Cүбелі сөз иесі

Cүбелі сөз иесі

Сұлтанмахмұттың бір мақаласы хақында
С.Торайғыровтың жаңадан табылып отырған «Құран бұзған» мақаласы «Айқап» журналының 1913 жылғы №21 санында (439-440б) жарияланған. Бұл жылдары Сұлтанмахмұт «Айқап» журналының редакциясында қызмет жасаған, зиялы қауым, мәдени ортамен тығыз қарым-қатынаста болған.

«Айқап» журналын қаламгерлер, ғалымдар түрлі саланы шұқшия тексеріп жүрген ізденушілер жалықпай парақтап, жүйелі зерттеп келе жатқандығы көпке аян. Сұлтанмахмұттанушылардың, биб­лио­­граф­тардың көзауласынан шағын ма­қаланың тыс қалуы да таңғалдырады.
Кезінде ғылыми жетекшіміз Бейсенбай Кенжебаев Сұлтанмахмұт мақаласын із­деу­ге жол нұсқады. Ізденіс нәтиже бер­мей, әуре-сарсаңға түсіп жүргенбіз. Алма­ты қаласындағы ірі кітапханаларда басы бар, аяғы жоқ, жыртылған, толық нұсқасын таба алмадық.
Қазақтың көрнекті кітаптанушысы, библио­граф-ғалым Үшкілтай Сұбханбер­динаның 1999 жылы жарық көрген «Қазақ халқының атамұралары» еңбегінде (193-бет) ғана қашан басылғандығы жылт етіп көрініп қалды. Мән берген жамиғат бай­қалмады. Жуырда Мәскеу кітапханасынан Семейдегі Абай қорық-мұражайы алғыз­ған ксерокопиялардың ішінен тауып ал­дық. Ендігі ойымыз – С. Торайғыровтың шағын дүниесін оқырманға ұсыну.
«Құран бұзған» мақаласы Сұлтан­мах­мұт­тың талғампаз публицист екендігіне дәлел. Заман аңғарын бойлап түсініп, жете ұғынған қаламгердің қасиетті Құран Кәрімнің қателіктермен шығуына барша қандастарынан бұрын дабыл қағуы, ең алдымен, асқан білімдар жан, биік парасат иесі екендігін айғақтайды. Ауылды жерде алған тәлім-тәрбиесін әрі қарай дамытып, Троицкідегі «Медресе Расулияда» білім қайнарынан шөлін қандырған Торайғыров ислам діні негіздері мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадистерін жетік білген.
Жалпы, ХІХ-ХХ ғасырларда жастарға білім беруде орасан зор қызмет атқарған медреселердің лайықты бағасын беру керек. Медресе жас буынның жан-жақты білім алуын шектейді, онда шығармашы­лық орта болмады, білім жүйесі жаттан­ды­лыққа құрылды деп келетін ұшқары пікір­лер­дің бүгінгі күні күлі көкке ұшты. Са­мар­қан, Бұхара, Ташкент, Қазан, Уфа медреселерінде білім тұнығынан сусын­да­ған, онда қолжазба журналдар мен қа­быр­ға газеттерін шығарып, шығармашы­лық атмосфера қалыптастырған шә­­кірт­­тердің үлгісі қанатын кең жайды. Орынбар, Троицк, Семей, Ақмола, Орал, Ақмешіт қалаларындағы медреселердің қазақтан шыққан қайраткерлер мен қаламгерлер шоғырын даярлаудағы қызметі алабөтен.
Нақтырақ айтсақ, С.Торайғыров жөнін­де жазған біршама әріптестіріміздің оны ескі тәртіптегі медреселерден білім алды деуі шындыққа жанаса бермейді. Онымен қоймай, өткен ғасырдың 50-60 жыл­дарын­да ақынды атеист жасауға жұмыла кіріскендігіміз езуге күлкі ұялатады. Сол бір жылдары орныққан: «Сұлтанмахмұттың тағы бір ілгері қадамы – діннің гносеологиялық, таптық негізін түсінуі. Ақын өз шығармаларында халықты қан қақсатқан ислам дінін және оның моралін әшкереледі, табиғаттан тыс ешбір күш жоқ екенін нақты түсіндірді» («Қа­зақ­стан коммунисі», 1969, №11) немесе: «Ақын­ның атеистік идеялары қазақ қоға­мындағы ислам идеологиясына соққы болып тиіп, еңбекші халықтың бірте-бірте діни нанымдардан арылуына едеуір үлес қосқаны сөзсіз («Қазақ әдебиеті», 1968, 6 апрель)» сияқты пікірлер сұлтан­мах­мұт­та­ну­­дың көсегесін көгерткен жоқ. Торай­ғы­ров көз­қарасының, ой самғауының түп негіз­дерін анықтап бере алмады. Шындығында, Сұлтанмахмұт ақын ислам дінінің шарт­тарын жеткілікті мөлшерде оқып үйренген әрі шығармаларында түрлі қырынан өр­нек­теуге ұмтылған.
Сұлтанмахмұттың дінді сынауы атеист болуға ұмтылғандықтан емес. Қайта «На­маз», «Жұмақ», «Дозақ» өлеңдерінде Құ­ран Кәрім мен шариғат жолын түсіндіруге дәр­менсіз, шала оқыған сауатсыз, бірақ өзін дін жолындамын деушілерді өлтіре сы­найды. Мысалы, «Мағынасыз мешіт» өлеңін­де:
Айттым деп ол ойлайды Құдай сөзін,
Айтты ма, алдады ма жұрттың көзін.
Түсіндірмей, сырнайша құр әндет деп,
Құдай қашан сайлапты оның өзін? –

