Бүгін – Тәуелсіз Қазақ елінің сәулеті асып, дәулеті тасқан жаңа да жас елордасы Астана қаласының туған күні. Күллі Алаш жұртының ғана емес, әлемдік деңгейдегі еуразиялық мәдениеттің ошағына айналған бағаналы ордамыздың еңсе көтеруі, ең әуелі, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. «Ел – ерімен, ер елімен мақтанады» дейді қазақ. Осы бір мерейлі де мерекелі күннің сәтінде біз Елбасымыздың туған өлкесіндегі Өлкетану мұражайына арнайы бас сұққан едік. Ондағы мақсат – мұражай басшылығының сұрауымен бұған дейін Елбасы және елорда тақырыбында жазылған материалдар басылған «Алаш айнасы» газетінің арнайы сандарын мұражай қорына табыс ету болатын. Сәрсенбінің сәтінде жолымыз болып біз барған кезде мұражайда Елбасының бірқатар сыныптасы бас қосып отыр екен. Олар жаңа ғана баспа бетін көріп, әлі сиясы мен бояуы кеппеген «Елбасының сыныптастары» атты үлкен кітаптың бір данасын мұражайға ала келген екен. Осы орайда Елбасының сыныптастары мен мұражай басшысымен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
Күләш ӘМІРОВА, Елбасының сыныптасы:
Бастаған ісін аяқтамай қоймайтын
– Қазақстан сияқты Тәуелсіз жас мемлекетімізді төрткіл дүниеге паш етіп, тереземізді өзгелермен тең дәрежеде ұстап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен кезінде бір ауылда, бір мектептің бір сыныбында қатар оқығанымды мен үнемі мақтанышпен айтып отырамын. Алайда мұны мен құр мақтан үшін емес, балаларым мен немерелеріме, жалпы, жас өрендерге үлгі-өнеге ретінде жеткізіп, түсіндіруге тырысамын. Расында да, адам баласы жақсы адамның жанында жүріп жақсы қасиеттерді бойына жинап сіңіреді. Бұл ретте өз басым Нұрекеңнің көптеген игі қасиетін жоғары бағалаймын.
Бірде Нұрекең республикамыздың Министрлер Кеңесіне басшылыққа келгенде сыныптастарымыздың атынан құттықтау үшін арнайы жазылып, қабылдауында болғаным бар. Сонда есіктің алдындағы көмекшілері маған «апай, ол кісінің жұмыс кестесі өте тығыз, көп уақытын алмаңыз» деп ескерту жасағандай болды. Қабылдайтын уақыт таяп қалғанда кабинетіне қарай аяңдай беріп едім, Нұрекең екі қолын жайып, алдымнан өзі шығып қарсы алып, кабинетіне ертіп кірді. Содан бәріміздің хал-жағдайымызды сұрап, өткен күндерден сыр шертіп, ұзақ отырып, кеңінен әңгімелесіп едік. Қабылдау аяқталған соң шығып бара жатсам, әлгі көмекшілер «апай, сіз Президенттің 40 минут уақытын алдыңыз» деді. Мен оларға «шырақтарым, осыншама уақыт отырсақ, демек, Президент мені жақсы қабылдағаны деп ұғыңдар» деп айттым. Елбасымен бұдан кейінгі кездесулер де жылы шыраймен өткен. Сыныптастарымен әр кездескен сайын ауылды қатты сағынатынын, бала күнгі достары мен сыныптастарын өте жоғары бағалайтындығын риясыз көңілімен айтып отырады. Біз Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте бір сыныпта 42 адам оқыдық. Қазір солардың ішінен отызымыз аман-есенбіз. Әрқайсымыз бала-шаға өсіріп, немере сүйіп, бүгінде шама-шарқымызша елдің қадірлілері қатарына қосылдық. Арамыздан өз ақыл-парасатымен, өз қайрат-жігерімен суырылып шыққан Нұрсұлтан – бүгінгі күні егемен еліміздің Елбасына айналып отыр. Біз Елбасының сыныптастарымыз деп ешқашан ешкімнің алдына барып кеуде керген жандар емеспіз. Керісінше, Елбасының сыныптасы болу біздерге қосымша жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. Біз ел басқарып отырған тұғырлы тұлғамыздың атына кір келтірмеуіміз керек. Қайда жүрсе де, қай ортада болсын ол тізгінді өз қолына алудан тартынған емес. Қандай жауапкершілікті болса да мойнына алып, бастаған ісін аяқтамай қоймайтын қайтпас мінезі де бар. Осындай сенімділік бала Нұрсұлтанды дана Нұрсұлтан дәрежесіне көтерді. Нұрекең – шын мәнісіндегі елдің бағына туған ер. Бүгінде еліміз аман, жұртымыз тыныш. Осындай бейбіт тіршілігіміз мәңгілік болсын!
