Қазақстандық шоу-бизнес өкілі Динара Қырықбаева желіде әсерлі жазбалар жариялап, барша оқырмандарын алаңдатып қойды. Оның үстіне өнер иесі жолдасымен түскен барлық суреттерін өшіріп тастап, ел уайымын одан бетер күшейте түсті. Көпшілік әншінің күйеуімен ажырасып кеткенін болжай бастады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
 
Динара Қырықбаева өзінің Instagram парақшасында ер адамдардың әйелдеріне қол көтеру тақырыбына қатысты жазбаларды жиі жариялайтын болған. Оның үстіне өнер иесі оқырмандарымен отбасы мәселелерін жиі талқылай бастады.
 
"Кейде маған ұйықтарда ой келеді. Мен осы не істеп жүрмін? Шынымен бақыттымын ба? Өмірді дұрыс сүріп келе жатырмын ба?- деген ойлар мазалайды. Әрқайсыңыз осы туралы ойлайтыныңызды білемін. Статистикалық мәліметке сүйенсек тұрмыста бақытсыз әйелдер көп. Күйеуінен таяқ жеп жатса да олар айтпайды. Мен әйел адамның ондай қорлық көруіне өз жеке басым қарсымын. Осы туралы сөйлесейікші" , - деп жазды ол бір жазбасында.
 
Оған қоса, әнші жас қыздарға тұрмысқа шықпас бұрын, қателікке бой алдырмас үшін өз таңдауына қатысты қатты ойлануға шақырды.
 
Отбасылы Қырықбаеваның мұндай тақырыптарды қозғап жүргені желі қолданушыларына бір түрлі көрініп, олар шоу-бизнес өкілінің ажырасып кеткенін болжады.
 
Көпшіліктің бұл пайымына әншінің жолдасымен түскен бар фотосын өшіріп тастағаны "отқа май құйғандай" болды.
 
Алайда, "Paparazzi" бағдарламасында Динара Қырықбаева бұл сұраққа "бәрі жақсы" деп жауап беріп, құтылып кетті.
 
Әншінің асығыстығынан оның отбасы мәселесі жайлы ашылып айтқысы келмегенін байқауға болады.