десе, өзі өмір сүрген қоғамдық ортада­ғы діни білім-танымға көңілі толмайтын­дығын анық аңғартады. Ақын дінге қарсы емес, медреседегі оқуға да еш қарсылығы жоқ. Мешітке жиналған жұрттың ислам дінінің қағидаларын саналы түсінбей, маз­мұнына, маңызына бойлай алмай, оқып отырған аяттарының мән-мағынасына жете үңілмей құр сарнайтындықтарына қын­жылады. «Басқаға шариғатты суша ағы­зып, өзі оны істемейтін соқыр сезім» деп шала сауатты молданы сын тезіне алуы ақын жанын азапқа салған шындықтан туған.
Медресе тәртібін көрген, жүйелі білім алған ойшыл қаламгерді мұсылман әлемінің ең қастерлісі қасиетті Құран Кәрімнің басылуынан қате кетуі қинайды. ...«Мұсылмандардан мақтау алып тұрған Харитонов деген орыстың былтыр 1913 жылғы бастырған Құрандары бұзылып шыққан. Бұзғанда да біртүрлі «басын қол, қолын аяқ, мұрнын көз қылып, сындырып, қи­ратып» дегендей, емін-еркін адам аярлық дәрежеде бұзған». Осылайша мәселе көтере отырып Торайғыровты маза­лайтын үлкен мәселе бар. Жарайды, бұзылған Құранның «дұрыстығын тексер­дім» деген бір хазіреттің қолы бар екен, қате болған Құранды басқа ұлттың өкілдері Харитонов баспаханасына қайтарыпты, ірі кітапханалар да өз қорларынан алып бас­паханаға өткізген.
Ешқандай қозғалыссыз, үн-түнсіз отырған қазақ қауымы. «Біздің қазақтан Құранның бұзықтығын білді, иә қайтарды деп әлі біреуді естігенім жоқ. Біздің қазаққа тек сызуы бар текшелеген қағаз болса Құран бола кеткені ме әлде таралмады ма? Таралса да тазасын айырушы жоқ па деп ойлаймын», – деп С. Торайғыровтың налуы көп жағдайға меңзейді.
Уақытында оқымысты адамдардың, дін өкілдерінің Құранның басылуындағы ұшырасқан қателерді көрмеуін, білмеуін сынауы әбден орынды. Сұлтанмахмұттың өзі жазып көрсеткендей, «тек сызуы бар текшеленген қағаздың» мазмұнына ден қоймай, Құран есебінде ұстауы жан-дүниесін алай-түлей күйге түсіреді.
Қазағын сүйген, ұлтын оятуға ұмтылған ұлы ақынның Құранның басылуында кеткен қателіктерге селсоқ қараған замандастарының енжарлығын аямай сынауы жан дүниесі бай, көзауласы кең, парасатты қаламгер болғандығына дәлел.
Шағын мақала дәл бүгінгі күні өзінің өзектілігін жойған жоқ. Діннің табиғатын, философиясын, мағынасын бойлай ұқпай, түрлі теріс ағымдарға түсіп кеткен қандас­та­рымыздың тірлігін оқып, біліп, көріп оты­рып, ойпырым-ай жастарымыз жағым­сыз әдеттерден қашан арылар екен деп қамкөңіл, күйсіз жағдайды бастан кешіріп отырған уақытта Сұлтанмахмұттың тура бір ғасыр бұрын жазған мақаласы қайта-қайта еске түседі. Бірнеше қайыра оқып, Торайғыров тегеурінділігіне таңға­ла­сың. Білімділігіне, тереңдігіне сүйсінесің.

