Әуелі сөз жаралған дейді Қасиетті Құранда да. Қандай мықты кино көрсек те, қандай қойылым тамашалап, қандай керемет ән тыңдасақ та, бәрінің түп негізі – сөз. Ендеше, біз бүгінде «неге мықты кино жоқ, неге әндеріміз мағынасыз?» деген сұраққа жауап іздесек, оның бәріне – бір жауап, яғни сөз оңбай тұр.
Сөз дегеніміз, ол – мәтін, яғни драматургияда – пьеса, әнде – мәтін, ал кинода – сценарий. Егер мәтінді қызға теңер болсақ, ажарсыз қызды мың жерден әрлесең де, көріксіздігі көрініп қалатыны секілді түп негіздегі мәтін нашар болса, онда аямай аранжировка жасалса да, әннің, қандай спецэффектілермен көмкерген киноның да, әйтеуір, бір кемістігі білініп тұрады.
Бір ұлы ойшыл заманында көрерменнің театрға не үшін баратынын айтып та беріп еді ғой: «Көздің жасын сығу үшін емес, сол жасты шығару үшін жұмсалған сөздерді тыңдау үшін» деп. Қазір театрға барған жұрттың көзінен жас шығара алатын қойылым бар ма? Яғни сезімді селт еткізетін сөздің жайы, яғни драматургия қалай? Қазір қазақта мықты мәтін жоқ дей ме, театрда кейінгі жылдары шетелдік пьесалар, ең берідегі өзіміз дегенде қырғыз драматургиясы қойылатын болып жүр. Мұның мәнісін сұрағанда, режиссерлер «жақсы пьеса жоқ» десе, драматургтер «сендер неге ұлттық драматургияны қолдамайсыңдар?» деп режиссерлердің өзіне тап береді. Бұл тартыстар, әрине, мәтін үшін, айналып келгенде, сөз үшін...
Кенже саланың «тілі» қалай?
Кенже деп біз өнердің ең кенже саласы – киноны айтпаушы ма едік әдетте. Бүгінде сөздің нағыз жетіспеушілігін тартып жатқан сала – кино. Кезінде Қонаев сынды ардақты ақсақалымыздың өзі «Қазақтың екі соры бар: бірі – футбол, екіншісі – кино» дегенге ұқсайды. Қайта ол «Қыз Жібек», «Тақиялы періште» сынды шоқтығы биік туындылар көзді де, көңілді де қуантып тұрған тұс еді. Кино жайлы әңгімені тура осы сценарийден бастап көрейік.
Қазақ киносының, жарайды, қазақстандық киноның сценаристері кімдер? Кеңестік кезеңде аты дүрілдеген бір автор болған Арон деген, яғни Ефим Арон. Тағдыр ол тұлғаны 70-жылдарға жете бере бақиға аттандырыпты. Сосын кім? Асанәлі сынды ағамыз да сол сценаристер тізіміне енеді. Кинода кәдімгідей орны бар мэтрге ешкімнің дауы жоқ. Сосын, Абай Қарпықов. Бұлар – 90-жылдары жарық көрген фильмдердің мәтінін жазған авторлар. Ал бүгін ол 90-ды да артта қалдырып, 2000 деп басталатын дәуірдің де он жылын сүріп үлгердік. Қазіргі киноның сценарийі қандай, сценарисі кім? Жоқ па? О не дегеніңіз, бар, бірақ, біріншіден, аз, екіншіден, кім болса сол, әйтеуір, көңіл көншірлік кино шығарып жатқаны саусақпен санарлық қана. Кезінде «Келінмен» аты жер жарған Ермек Тұрсынов, расында, жақсы сценарист. «Ойбай, ешкі туралы екен» десек те, басқа десек те, ол фильм қоғамда резонанс туғызды. «Оскарға» дейін жетті. Басқа кім? Шынымды айтсам, соңғы мәрте айызым қанып, тұшына көрген кином «Біржан сал» болды. Әр сөзі көкірек көзі ашық, «мен қазақпын» деген адамның жүрегіне жеткен бірден-бір кино осы болды десек, артық болмас сірә. Сценарийін жазған кім? Жазушы – Таласбек Әсемқұлов. Міне, бүгінгі біздің қазақ киносына киносценарийдің қандай болатынын көрсетіп берген – осы Таласбек ағамыз. Бірақ неге сол «Біржан салдан» кейін ол кісіні қолдан-қолға түсірмей, қатарынан керемет картиналардың мәтінін жазуды тапсырмадық? Неге? Мұнда да бір кілтипан бар. Демек, бізде жақсы жазатын сценаристер бар, бірақ оларға «әлдекім» киноның есігін жауып тұрғанға ұқсайды.
