Ұлтымыздың ұлық тұлғасы – Абай данамыз махаббат атты ұлы сезімді қастер тұтты. Оны өзі бастан кешірді де. Ғашықтық жайында ақ қағаз бетіне жыр жолдарын төкті. Өзі құлай сүйген Тоғжанға осындай өлеңдер өрілген еді. Елдің аузында әлі күнге дейін айтылатын «Айттым сәлем, қаламқас» әні сол ғашығына арналған екен.
Қос ғашықты тағдыр қосқан жоқ. Олар маңдайға жазылғанға қарсы тұра алмады. Жол екіге жарылғанда Абай мен Тоғжанның жүрегінде бір-біріне деген қимастық сезімнің болғаны айдан анық. Тоғжан да Абайды құлай сүйді. Ұзатылар шағында ел ағаларынан рұқсат сұрай отырып, Абаймен қоштасу зарын шығарған екен. Бұл мұңға толы ән елдің аузында өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін айтылып келген. Бертінде ол жұрттың жадынан жоғала бастаған сыңайлы. Тек «Кертаудың ат байладым аршасына, сәлем де тобықтының баршасына» деген жолдар ғана көптің есінде қалған көрінеді. Дегенмен белгілі әнші Жәнібек Кәрменов пен ақын Несіпбек Айтұлы осы әннің жаңа нұсқасын өмірге алып келген.
Тоғжан апамыз қайда ұзатылды? Бұл жайында түрлі әңгімелер айтылады. Бірқатары ол кісіні Семей өңірінде өмір сүрген азаматтың біріне тұрмысқа шыққан дейді. Осыған байланысты Сыр бойында да қызғылықты әңгімелер айтылып қалады.
Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін дария бойында Тоғжан есімді қарт ана өмір сүрген екен. Ол апамыз да сол Семей жұртының тумасы болғанға ұқсайды. Сырдың жігітіне ұзатылған. Осы жерде ұрпақ өсіріп, үлкен шаңырақтың түтінін түтеткен. Бір қызығы, ол апамыз өткен өмірі жайында ешкімге тіс жарып айта қоймаған екен.
Қызылорда өңірінде өмір сүрген Тоғжан анамыз жүз жасқа жуық ғұмыр кешкен. Ғасырлық өмірінде ағайын-туыстың ардақтысына айнала білді. Ақ жаулықты әжеміз бір қауым елді ұйытып, көптің ақылман анасына айналған. Әрине, ғасырға жуық ғұмыр кешкен апамыздың жасы Абай данамызбен қатарлас. Яғни замандас болған.
40-жылдардың соңына таман қазақтың заңғар қаламгері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасы жарыққа шыққаны белгілі. Сол эпопеяны Сыр бойындағы Тоғжан анамызға оқып берген екен. Өзінің туып-өскен жерінің адамдары жайлы жазылған кітап анамызды ерекше толқытқанға ұқсайды. Көз жасына ерік беріпті. Бәлкім, өткені еске түсті ме екен? Ол кезеңде Семей мен Сырдың арасы – біршама қашық жер. Қазіргідей жүйткіп жатқан техника жоқ. Тоғжан анамыз сонда қалған туған-туысқанды ойға алған болар?
Сол шақта Тоғжан есімді арулар аз болмаған да шығар. Мүмкін, бұл сәйкестік те болуы ғажап емес.
Бұл қай Тоғжан?!
Последние статьи автора