Мәскеуден жеткен медаль
Алматы облысы Қарасай ауданы тарихи-өлкетану мұражайында Елбасы Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған бірнеше бөлім бар. Сондағы көптеген тарихи құндылығы бар дүниелердің ішінде мына бір сурет өзіне ерекше назар аудартады.
Сарғайған бұл суреттің астында «Юннаты. 1957 г.» деген жазу бар. Мұражай басшысы Қожанова Мария Мұсатайқызының айтуынша, бұл суретте мектеп қабырғасында жүріп, өсімдік әлемін зерттеп зерделейтін жас натуралистер бейнеленген. Ол кезде оқу орындарында түрлі үйірмелер жұмыс істеген. Жас Нұрсұлтан қатысқан жас натуралистер үйірмесі көбіне ауылшаруашылық саласы мамандарының жұмыстарына қолғабыс еткен. Бұл үйірмеге еңбекке адал, білімді, табиғатты ерекше сүйетін, алғыр оқушылар таңдалып алынатын. Арнайы үйірмеде бас қосқан жас мамандар оқу жылы бойы ботаника кабинетінде өсімдіктермен шағын тәжірибе жасап, жазғы каникул кезінде де демалмай, 50 гектар жерді алып жатқан мектепке қарасты бау-бақша мен егіс алқаптарында жұмыс жүргізетін болған. Әр топқа бөлінген жас натуралистер өзара бәсекеге түсетін болған. Жақсы өнім шығарған және сәтті тәжірибе жасаған жастардың өнімдерін жетекші ұстаздар әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі мен байқауларына жіберіп тұрған. 1957 жылы бір топ үйірме жастарының жұмыс нәтижелерін ұстаздар Мәскеуде ұйымдастырылатын байқауға жібереді. Ол уақыттарда кез келген оқушы үлкен байқауларда бағын сынай бермейтін. Оның үстіне Мәскеу төріндегі байқауға қатыстырылу үшін тек таңдаулылардың ғана жұмыстары жіберілетін. Арада аз уақыт өтісімен орталықтан қуанышты хабар келеді. Шамалғаннан шыққан жеті оқушы сол байқаудың марапат қағаздары мен «Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің жас қатысушысы» медалімен марапатталады. Олардың арасында жас Нұрсұлтанның да мерейі үстем болды. Бұл бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дәрежеде алған ең бірінші марапаты болса керек. «Юннаты. 1957 г.» фотосуреті – жүлделі болған жеті жас натуралистің өзге де қанаттастарымен бірге естелікке түскен сәтінен қалған бір белгі.