Құран бұзған

Қазан шаһа­рында көп жыл­дан бері матбуға ұстап, мұсыл­ман­ша кітап, Құран бастыру ісін дүріл­детіп, мұсылмандардан мақтау алып тұрған Харитонов деген орыстың былтыр 1913 жыл­ғы бастырған Құрандары бұ­зылып шыққан. Бұзғанда да бір­түрлі «басын қол, қолын аяқ, мұр­нын көз қылып, сын­дырып, қира­тып» деген­дей, емін-еркін адам аярлық дәрежеде бұз­ған. Бұзылған Құрандарда «дұрысты­ғын қарадым» деп қойылған бір хазіреттің қолы бар. Хазірет өңінде қарады ма, түсінде қарады ма, жоқ хазіретке сырттан жапқан жала ма, ол арасы анық емес. Не қылса да Мұхаммед (с.ғ.с.) заманасынан бері неше қиын тар заманнан өтіп, қол-аяғына шаң жұқпай мүлтіксіз келе жатқан жарықтық Кәләм шәрифімізді суыққанды достың нас қолымен ластап, бұзуы Россия мұсылмандарының не қатарда айдынды екендігін көрсетеді.
Былтыр бастырылып таратылған Құ­ран­ның бұзықтығы болары болып, бояуы сіңген соң биыл күз орта­сын­да білінді. Мұсылман мат­буға­ты сонан бері бет­терін алып, са­лып дуыл­дасу­да. Дуыл­­­дың ма­ңы­зы мынау: «Харитонов матбуғасында 1913 жылы ба­сылған Құ­ран кімде бар бол­са, өзіне қай­­тарып, ақ­ша­сын қайы­рып алсын һәм Құранды жұрт­тың лайық­та­ған бір мұсыл­ман матбуғасы ғана бастырып, мүфтидің сайлаған кісісі дұрыстығын қарап, шыға­рып тұрсын. Кім көрінсе сол бастыра бер­месін».
Сонымен, бұзық Құраны бар күрделі кітапханалар һәм басқа бір­лі-жарым ал­ған­дар да Ха­ри­тонов­тың өзіне қайтарып жатыр. Бұл қайтарып жатқан – ноғайлар. Біз­дің қазақтан Құранның бұзықтығын біл­ді, иә қайтарды деген әлі біреуді есті­генім жоқ. Біздің қазаққа тек сызуы бар тек­ше­леген қағаз болса, Құран бола кет­кені ме, әлде таралмады ма? Таралса да, тазасын айырушы жоқ па деп ойлаймын.
Соның үшін 1913 жылы Харитонов матбуғасында басылды деген Құран қазақ арасында бар болса, Харитоновтың өзіне қай­тару керек. Иә болмаса не қылса да көзін жоғалту керек. Біз де – мұсылман, кіта­бымыз – Құран ғой. «Ағузыны» мық­шита тартып, күні-түні аузы Құранға қарап жыбырлаушыларымыз бар ғой. Осы күнге шейін бұзық жері мен түзік жерін аңғару­шы­лар бізде де мыңнан біреу болса да болу­ға тиіс еді.
Торайғыров.
Ескерту:
Араб нұсқасынан кирилл әліпбиіне көшірген профессор Арап Еспенбетов.

Арап Еспенбетов, Шәкәрім атындағы университет

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста