Қазақстанда 1958 жылы орталық теледидар пайда болса, бұдан екі жылдан кейін аймақтар арасынан алғаш болып Ақтөбеде облыстық телестудия құрылды. Мұрағат деректеріне қарағанда, бұл іс 1960 жылдың мамыр айынан бастап қолға алынған. Осы жылдың 28 қазанында Ақтөбе арнасы хабар тарата бастады. Телестудияның алғашқы директоры болып Владимир Иванович Бабак тағайындалған.
Аймақтық телеарна жарыққа шықпастан бұрын оның штаттық кестесі, әкімшілік құрамы, көркемдік кеңесі алдын ала қатаң коммунистік тәртіппен бекітілді. 50-ден астам адамның арасында кейінірек көрермендердің көзайымына айналған тұңғыш екі диктор да болды. Олардың бірі – Мәриям Айымбетова. Ал студияның алғашқы өндірісіне белсене араласқан жазушы Тобық Жармағамбетов пен журналист Жандай Тәукебаевтар облыстық телевизияның негізін қалаушылар атанды. 1970 жылдан бастап телевизия жаңа жабдықтармен, қажетті құрылғылармен толықты. Телеарнаның шығармашылық ұжымына да тәжірибелі мамандар келе бастады. Күрделі телехабарлар, деректі фильмдер түсіріп көрерменге ұсыну мүмкіндігі туды. 70-жылдардың соңында жергілікті арнаның жаңалықтар қызметі бейнекамера емес, фотопленкаларды пайдаланып отырғанына қарамастан, 2000-ға жуық ақпараттық материалды эфирге шығарған. Ә.Мұхамеджанов, Н. Телеуов, Қ.Хайруллин, З. Құлжанов, Т.Меңдіғалиев, К.Ишмухамбетов, Ш.Мәмбетов, Б.Теміров, Б.Көздібаева, А.Смағұлов, Ұ.Төлебаев, О.Бекбағанбетов секілді редакторлар, Р.Гиреев, Н.Жиенғалиев, Қ.Айтқұлов, Ә.Әуесов сияқты режиссерлер мен М.Айымбетова, Р.Әбдірахманова, И.Ушанов, А.Немкова, В.Незванкина, Б.Ізбасқанов, И.Қазиева, А.Құралова сынды дикторлар, Ф.Тарасенко, А.Бикешев, В.Амуленко, А.Толочков. Ю.Зубков, С.Терещенко сияқты кинооператорлар бар саналы ғұмырын осы телеарнаның өркендеуіне арнады. Ақтөбе телеарнасы Мәскеудегі орталық теледидар үшін де хабарлар түсірді. 1985 жылы Ақтөбе арнасында ақындар айтысы ұйымдастырылып, халықтың есінде мәңгі қалды. Дәл осы жылы теледидар түрлі-түсті картинамен жұмыс істеуге көшті. Арнаның тарихын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені ол күнделікті тірлікпен, заман ағымымен, тарихпен, телевизияның даму дәстүрлерімен бірге жетіліп отырды. Ал әр кезеңде мұнда талай шығармашылық иесі еңбек етті. Көрерменге адал қызмет істеді. 90-жылдары ескі бейнекамералар жаңа формаға ауысты, арнаның өзі метрлік диапазонға көшті. 2000 жылдары компьютер мен цифрлы жүйе келді. Ғарыштық стансының көмегімен аймақтық телеарнаның хабарларын облыстың түкпір-түкпіріне тарату мүмкіндігі ұлғайды. Ал осы жарты ғасырлық тарихи кезеңде аймақтық телеарна еліміздің батысындағы маман даярлайтын ірі орталыққа айнала білді. Бұл жерден кезінде Мәриям Айымбетова, Қажы Қорған, Бақыт Жанғалиева сынды ел мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлер түлеп шықса, бүгінде сол үрдіс үзілмей, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Дмитрий Двойнев, Арайлым Рашитова, Мирбек Тұрмағанбетов, Гүлбарам Меңдеева, Талғат Құспаев, Жайнагүл Төлемісова сияқты ақтөбелік жас журналистер қызмет етіп жүр.
Елу жылдың телешежіресі шексіз
Последние статьи автора