Мария МҰСАТАЙҚЫЗЫ, Қарасай ауданының тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
– Ел ішінде «Елбасы мұражайы» деген атпен белгілі Қарасай ауданының тарихи-өлкетану мұражайының тарихы арыдан басталады. Мұражай орналасқан ғимарат, негізінен, 1898 жылы шіркеуге қарасты христиан дінін тереңдетіп оқытатын мектеп ретінде салынған. Кеңес өкіметі тұсында бұл жер қосымша жабдықталып, кәдімгі мектепке айналып, ішінен біраз сынып ашылған. 1997 жылға дейін бұл мектеп Абай атымен аталды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев – осы білім шаңырағының түлегі. Біздің қаладағы мұражай шағын ғана ғимаратта орналасқан еді. Уақыт өткен сайын ол жер тарлық ете бастады. Содан осы мектептің мұражайға айналуына Мария Хамзиева сынды қадірлі ұстаздарымыздың үлкен септігі тиген. Осы мәселе Елбасының алдында көтерілген соң жұмысымыз бірден алға баса бастады. Сол кездегі Алматы облысының әкімі, қазақ руханиятының үлкен жанашыры Серік Әбікенұлы Үмбетов те мұражайдың толыққанды іске қосылуына көп көмегін тигізді. Қазіргі күні мұражайда сегіз қызметкер жұмыс істейді. Мұнда түрлі топтағы адамдарға арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, ғылыми-танымдық негіздегі басқосулар, белгілі ел азаматтарымен кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
Осы орайда бір айта кетерлігі, Қазақ елінің өркениетті елдердің қатарына қосылып, бедел көтеруіне мәдени мұрамыздың, халық қазынасындағы байлықтарымыздың негізгі рөл атқаратыны шындық. Соның бір келбеті осы өткеннің елесі мен бүгінгінің тынысын біріктіріп, бір ошақ астына жинайтын мұражайлар қашанда барша халықтық уақытпен мүмкіндік беретін айғақтардың қара шаңырағы деуге болады. Бүгінде мәдени-рухани мұраны құнттау, бағалау, талдау елдік мәселесінің өзекті бір арнасы болып отыр. Тәуелсіздік талаптарын жеке түсінген отандық мұражайлар – тарих қатпарынан мол сыр тартар материалдық мұраларды іздестіріп тауып немесе бұрынғыны жаңа қырынан таныстырып, халықтың өткенге қызығушылығын арттырып жүр. Еліміздің әр өңірінде Елбасымыздың өмірі мен қызметіне арналған мұражайлар баршылық. Дегенмен Тұңғыш Президентіміздің туған жеріндегі Елбасы мұражайының алар орны мен қадір-қасиетінің ерекше екендігін айтқым келеді.
Рая ҒАРИФҚЫЗЫ, Елбасының сыныптасы:
– Өткен күнге зер салып қарасақ, небір қиын да қызықты күндерді бастан өткеріппіз. Балалық шағымыз оқу мен еңбектің қызу қазанында қайнап өтті. Ол кезде республикамызда қазақ мектептері жоқтың қасы еді. Біздің өлкеде қазақ балаларына арналған бір ғана мектеп болды. Мен 9-10-сыныпты Қаскелеңдегі Абай мектебінде оқыдым. Сәтін салып Нұрекең оқыған сыныпта білім алдым. Кейін осы білім ордасынан қатар түлеп ұштық. Біз оқыған жер мектеп-интернат саналғандықтан, баршамыз бір үйдің баласындай болып тату-тәтті жүретінбіз. Ол кезде интернатта, негізінен, соғыстан ата-анасы қайтпай қалғандар мен малшылардың, жалпы, қарапайым еңбекшілердің балалары оқитын. Бір жерден тамақ ішіп, бірдей киініп, бір сыныпта оқығаннан кейін қай кезде де бір-бірімізге болысып жүретінбіз. Әсіресе арамызда Нұрсұлтанның орны тіптен ерекше еді. Ол мектептегі қандай да бір қоғамдық жұмыстар болсын, спорттық немесе мәдени шаралар болсын – бәрінің басы-қасында ұстаздарымен қатар белсеніп жүретін. Басқаларымыздан бұрын комсомолға қабылданып, осы ұйымда жетекші орын алып жүрді. Сол кездерде сыныптасымыз Нұрсұлтан бізден ойы мен бойы жағынан да ересектеу көрінетін. Тіпті «а» сыныбы немесе «б» сыныбы деп бөліп-жармай, қатарластарына бірдей қарайтын. Өйткені оқушылар әр сыныпқа жіктеліп оқығанымен, кейбір күндері белгілі бір пәндерді бірлесіп оқитынбыз, емтиханды да бірге тапсыратынбыз. Бұрындары оқушылар да ауылдың түрлі шаруашылық жұмыстарына көмектесетін. Мұндай күндері де сыныптастар бірге жұмыс істейтінбіз. Осы бірлігіміз әлі күнге дейін ажырамай келе жатыр десек те болады. Сол мектепте оқып жүрген кездерде-ақ Нұрсұлтанның лидерлік қасиеттері ерекшеленіп тұратын.