Тағы бір кілтипан, жаңа кәсіби мамандар жайы. Елімізде өнер мамандарын даярлайтын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сценарий жазуды үйретпейді, ал одан басқа арнайы әдеби институт жоқ. Бүгінде Ресей киносының айдарынан жел есіріп тұрған Тимур Бекмамбетовті әйтеуір, сыртынан «жерлес» деп мақтанамыз. Мінеки, сол Темір ағамыздың мектебі бар, экшн, фэнтези секілді жанрларға жетелесе де, соған қазақ баласы қалай жетеді?
Әшірбек Сығай, сыншы:
– Экранда болсын, сахнада болсын, бүгінде тіл мәселесіне өте салақ қарап жүргеніміз рас. Әрбір тілдің тілдік бейнесі, яғни бейнелі тіл деген болады. Яғни спектакль бола ма, кино бола ма, онда кісінің санасында қалып қоятын, мақал болып, қанатты сөзге айналып, ел арасына тарап кететін сөзі болуға тиіс. Кейіпкерлер сөзінде сүйсінтерлік, сол адамның жан дүниесіне үңілтерліктей сұлу сөз болмаса, бәрі бекер. Бізде жеңіл-желпі, орашолақ, өз орнын таппай тұрған қопал сөздер көптеп кездеседі. Ол – редакторлардың, корректорлардың қателігі. Ал, жалпы, туындыға арқау болған сценарий, яғни көркем шығарманың әлсіздігі.
Тіл деген – асау ат. Жолдың ой-шұқырына, еңісіне, ылдиына мән бермесе, кісіні алып қашып, мертіктіреді. Мысалы, кезінде Әбіш Кекілбай, Смағұл Елубай, Дулат Исабеков сынды мықты қаламгерлеріміз тізгінін ұстаған сценарийлерден ешбір ақау таппайтынбыз. Айналып келгенде, бүгінде егер ондай кинолар болмай тұрса, ол, негізінен, сценарийдің әлсіздігінен, соны жазушы адамның тілдік жұтаңдығынан. Бұл – тек кинода ғана емес, қазіргі телеарналардан да байқалып жүрген дерт. Түрік, кәріс сериалдарының аудармалары тым сұрықсыз, кей сөздеріне күлкің келсе, кейбіріне ызаң келеді. Неткен қопал, неткен ыңғайсыз сөздер! Кісінің қиялын байытудың орнына, керісінше, кісінің ойын тұмшалап тастайтын дүмше, дүмбілез сөздер! Шикі сөздер! Орнын таппай тұрған кірпіш қандай болады, тайып кеткелі тұрады ғой, сол сияқты сөздер қазір экранда да, сахнада да өте көп. Құлаққа түрпідей тиетін мұндай сөздерді естіп жүрген көрермен қайдан оңсын! Сұлу сөздің нәрін телеарна, газет-журналдан күтеді емес пе халық. Ендеше, «халықтың құлағы, көзі, һәм тілі» баспасөз, кино, театр сөзі түзелмей, халық түзелмейді.
Санадағы сұлу сөздер
• «Егер әрбір бала әкесінің айтқанымен ғана жүрер болса, мына дүние өзгеріссіз қалар еді ғой...»
(«Гауһартас» фильміндегі басты кейіпкер қарияның ұлы Тастанға айтқаны)
• «Өлген адам сөйлемейді...», «Сөмкеден бақа тарбаң етіп шыға келгенде, қызық бола ма деген едім ғой...» («Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожаның сөзі)
• «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның жаны садаға («Біржан сал» фильміндегі Әпіштің күйеуі Біржанға айтқаны)
Түйін
Жалпы, киноның жетістігі сол – ондағы сөздің ауыздан-ауызға тарап кетуінде. Бұл жағынан «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Қыз Жібек» секілді қазақ кинолары мен күллі кеңес халқының аузында жүрген (әлі күнге) орыстың комедияларына осы ретте бір мархабат! Ал бүгінде кино көрсек, есімізде бір сөзі қала ма? Бір-бірімізге соны айтып, тамсанып жүреміз бе? Әлде жай, спецэффектілері мен картинасын тамашалағанға мәз болып қайтамыз ба? Есесіне, жұрттың «Шаншар», «Нысана», «Алдараспанның» кекесін, күлкілі сөздерін айна қатесіз қайталап жүргені. Соған қарап, кинодан гөрі бүгінде елге сатира театры көбірек жол тапты-ау деп түймеске амал қалмайтындай. Ал біле білсек, негізінен, кино – жай ғана өтетін де кететін, күлетін де қоятын дүние емес, бүкіл елдің айнасы. Экономикалық ахуалдан бастап, саясат та, білім де, мәдениет те – бәрінің айнасы кино. Біз сол айнадағы кейпімізге мән бермей жүрміз-ау осы... Әлде сценарийсіз бе бізде бәрі?..