциклопедия нағыз энциклопедиялық ұғымдағы мазмұнды басылым болып шыққан. Осы кітап бүгінгі біздің замандастарымыз үшін де, бізден кейінгі ұрпақтар үшін де аса қажетті де таптырмайтын құнды дүние деп санаймын. Бұл бағытта танымдық сипаты мол жобаларды іске асыруды әлі де жалғастыра бермекпіз. Алдағы уақытта ғалымдардың көмегімен өңірдің жекелеген аудандарының энциклопедияларын шығару жоспарда тұр.
«Ертістің Павлодар өңірі» энциклопедиясы жарық көрді
Последние статьи автора