Ақтөбеде Т.Ахтанов атындағы драма театрының әртістері А.В.Вампиловтың «Метранпаж» атты трагикомедиялық қойылымының премьерасын жұртшылықтың назарына ұсынды. Елімізге танымал мәдениет қайраткері, актер Т.Жаманқұловтың аударуымен сахналанған туындының қоюшы режиссері – театрдың бас режиссері Елтай Кемал. Жастарды атаққұмарлықтан арылтып, ақылға бой алдыртуларын көздейтін қойылым көрермендердің көңілінен толықтай шықты.
Бастан-аяқ күлкі-келемежден тұратын қойылымның астарында ащы әзіл жатса да, бүгінгі ұрпақтың санасын сілкінтетін салмақты ой бар.
Назерке ЖЫЛМАҒАМБЕТОВА, көрермен:
– Керемет әсер алдым. Жалпы, спектакль жоғары дәрежеде өтті. «Метранпаж» деген бұған дейін естімеген сөздің не мағына білдіретінін білдік. «Жастар театрға бармайды» деген сын көп айтылады. Ол негізі дұрыс емес. Қазіргі замандағы адамдар өмірін шынайы көрсететін осындай қызықты қойылымдар жиi қойылса, көбірек насихатталса жастар театрға жиі барар еді.
Тақырыбының өзі түсініксіз қойылымды көрермендердің көбі премьера аяқталғанша ұқпай дал болды. Баспаханадағы әріп теруші қызметкердің осылай аталатынын автор шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеті арқылы көрсетпек болған. Қарапайым ғана бір сөздің не екенін ұқпаған қызметкердің басшысынан қорыққаны соншалық, жағдайы жүрек талмасына дейін жеткені суреттелді.
Оқиға Мәскеуге іссапарға келіп, қонақүйге аялдаған қызуқанды жігіт пен көрші бөлмеге тұрақтаған бойжеткеннің арасында өрбиді. Теледидардан футбол тамашалаған мейманхана қонағы бейтаныс қыздың бөлмесіне кіріп барып, өз бөлмесіндегі электр желісінің істен шығып қалғанын айтады. Көршісінің өтінішін жерде қалдырғысы келмеген әлгі ару оған өзінің бөлмесінен футбол қарауға рұқсатын береді.
Осы кезде қонақүйдің иесі бикештің бөлмесіне кіріп, қонақүй ережесін бұзғандығын алға тартады. Сөз арасында әлгі қонақ жігіт өзінің метранпаж болып жұмыс істейтінін айтады. Сол кезде мұндай мамандықтың бар екенін бұрын-соңды естімеген қонақүй директоры есі шығып, бүкіл танысына қоңырау шалса да, бұл қандай лауазым екені туралы ақпарат ала алмайды. Соңында ол метранпажды министрлікте қызмет істейтіндердің бірі екен деп топшылайды.
Сөйтсе бүкіл жұртты әбігерге салған маман иесі жай қарапайым «әріп теруші» екен. Ал шығармада түсініксіз мамандық иесінен қорыққан қонақүй қожайынының әрекеті көрермендерді күлкіге көміп тастады.
Колошин рөлін сомдаған Әсет Оразалин, Потаповты бейнелеген Кеңес Кемелбаев, Виктория рөліндегі Айнагүл Өлмесекова секілді театрдағы танымал әртістердің шеберліктеріне жиналған жұрт тәнті болды.
Директордың түбіне «Метранпаж» жете жаздады
Последние статьи автора