Тегінде, жазушыға халықтың жасар жалғыз жақсылығы сол – оның мұрасын сақтап, уақыт талабына сай толық шығару болса, М.Әуезовті бағы жанған автор деп айтуға болады. Әрқашан жаңа қырымен қабылданып отыратын жазушының ұлан-ғайыр шығармашылығы кезіндегі өкімет пен партияның сүзгісінде сүзіліп, күзеліп болса да жарық көріп жатты. Ал міне, ел Тәуелсіздік алған тұста тіпті шырқау биікке құлаш ұрып, тұңғыш рет жазушының 50 томдық толық жинағы жарияланды.
Әуезов қалдырған тегеурінді үштік
Уақытқа аз ғана шегініс жасасақ, әуелі Әуезовтің кемеңгерлігі – артына адуынды, жанашыр жас шәкірттер қалдыра алды. Талантын сөзсіз мойындатып, үзеңгілес алыптар тобын қалдырды, сосын әке рухын терең түсінген ұрпақ қалдырды – ол Әуезова Ләйла Мұхтарқызы еді. Міне, бұл тегеурінді үштік оны халқының есінен ешқашан шықпауына өлшеусіз ықпал етті. Жазушының шығармалары осылардың басшылығымен 1967-1969 жылдары 12 том, 1973-1975 жылдары орысша бес том, үшінші мәрте 1979-1985 жылдары 20 том болып баспадан шықты. Бұдан өзге әңгіме, роман, мақалалары жекелеген кітап түрінде де көптеп жарық көріп жатты. Кезінде жүйелі жұмыс істеген ғылыми ұжымның арқасында жүзеге асқан осынау үлкен еңбектер – халықтың рухани игілігіне, сондай-ақ кейінгі жазушы шығармаларының елу томдық толық жинағын әзірлеуге мол қор болып қосылды. Әйтсе де, ел егемендігін алған тұста әрі жазушының 100 жылдығы қарсаңында қолға алынған, негізгі жобасын Ләйла Мұхтарқызы жасаған жазушы шығармаларының 50 томдық толық жинағы 2011 жылы табысты аяқталып, мүлде тың, жаңа деректермен қалың көпшілікке ұсынылғанын тағы да айтсақ артық емес. Бұл жерде ұлт Тәуелсіздігінің үлкен мүмкіншілігі – ұлттық үрдістегі ойлардың жүзеге асуына ғажап жағдай жасағандығын атап өту керек. Осы орайда «мүлде тың, жаңа деректермен» деп екі-үш сөзбен айта салғанымызбен, нақты атап жазсақ, әлденеше беттерге кететін тізімге куә болып, бұрын еш жерде жарияланбаған және бір шығармаларының бірнеше нұсқаларының тұңғыш рет ғылыми түсініктемелермен 50 томдыққа енгенін көрер едік. Және әртүрлі жанрдағы материалдардың (қарасөздері, мақалалары, аудармалары, пьесалары, баяндамалары, сөздері, хаттары т.т.) Санкт-Петербургтен, Мәскеуден, Ұлттық мұрағаттан, жазушының жеке мұрағат қорынан алынып, алғаш рет ешбір өзгертулерсіз, жөндеулерсіз ғылыми көпшілікке ұсынылғаны жазушы шығармаларының 50 томдық толық жинағының шын мәнінде академиялық дәрежеде шыққандығын айғақтайды.