Арада біраз жыл өтіп, Нұрекең үлкен лауазымды қызметтерге араласқан күндерде де туған аулын, сыныптастарын ешқашан ойынан шығарған емес. Мемлекет тізгінін ұстап отырса да, біздің әр қуанышымызға, туған жердегі елеулі мерекелік шараларға келе алмаған сәттерінде құттықтау хаты мен сый-сияпаттарын арнайы жіберіп тұрады. Осының бәрі – Нұрекеңнің тәрбие көрген тектілігінен. Ұстазымыз – біздерді, Елбасымызды оқытқан терең білімді педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, Алматы облысы Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, бүгінде тоқсанның төрінен асқан қадірлі абыз ақсақалымыз Сейітхан Исаев. Бұл кісінің Елбасыдай кемеңгер тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор екені даусыз. Шынында да, біз бағымызға орай білікті де кең жүректі ұстаздардан тәлім-тәрбие алдық. Кейін өзіміз де ұстаздық жолын таңдадық. Өйткені ұстаздық бұл өмірдегі ең қадірлі де құрметті мамандық деп білемін. Елбасымыздың өзі кезекті бір Жолдауында ұстаз беделін арттыру мәселесін қадап айтты емес пе?
Жақында «Елбасы сыныптастары» деген үлкен кітаптың құрастырылуына атсалыстым. Бұл өзі сыныптастардың көптен бері көкейінде жүрген ой еді. Мұның алдында Сәдуақас Есімбай деген сыныптасымыз жеке авторлығымен бір жинақ шығарған болатын. Бірақ бұл жолғы кітапта әрқайсымыз өз жүрек сөзімізді арнап, жеке мұрағаттарда елеусіз жатқан суреттерімізді жарияладық. Кітапты құрастыру барысында ары-бері шапқылап, материалдар мен өзге де қосымша деректер іздеп тауып, оларды өңдеп, жазу жазып жүріп қалай журналист болып кеткенімді байқамай қалдым. Қайта Бахтияр Тайжан сынды қалам ұстаған кәсіби журналистердің қолғабыс етуімен, көптеген азаматтардың арқасында бұл кітап әдемі болып жарық көрді. Сыныптасымыз Едіге Жүнісбеков «Елбасының сыныптастары» кітабының тұсаукесер салтанатын ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуға білек сыбана кірісіп кетті.
Жанас Арысов: Нұрекеңнің есте сақтау қабілеті бейнетаспадан бірде-бір кем емес
Теміртау – тұлғаларға тұғыр болған қала. Қазақтың Тұңғыш Президентінің томағасын сыпырған металлургтер мекенінің киесі бар. Елбасының өмір өткелдеріне тірі куәгерлер – осы байырғы құрышшылар. 60-жылдары Елбасымен қатар комбинатта үзеңгілес жүрген қарт металлург, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері теміртаулық Жанас Арысовты әңгімеге тартқан едік...
– Елбасы «Менің ғұмырым Теміртаумен тығыз байланысты» деген еді. Теміртаудың қаланған әр тасына сіздер куәсіздер. Бұл – Қазақстан магниткасына келген қазақтың ұл-қыздарының қаласы. Сіз де келдіңіз арманмен, Нұр-аға да келді өз арманымен. Тағдырларыңыз қалай тоғысты?
– Нұрсұлтан – Днепродзержинск техникалық училищесінде, мен Магнитогорскіде оқыдым. Екеуіміз екі жақта. 1960 жылы комбинатқа келгенде бір-ақ таныстық. Жатақханаға да бәріміз бірге жайғастық. Әрине, бір бөлмеде болмағанымен, баршамыз тонның ішкі бауындай байланыста болдық. Содан ол домна цехына орналасты. Екеуміздің цехымыз бөлек, әйткенмен аралас-құраластығымыз үзілген емес. Нұрекең партия қызметінен облыстық атқару комитетіне кеткенге дейін бұл араластығымыз үзілген жоқ. Қазір де айтып отырмын ғой, келгенде бізді көрмей, қолымызды алмай кетпейді. Сол баяғы әзіл-қалжыңы...
– Біз кейінгі толқын Президент Нұрсұлтанды ғана білеміз. Жасыратыны жоқ, ел аузында аңызға айналған Елбасы туралы әңгімелерді елітіп тыңдаймыз. Желкілдеген жиырмадағы жас жігіт Нұрсұлтан қандай еді?
– Екі езуі жиылмай, үнемі күліп жүретін, әзілқой жігіт болатын. Және өзі ешқашан жалғыз емес. Баяғының серісіндей қасына кем дегенде екі-үш жігітті ертіп алатын. Отырған жері ән мен күй, әзіл еді. Тіпті асабалық қабілеті де бар-тын. Осындағы талай жігіттердің тойын басқарып, өткізіп бергені бар. Мұндағы талай келіннің бетін ашты. Бірақ ол кезде кім ойлаған бірге жүрген Нұрсұлтанға елдің тұтқасы тапсырылатынын. Нұрекең партия қызметіне араласқанға дейін мұндай ой басымызға келмепті. Кейін ел басқару қызметіне кірісе бастағанда ғана ойлана бастадық. Нұрекеңмен домна цехында бірге еңбек еткен Саясат Ғабдулов деген азамат болды. Сол айтады: «Нұрсұлтан екеуміз бір күні күрекпен коксты аударып тастап, шаршап, демалып отырған едік. Сонда Нұрсұлтан: «Қашанғы осылай күрек ұстап жүрер екенбіз, жігіттер?» – деді. Сонда мен айттым: «Әй, Нұрсұлтан, күрек ұстап осы бетте бір адам қалса, мен қалатын шығармын. Бірақ сен қалмайсың!» – деп. Айтқаным айдай келді», – деп күледі Саясат.
– Аузына Құдай салған сөз болды ғой...
– Иә, Құдай салған екен.
– Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болатын дейді ғой көзкөргендер.
– Ол рас. Әншілігі де, бишілігі де, өнерпаздығы да бар еді...
– Білетіндер Елбасының есте сақтау қабілеті өте мықты дейді ғой...
– Бұл да шындық. Осыдан 40-50 жыл бұрынғы оқиғаларды тап қазіргідей айтып отыратыны бар. Кездесуде біреуіміз болмай қалсақ, оның аты-жөнін атап, іздеп, сұрайды. Өзіміз де таңғаламыз. Кешегі өткен күндері жадында бүгінгідей сайрап тұр. Есте сақтау қабілеті бейнетаспадан бірде-бір кем емес. Біз Нұрекеңді мақтан тұтамыз. Ең алғаш ел Президенті болып сайланғанда Теміртауға келді. Үлкен жиын өтті. Сонда күнде сөйлесіп жүргендер сахнаға шығып сөйлеуге кәдімгідей қысылып қалатын. Сонда Нұрекеңмен бір бөлмеде бірге тұрған Ермек дейтін жігіт «сен сөйле» деп сөз берді. Сол кезде өзім де сасқалақтап қалдым. Сосын «Нұрсұлтан, саған ел зор сенім артып отыр. Сол сенімді ақта!» дедім. Бүгінде сол сенімге селкеу түсірген жоқ, барша металлургтердің сенімін ақтады және ақтап та келеді.
– Әңгімеңізге көп-көп рақмет!
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Беттерді дайындаған Алмат Исәділ