«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді...»
Республика сарайында ән мен әнші кештері құдайдың құтты күнінде болмаса да, көрерменін сағындырмай қауыштырып жатады. Ұлттық музыканы ұстанушылар да жиі концерт бергісі-ақ келеді. Ынта, ниет болғанымен, өнер иелері қаржы және сахна мәселесі кеш өткізулеріне кедергі болатындығын айтады.
Талғат ӘБУҒАЗЫ, әнші, Әсет Найманбайұлы атындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы:
– Көпшіліктің «Паһ, шіркін», «Бәрекелді, жарайсың» деген қолдау сөздерін естімесе, дәстүрлі әнші мен күйші арқаланбайды. Ал арқаланып әнін шырқап, күйін төгіп, барын салу үшін бізге сахнаға жиі шығу қажет. Кейінгі уақытта консерватория қабырғасында, ән байқауы барысында ән салумен ғана шектеліп барамыз. Дүйім ел тыңдайтындай кештер жоқ десе де болады. Сол себептен, оның үстіне Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың алдына шығып, танылып жүргені бар, танылмағаны бар жас өнерпаздар қосылып, қазақтың әні мен күйінен шашу шашқанды жөн көрдік.
Ерлан РЫСҚАЛИ, әнші:
– Сөз өнері ордасының мерейтойына тарту еткелі отырған бұл кеш ақын-жазушылар мен әнші-күйшілердің арасында болашақта тығыз шығармашылық байланыс туғызады деген ойдамын. Кезінде сөз саңлақтары мен ән-күй майталмандарының етене араласқандығын жақсы білеміз. Бір-біріне демеу, сүйеу болған. Өкінішке қарай, екі жақтың қарым-қатынасы заманның ағымына қарай алшақтап барады. Қазіргі зиялы деп көкке көтеріп жүрген көкелеріміздің кейбірі ән мен күйді тыңдамағаны былай тұрсын, тыңдағанның өзінде оның мағынасына, байыбына бара бермейді. Біз мұны талай ән додаларына қатысып, байқап жүрміз. Өсіп келе жатқан жас өнерпаздарымыз да сөздің парқын біле бермейді. Сондықтан бұл концерт екі өнер иелерінің арасындағы көпір болсын деген ниетіміз бар.
Жасұлан БАЗАРБЕКОВ, әнші, республикалық ән байқауларының лауреаты:
– Жазушылар одағының басшыларына үлкен алғысымызды білдіреміз, бір ауыз сөзімізді тастамай, залды тегін берді. Әйтпесе біздің концерт залын жалға алатын жағдайымыз жоқ. Оған қыруар қаржы қажет. Ұлттық музыка концертіне көрерменді билет сатып шақырғанның өзі – ұят. Төл әніміз бен күйіміз бұқаралық деңгейде тыңдалмай тұрған заманда ән-күй кештерін өткізу арқылы елдің назарын өз мұрамызға аударуымыз қажет.
Кешке ұлттық музыкамызды шетелдерге танытып, өз елімізде туын желбіретіп жүрген өнердің маңдайалды иелері мен ізбасар жастар да қатысады. Атап айтар болсақ, Мұрат Әбуғазы, Ардақ Исатаева, Сәрсенғали Жүзбаев, Ұлжан Байбосынова, Ақан Әбдуәлі, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Саян Ақмолда, Абзал Қуанышұлы, Тілеулес Құрманғалиев, Базарәлі Мүптекеев, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Базарбеков, Нұркен Әшіров, Данияр Байжұманов, Әйгерім Нартүйеева, Гүлім Алшыновалар көмейлерінен ән төгілтіп, бал бармақтан күй ағытады.