Дәстүрлі музыка архаизм емес, оның заманауи түрленуге қақысы бар

Майра Ілиясова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

1 миллион теңге! Бұрын-соңды бас жүлдесі осыншалықты қазақ дәс­түрлі ән байқауы өткізілген емес. Бұл – анық! Кейінгі кездері ұлт­­тық музыкаға деген қызығушылықтың азайып, экранда да фоль­клор­лық, этнографиялық кештерден гөрі эстраданың белең алғанын көзіміз көріп жүр. Биыл Алматы қаласында «Мәдениет жылы» деп жарияланғаны естеріңізде болар. Осыған орай, жоғарыдай аталған соманы жүлдеге тігіп, қалалық мәдениет басқармасы Алматы қалалық І дәстүрлі ән орындаушылар конкурсын ұйымдастыруда. Қыркүйектің 16-18 аралығында өтетін бұл байқау «Күміс көмей, жезтаңдай» деп аталады.

Осы конкурстың жай-жапсары туралы толығырақ біз байқаудың ұйымдастыру­шысы, осы кезге дейін өзінің «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай», «Алтын дом­быра» сынды бірнеше ірі-ірі жобала­ры­мен қалың жұртшылық жүрегін жаула­ған белгілі әнші, продюсер, қазақтың қайрат­кер қызы Майра Ілиясовамен әңгімелесуді жөн көр­дік:
– Атауына қарасақ, дәстүрлі ән орын­даушылар байқауы, яғни дәс­түрлі деген сөз көз алдымызға дом­бы­ра мен қобыз секілді таза қазақы ас­паптарды алып келеді. Шынында, бай­қау нақты қандай негізде, кімдер­дің арасында өткізілуде?
– Білесіз бе, біз осы дәстүр деген ұғымға келгенде бір нәрседен қателесеміз. Неден? Яғни біз дәстүрлі музыканы ар­хаизм, осы заманға алып келуге болмай­тын дүние деп қарайтын секілдіміз. Ал, шын мәнінде, дәстүрлі музыка дамып жа­тыр. Домбыра үнімен әрленген, байы­тыл­ған көмкерілген аранжировкалар, сіздің­ше, ұлттық музыканың заманауи кейіпке енуі емес пе? Тек домбыра ғана емес, қо­быз, шаңқобыз, сазсырнай, жетіген үні жүр бүгін эстрадада. Бүгінде басы «Ұлы­тау­дан» басталатын небір этнотоптар жүр, кере­мет күйлер мен композицияларды жан­ды дауыста орындайды. Бұл байқау со­ның барлығын қамтып, арнайы номи­на­циялар бойынша әрқайсысына жеке-жеке баға береді. Таза домбырамен орындайтын әншілерді бөлек, халық әндерін, халық композиторларының тіпті заманауи да болса ұлттық аранжировкамен орындайтын әншілерді бөлек, сол секілді осы ретте классикалық нақышта да ән орындайтындар байқауда жеке номинация бойынша сайысқа түсірілгелі тұр.
Алматы қалалық дей тұрғанымен, бұл байқау шын мәнінде республикалық ауқымға татымаса, кем түспесі анық. Себебі барлық өнер ордалары, өнерге баулитын оқу орындарының барлығы осында орналасқан яғни, бір сөзбен айтқанда, Алматы – өнер мен мәдениеттің кіндігі. Сондықтан Алматыда алғаш рет осындай күллі өнердің, оның ішінде ұлттық бағыттағы музыканың басын қосып, байқау өткізуді ұйымдастыруға ұсыныс жасағанда, қуана қабылдадым. Осыған дейін «Алтын домбыра» сынды, тағы басқа да ауқымды жобаларды өткізген тәжірибем болғандықтан шығар деп түйдім. 
– Байқаудың басты мақсаты не? Мұны сұрап жатқан себебім, қазіргі кез­де байқаудан кенде емеспіз: түрлі сайыстар да, тележобалар да өтіп жа­тыр. Бірақ «іс бітті, қу кетті» дегендей, бай­қау бітеді, бас жүлдегер анықта­ла­ды да, болды содан соң ол көкжиектен жо­ғалады. Көрермен бастапқы кезде із­дейді, кейін тіпті сондай бір әнші, же­ңімпаздың барын да ұмытып кетеді. Осы жағына мән бердіңіздер ме бұл бай­қауда?
– Бірден айтайын, байқаудың басты мақсаты жеңімпазға бір миллион теңгені ұстата салу емес. Мұндағы мұрат – биік, ол – ән-жыр, терме-толғаулар секілді ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттап, төл өнерімізді заманауи үлгімен ұштастыру болып табылады. Бүгінгі ұрпақтың арасында, шыны керек, өнерге өзге елдің, өзге жұрттың әнін алып келіп, оған не өзі, не өзгелер түсінбей жататындары аз емес. Бұл олардың ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, ұлттық өнермен жөргегінен таныс болмағандығынан да шығар. Көкірек сарайы төл дәстүріне толы адамның өзгенің «қаңсығын» таңсық көруі мүмкін емес. Біз, міне, дәл бүгінгідей саны бар сапасы жоқ әндер белең алып кеткен заманда «анау жаман» деп құр айғайға салмай, осылай өз жақсымызды дәріптеу арқылы ғана ахуалды түзей аламыз. Яғни, сана-сезімге сіңірмей, ақылға қондырмай, ештеңені түсіндіре алмасымыз анық. Халық қазынасы – халық әндері, ел арасынан шыққан саф таланттардан қалған дүниелер. Ендеше біз бүгінгі өнер мен ақпарат кеңістігін ең бірінші кезекте солармен толықтыруымыз шарт. Ал ол тек алтын қордағы мұрағатпен толықпасы анық, оны бүгінгі әншілер өз репертуарларына енгізу арқылы да байытуға тиіс. Біздің қазіргі кезде де өзімізбен өмір сүріп жатқан Еркеғали Рахмадиев, Ілия Жақанов, Кеңес Дүйсекеев сынды ағаларымызды да мен сол саф алтындай қазақ музыка өнерінің бір шоғырынан қалған көз деп білем. Біз осы ағаларымыздың әндерін де кеңінен насихаттап, заманауи үлгіде жаңғыртуға тиіспіз. Кейде маған осы кісілер есті ән жазатын композиторлардың соңы секілді көрініп кетеді, бейне одан кейін тоқтап қалатын сияқты. Бірақ менің үмітімді жал­ғайтын бір-екі есім – Тұрсынжан Шапай мен Арман Бексұлтан. Жалпы, қазақ әні, дәстүрлі музыка деген тұрғыда өз қаупімді, жалпы осы салаға көңілдің аз бөлініп жатқаны жайлы назымды мен «Алтын домбыраны» өткізіп жүрген кездерімнің бірінде қалалық әкімшілікке айтқаным бар. Соның жақсы нәтижесі мінекей өз­де­ріңіз көріп отырғандай «Күміс көмей, жез­таңдай» өткізуге әзірміз. Бастапқы сіздің сауалыңызда айтылған қауіпті сейілтейін, гала-концерт Қазақстан Ұлттық телеарнасы арқылы түсіріліп, видео және СD бейне материалдар арқылы жарыққа шығады.
– Бұл көкейге қонымды екен, ра­сын­да. Ал енді байқауға оралсақ, мей­лі қандай номинацияда орындасын, барлығы бір ортақ нүктеде, яғни, ұлттық музыка деген тұрғыда қиысады екен. Олай болса, жалпы қатысушы­лар­ға қандай талаптар қойып отыр­сыз­дар? Репертуарлық, сахналық, т.б тұрғыдан?
– Ең бірінші, жас тұрғысынан талап, байқауға қатысушы 18-30 жас аралығында болуы шарт. Әншінің сахналық ұлттық киім ерекшелігі мен сахналық мәдениетіне аса жоғары назар аударылады. Бас жүлдесіне де анау-мынау емес, бір миллион теңгенің тігіліп отырғаны айтарлықтай қуаныш. Және мейлі бір тиын болсын, адам оны айтарлықтай тер төгіп, жан-жақты дайын­да­лып барып, қол жеткізгенде ғана оның тәтті дәмін сезінеді. Әділқазылардың ірік­теуі қыркүйектің 16-17-сіне өтеді, айта кету керек, қазылар алқасының құрамы мем­ле­кеттік орган өкілдерінен, өнердің көр­нек­ті қайраткерлерінен құралады, оны Алматы қаласы әкімдігі, мәдениет басқар­масы бекітеді. Қыркүйектің 18-і күні кеш­кісін Республика сарайында осы екі күні іріктеліп шыққан мықтылар қала әкімінің алдында өз өнерлерін көрсетіп, лайықты жүлделерімен марапатталады.

Түйін: Әндеткен даусы алты қырдың астынан естілген Ақан сері, Біржан сал, Әміре, Нартай, Жүсіпбек, Ғарифолла, Дәнеш, Жәнібек сынды саңлақтарын елі әлі ұмытқан жоқ. Әлемнің қандай байлығына болсын, айырбастағысыз олардың үні алтын қорда сақтаулы. Саф өнерді сақтап қана қою аз, оны дамытып, бүгінгіге жалғастырмасақ, өз үніміз бен әніміз өзімізге өгей болып, өзгенікін жанымызға жақын тұтып кету қаупі зор. Тіпті соның аз ғана алдында тұрғанымыз ащы да болса, шындық. Ендеше «Күміс көмей, жезтаңдай» дер кезінде қолға алынып, бүгінгі ұрпақтың өз ұлттық классикалық дәстүрлі орындаушылық шеберлігін қазіргі заманауи үлгімен ұштастыруына қозғау салады деп үміттенеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста