Қазақ әдебиеті тағы бір қабырғалы қаламгерінен айырылды. Белгілі публицист-жазушы, «Санат» баспасының директоры, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті, баспа саласының білгірі, білікті ұстаз Серік Әбдірайымұлы 66 жасқа қараған шағында дүние салды. Қашанда қаламын қолынан тастамай, сөз өнерінің серігі болып жүретін қайраткер қаламгерді қазақ оқырманы, негізінен, Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхаммед Қонаев туралы жазған публицистикалық кітаптары арқылы жақсы білетін.
Cерік Әбдірайымұлы 1943 жылы 5 мамырда Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал ауылында туған. Еңбек жолын осында қатардағы құрылысшы, қарапайым тракторшы болып бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. 1965 жылдан 1979 жылға дейін республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде кіші әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, спорт және денешынықтыру, жұмысшы-жастар бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, редакция алқасының мүшесі, «Жалын» баспасының музыка және өнер жөніндегі бас редакциясының бас редакторы.
Публицист-жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітаптарын қазақшалаған және әдеби нұсқасын жазған, ол ұлы тұлға туралы «Елу жыл ел ағасы», «Личность» жинақтарын құрастырды. «Еңбек Ері Ермеков», «Сол бір сұрапыл күз», «Бес мүшел белесінде», «Қаһарман Нұрғиса» кітаптарының, «Нұрғиса», «Қазақстандықтар – Брест каһармандары» деректі фильмдерінің авторы. 2008 жылы «Самғау» публицистикалық кітабы жарық көрді.
Қаламгер сондай-ақ әдеби аударма саласында да елеулі еңбек еткен. Түрік жазушысы Орхан Кемальдың «Тұңғиықта» романын, авар ақыны Расул Ғамзатов, түрік сатиригі Әзиз Несин, эстон классигі Пауль Куусберг, орыс жазушысы Борис Васильев шығармаларымен қатар, қырғыз, шешен, ингуш, украин, белорус, молдаван жазушыларының туындыларын қазақша сөйлетті. Аталмыш аудармалардың біразы 2007 жылы «Мансап пен махаббат» деген атпен жеке жинақ болып басылған.
1993 жылдан Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті, 1964 жылдан Қазақстан Журналистер одағының, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және оның басқарма мүшесі, Деректі проза кеңесінің төрағасы болды. Қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесі үшін Журналистер одағы сыйлығымен марапатталған. Баспагерлікті, қоғамдық жұмысты отыз бес жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде педагогикалық қызметпен ұштастырған білікті ұстаз Қазақстан Журналистер академиясының академигі атанған.
1991 жылы осы университет жанынан әуелі «Қазақ университеті», 1993 жылдан «Санат» деп аталған баспаны ұйымдастырды және өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған осы баспаның директоры қызметін абыроймен атқарды.
Қаламгерді соңғы сапарға шығарып салу рәсімі бүгін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында сағат 10.00-де басталады. Марқұмның денесі қазақтың небір марқасқа тұлғаларының мәңгілік мекеніне айналған киелі Кеңсай қорымына жерленеді.
«Алаш айнасы»