TicTok әлеуметтік желісінде жарияланған әнші Димаш Құдайбергеннің дін турасындағы пайым-пікірі, Аллаға қатысты айтқандары желі қолданушылар тарапынан қызу пікірталас тудырды деп жазады Kznews.kz.
Димаш бұл видеода: «Алла әр пендесін түрліше сынаққа алады. Бір адамға ештеңе бермейді. Ештеңе. Бақыт та, байлық та, танымалдық та. Ал енді біріне байлықты да, бақты да, танымалдықты да береді де қарайды. Бақытты пендесі осыны берген Алласына ризашылық білдіре ме, ал бақытсыз пендесі бақытсыздығы үшін Алласын жек көре ме деп сынайды», -дейді.
Жұлдыз әншінің бұл видеосына «Алланың сынағын түсінген шынайы мұсылманның баласы», «жүрегі иманға толы бала», «Алла сені қолдасын», «Өте дұрыс айтасың» деп қолдау білдіргендер аз емес. Десек те, сонымен қатар әншінің мынадай діни уағыз айтуын сын тезіне алғандар да жоқ емес. «Адамды адам ететін дін емес, білім», «әнші, бишілердің уағыз айтуы орынсыз», «танымал тұлғалар жастарды діни сауат алуға емес, ғылымды игеруге шақырғаны жөн» дегендер діни уағыз айтуды қолдамайтындарын да білдіруде.