Ғалымдар жұмыла кіріскен жинақ
Бір адамның шығармашылығын арқау еткен 50 томдық үлкен жинақ дайындау – отандық ғылыми-зерттеу жұмысындағы, кітап басу ісіндегі өте ірі және алғашқы қадам болғандықтан, біз мұны оңайшылықпен әзірленді дей алмаймыз. Бұл ұзақ та, жауапты жұмыстардың әңгімесін айтып жатпай-ақ, біткен істі баршаға ұсынған – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, әсіресе «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өткен ләзім. Әрбір кітапты құрастырып, ғылыми кеңеске ұсынып, баспаға жіберуге дейінгі барлық жұмыстарды ыждағатпен атқару – мұражай қызметкерлерінің бәрінің дерлік кәсіби де, адами да аса жауапты борышы болғанын жасыра алмаймыз. Бұл жауапты жұмысқа еліміздің беделді ғалымдары мен жазушылары, мемлекет қайраткерлері назар салып отырғанын әр томның алғы бетіндегі редакциялық алқадан мол байқауға болады. Ал томдардың ғылыми түсініктемелерін жазып, жауапты шығарушылары болған: ғылыми жетекші, марқұм Б.Қ.Майтанов, Т.Жұртбай, Д.А.Қонаев, Т.Әкім (жауапты хатшы), А.Қуанышбаев, Р.Қайшыбаева, Р.Әбдіғұлов, С.Майлыбай, К.Рахымжанов, М.Ахетов сынды білікті ғалымдар осы жұмысты басынан бастап, мүмкіндігінше аяғына жеткізген адамдар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Осы жинақ бізге әрбір қазақтың ақын-жазушысы ел жадынан ешқашан өшпейтіндігін, оның жақсы дүниелеріне жұрт қашан да оралып отыратынын, ұлт барда ұлттық мұраға сұраныс арта беретінін және қазақтың негізгі рухани азығы мен ұрпағын тәрбиелейтін ұлы құралдар екенін ұқтыруға тиіс.
Баспа редакторларының еңбегі зор
Айдың арғы беті сияқты, кітаптың да соңғы парағы болады. Міне, осынау ақырғы беттегі ардақты да жауапты адамдар туралы айтпай кетуге әсте болмайды. Атап айтсақ, «Жібек жолы» баспасынан шыққан елу томдықтың (13-50 томдары) бас редакторы, байырғы маман, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, әсіресе Әуезов томдарына үлкен жүрекпен қол ұшын созып, бір сөзбен айтқанда, барлық ыстығы мен суығына төзген Балжан Хабдина – біз үшін сыйлы жан. Оның ұзақ жылғы баспа редакторы болған қызметінде талай-талай кітаптардың қолынан өтіп, жарыққа шыққанын тізбелемей-ақ қойғанда, ұлы жазушының үлкен басылымдарына қатысқан уақытын өз басы тағдыр сыйы ретінде қабылдап, шын қуанғанын көрдік. Әрбір томның әрбір сөзіне құныға шұқшиып, елеусіз (қатенің бәрі де солай ғой) кетіп бара жатқан әріптерді, сөздерді, сөйлемдерді, үтірлерді, нүктелерді немесе керісінше, қаламының ұшына іліп ап, өз орындарына қойғанда, ол кісінің өз ісіне аса жауапты екенін көрдік. Біз, жалпы, осындай баспа редакторлары жөнінде көп нәрсе айтқымыз-ақ келеді, бірақ солардың бәріне жұрт кітаптың ақырғы беті сияқты көп назар аудара бермейтініне налимыз...
Түйіндеп келгенде, ел үшін жасалған үлкен жұмыстың барысында қолғабысы тиген, қамқоршы болған, басшылық еткен, тағы басқа адамдар жөнінде көп нәрсе жазуға болатынын ғана айта кеп, бәріміз де 50 томдық ел игілігіне жараса дейміз. Бізде одан басқа тілек жоқ!
Қаперге
М.О. Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының 1997-2003 жылдар аралығында «Ғылым» баспасынан 1-11 томы (редакторы – Ж.Нұрғожина), ал 2004-2011 жылдары «Жібек жолы» баспа үйінен 12-50 томы жарық көрді. Әрбір том орта есеппен 360 бетті құрайды. 22 шартты баспа табақтан тұрады, таралымы – 2000 данадан.
А.Болсынбаева, Е.Қаныкейұлы филология ғылымының кандидаттары, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкерлері