«Ребята, давайте жить дружно!» деуші еді бұрын, мультфильмдегі мысықтарға дейін. «Мосфильмнің» киноларында да достық, оның ішінде ұлттар бірлігі жақсы үйлесім табатын. Соғыс жайлы киноларда мәселен, окопта жатқан қос жауынгердің бірі орыс болса, екіншісі қазақ не өзбек секілді Азия халықтарынан еді ғой. Сондай-ақ бейбіт күннің өзінде де ауылы аралас, қойы қоралас қарапайым тұрғындардың бауырластығы керемет көрініс табушы еді кинолардан.
Кеше...
Қазақтың біртуар жазушысы Сайын Мұратбековтің повесі бойынша түсірілген (режиссері Ш.Бейсенбаев) «Тел өскен ұл» атты кеңестік кино естеріңізде шығар. Ұлы Отан соғысының кесірінен Евдокия шешей ұлынан көз жазып қалады. Сол ұлы араға 37 жыл салып өзінің туған үйіне оралады. Ал сол уақыт аралығында Сергейді қазақ анасы Рабиға бауырына басып, өз ұлындай етіп өсіреді. Және ананың кемеңгерлігі сол, тумаса да туғанындай етіп өсірген ұлын алыстан туған анасы іздеп келгенде, қанша қимай тұрса да, жібереді. Қысқасы не керек, фильмді көрген кез келген көрерменнің әлгіндей бауырластыққа елжіреп, егіле жыламауы мүмкін еместей.
Бүгін...
Қазақтай дарқан, қазақтай кең халық жоқ шығар әлемде. Біз әлі күнге кешегі ұлыстар бірлігін нық ұстап, Тәуелсіздігіміздің тірегі етіп ұстанып отырмыз. «Бауырға басқанбыз баршаның баласын» деген алғашқы Әнұранымыздағыдай қиын-қыстау күндерде қазақтың қолтығына келіп пана тапқан корей, неміс, ұйғыр, дүнген, өзбек, тіпті кавказ халықтарының елімізге келуін біз бүгін барынша ашып көрсетуге талпынып жатырмыз. Бұған кейінгі кездері түсірілген Сламбек Тәуекелдің «Жерұйығы», Рүстем Әбдіраштың «Сталинге сыйлық» секілді туындылары дәлел бола алады.
Сламбек ТӘУЕКЕЛ, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, кинорежиссер:
– Көпұлтты ел екеніміз белгілі болса-дағы, осындағы әр ұлттың бізге қашан, қандай жағдайда келгені, қалай өсіп-өнгені жайлы екінің бірі біле бермейді. Әсіресе, жас ұрпақ. Қазақ халқының толеранттылығы, халықтар бірлігі жақсы дегенмен, ұлтаралық қатынас деген өте нәзік ұғым. Бұл ретте қазақтың шыдамдылығы, қазақтың болмысының кеңдігі дәл бір осы көпұлтты мемлекетке жаралған сияқты. Бұл фильмде біздің көрсетуге тырысқанымыз өз басына түскен нәубеттерге қарамастан, 1931-32 жылдардағы ашаршылық, оның соңын ала бере 37- жылғы репрессияға қарамастан, қазақтың өзге халықтардың қиыншылығын түсініп, өзімен бірге бөлісе білгенін көрсетуді көздедік. Осы фильмнің сценариін жазған Лаврентий Сонның өзі жер аударылған кәріс ұлтының өкілі, өзі елімізге сол бір 1937 жылдың қысында келіпті. Сол ызғарлы суықта, заманның қытымыр аязынан құтқарған қазақтың берген бір жұтым суы әлі есінде екенін айтады.
Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы, бізде халықтар достығы өз мазмұнына сай аталып жүрген жоқ. Тек бір ғана күн декларативті түрде алаңда концерт береміз де қоямыз. Әйтпесе, біздің қазақтың мүддесін қорғап жазып жүрген тұлғалар бар емес пе? Біз сол мереке қарсаңында жанымен қазақ болып кеткен жазушы, т.б тұлғаларымыздың туындыларын шығарсақ. Әйтпесе, қазір ол мереке жай гастрономдық деңгейде ғана аталып өтіп жүр, өзбектер палауын, ұйғыр самсасын алып шығып, дастарқан жаяды дегендей. Бұл жеткіліксіз, себебі бұл арқылы қазақтың өз бауырына алып отырған ұлттарды жетілдіру, құрметтеу секілді қасиеттері бұл жерде еш көрінбей қалады. Айталық, Қазақстанда барша ұлттардың тілінде мектептері де, әдебиеттері, тіпті театрлары да бар. Біз оған жақсы жағдай туғызып отырмыз.
Ал қазақтың қай жазушысын алсақ та, кешегі ХХ ғасыр басындағы Жүсіпбек Аймауытовтан бастап, Мағжан Жұмабаев аудармаларында да, бүгінгі Мағауин ағаларымыз, барлығы өз шығармаларында қазақтың басқа халықтармен, орыс халқымен біте қайнасқан тірлігін шынайы түрде керемет көрсеткен. Таптық бөлінуді ысырып қойып, адам ретінде сыйластық жоғары орынға қойылады. Абай айтқандай «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлы идеясы деңгейінде. Біз сол дәрежедегі биіктікке ұмтылып, соған жетуді көздеуіміз керек.
Түйін:
Кейінгі кезде орыс киноларын көрсеңіз, Ұлы Отан соғысында тек Ресей ғана қасық қандары қалғанша соғысып, өздері ғана бүгінгі күнге жеткендей... Мұндайда «біздің қан майданда қаза тапқан аталарымыз ше?» деген мұң қалады екен жүректе. Жаһандану дәуірінде әр ұлт өз идеологиясын нықтағаны дұрыс шығар, бірақ біте қайнасқан тарихымызды сызып тастау қаншалықты әділетті?