Балалық шағымыз ойға оралады. Бал дәурен өміріміз осыдан 20-30 жыл бұрын болды. Шыбықты ат қып мінген кезіміз ғой. Кешқұрым үлкендерді мазалаймыз. «Ертегі айтып беріңізші!» дейміз. Қолқа салғанға олар бәлсінбейді. Ерте кезеңнен сыр шертеді. Көбінесе батырлар туралы естиміз. Жүйрік атқа мініп, жауға қарсы аттан салған баһадүр кейіпкерлер жайлы білеміз. Балалық қиялмен «Не деген күшті адам? Бір өзі қанша адамды қалай жайратып салады» деп қоямыз. Сол арқылы өзімізді тани алдық. Қазақтың батыр болғанын ұқтық. Жұдырықтай жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейтін. Оны сол кезеңде тәрбие алған барлық ұрпақ біледі. Қазір ше? Балалар ертегі дегенді білмейді. Оқулық бетіндегі бір-екілі шығарманы айтады да қояды. Оның өзінде оған зейін қойып жүргені шамалы секілді. Қызығатыны – басқа дүниелер. Компьютерді күнұзақ шұқыласа да жалыққан емес. Ұлттық мәселені қозғай бастасаң, онша қызықпаған сыңай танытады. Тіліңді еріксіз тістеуден өзге амалың жоқ.
Ашығын айтайық, бүгінгі күні ертегі айтатын адам қалмай барады. Өтірік демеңіз, орта буын өкілдерінің өзі оны жатқа соға алмайды. Білмейтінімізді жасырғымыз келеді. Жас өреннің қолына кітап ұстатудан әріге аса алмаймыз. Осылайша, кейінгі ұрпақ ертегі тыңдау сезімін сезінбей өсіп отыр. Оған кімді кінәлаймыз? Өзімізді ме, баламызды ма? Әрине, өзіміз кінәлі екеніміз айдан анық. Заман өзгерді дейміз. Кінәні соған арта салғымыз келеді. Шынында, солай ма? Өзіміз оған құлықты болсақ, замана заңына барлығын неге арта саламыз?
Мұрат НАСЫМОВ, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің оқытушысы:
– Жас баланың сана-сезімі естіген, көрген, білген дүниені тез қабылдайды. Бұл орайда ұлттық ұғымдар жайлы айта кеткеніміз абзал. Қазақ халқының өзіне тән дүниетанымы бар. Ежелден келе жатқан осындай ұғымдарды ұмытпауымыз қажет. Әрбір өңірдің өз батыры мен лайықты тұлғалары бар. Солар жайында өрендерге қызықты дүниелер шығара алсақ, жас балалар оны тез ұғына түседі. Болмысқа танымдық қатынасты ояту мен тәрбиелеудің бір жолы – өмірді тікелей бақылаудан басқа танымдық әдебиетте жатыр. Бүгінгі күні оқыту бағытында қойылып жүрген талаптың бірі өмір шындығын балаларға халықтың ауыз әдебиеті арқылы көрсету болып табылады. Осының нәтижесінде жас өскіннің ой-өрісін, қиялын, эстетикалық және адамгершілік сезімдері дами түседі.
Желкілдеп өскен жас буынды ұлттық ұғымға сай тәрбиелеуге немқұрайды қарауға болмайды. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалуға тырысқанымыз артықтық етпейді. Өйткені өзінің түп-тамырын тереңнен тарқата білмеген адам өзгенің ығында кетуі оңай. Ендеше, ертегі тыңдау ұлттық ұғымды санаға сіңіруде ерекше маңызға ие екенін түсіну қиын емес.
Өркениетке бет алған бүгінгі кезеңде барлық жағынан бәсекеге қабілетті болғанымыз жөн болар еді. Бұл жайында зиялы қауым өкілдері айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келеді. Өкініштісі, оған ешкім құлақ аса қойған жоқ. Өрімдей өрендер өзінің тарихы мен шежіресіне көз салып, назар аудармастан өсіп келеді. Егер тұла бойында өзінің өткеніне деген құрметі болмаған жаннан ертең ұлтты сүйетін азамат өсіп шығады дегенге ешкім де сене қоймас.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы:
– Бұл мәселе өте бір нәзік тақырып десек те болады. Қалай айтсақ та, заман басқа, заң басқа деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Себебі де белгілі. Күні ертең дүбәра ұрпақ өсіріп жатсақ, қолымызды мезгілінен кеш сермегеннен пайда бар ма? Шындығын айтайық, бұл мәселе бүгінгі күні мүлдем ескерілмей тұр. Осы мақсатта қандай әрекет жасауымыз тиіс? Оның жөн-жобасын жасап, арнайы бас қосып, түйінді тақырыпты тарқатып жатқан ешкім жоқ. Санаулы ғана адам көтеріп қойған болады. Қалғанымыз үнсіздік танытамыз. Әрине, мәселенің барлығы бесік жыры мен ертегі тыңдап өсуден басталады емес пе? Сол арқылы ұлттық дүниетаным қалыптасатыны жасырын емес. Тіпті ұлттық тәрбие беруден бойын аулақ ұстағысы келетін адамдар да бар. Түрі қазақ, тілі басқа ұрпақ өсті бір кездері. Олар қазір де кездеседі. Шындығын айтайық, қазір қазақтың қанша пайызы ана тілін біледі деген сауал төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл кезінде кеткен қателіктің салдары деп санайық. Ал бүгінгі күні ұлттық тәрбие береміз десек, қолымызды кім қағып отыр? Осылай кете берсе, ендігі бір уақытта бесік жыры мен ертегінің не екенін білмейтін буын өсіп шығады.
Анығын айтайық, қазіргі балалар өзімізден гөрі өзге жұрттың ертегі кейіпкерлері мен белгілі азаматтарын жақсы біледі. Оған не әсер етті? Көгілдір экраннан олар жайында түрлі фильмдер, танымдық хабарлар жиі көрсетіліп тұрады. Бізде осы жағы жоқтың қасы. Баланың қиялы мен дүниетанымына байланысты дүниелер мүлдем жоқ деуге болады. Еліміздің бетке ұстар телеарналары мұндай дүниелер дайындауға мүлдем құлықсыз.
Ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен ұрпақ бойында патриоттық, ұлтжандылық және отансүйгіштік сезімнің мол болатыны белгілі. Өкініштісі, біз үшін желкілдеп өскен жас өренді өз ұлтын сүюге қалай тәрбиелей аламыз деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Технология игіліктерін игере бастаған тұста қазақ ертегілерін де экран арқылы дәріптеп, жас өскіннің санасына сіңірмесек, қисса-дастан мен батырлар жырын тыңдай қояр құлақ табылмай барады. Ал бұл мәселеге қашан назар аударар екенбіз? Сауалдан сауал туындай береді осындайда...
Ертегіні экран арқылы көрсетпесек, балалар тыңдаудан қалды
Последние статьи автора