Көрнекті романист Сәбит Досановтың «Намыс найзағайы» деп аталатын жаңа кітабы мазмұн жағынан үлкен үш арнаны құрайды. Олар: Тәуелсіздік, Халық және Елбасы. Бұл орайда алдымен басын ашып алатын нәрсе – Тәуелсіздігіміз туралы бүгінге дейін мұндай бірде-бір көркем шығарма жазылмағандығы. Қандай да бір қоғамның замана тынысын тұтас қамти отырып көркем шығарма жазу үлкен жауапкершілікті қажет ететіні өзінен-өзі белгілі.
Бұл – Сәбит Досановтан өзге қаламгердің тәуекелі жете қоймаған күрделі тақырып. Саясат, экономика, мәдениет, көркемөнер – бәрінің басын біріктіріп, бір зауыттан шығарғандай етіп көрсеткен талантына тәнті боласыз, шығармадан жазушының туған жер, Отанға деген қан тамыры лыпып соғып тұрғанын байқайсыз. Кітаптағы көріністердің барлығы кейіпкерлердің өмір кешуі үстінде көрінеді. Яғни оқырман үшін қызғылықты, бейнелі суреттермен беріліп отырады. Романдағы ортақ желі Ақбас бүркітке байланған. Ол – Тәуелсіздік туымызды көтеріп самғап ұшып бара жатқан бүркіт суретінің символы. Жазушы қиялы соны, сол ұлылықты меңзейтіндей.
Үлкен үш бөлім («Ғасырдың ғажайып оқиғасы», «Өркениет өрісі», «Алланың аманаты») түйіскен бұл роман бүгінгі күннің буы бұрқырап тұрған өзекті мәселелерін қозғайды. Оқиғаға араласатын күретамыр кейіпкерлер: Бақыткерек, Талап, Күрлеу, Тәрбие, Гүлнар, Тілеулес, Кенжекей тәрізді халық ішінен шыққан азаматтардың қай-қайсысы да – оқырман есінде сақталып қалатын бейнелер. Қоғам ісін алға жылжытушылар да – солар. Сеніп, иланып оқисың. Іс-әрекет, мінез-құлық жағынан біріне-бірі ұқсамайтын, толып жатқан замандастарымыздың қазақ қоғамы алдында өздеріне тән арқалаған жүктері бар. Қарапайым бір мысал, оқымысты жігіт Күрлеу мен сыпайы, нәзік Сандуғаш қыздың сүйіспеншілік сәттері қандай оқырманды болсын соларға деген қамқорлық, тілектестікке шақырады. Достық көңілде отырып оқисың. Кітаптың негізгі арқауы өзіміз өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақстанның мерейі болғанда, оны айшықтап жеткізуде романның өн бойындағы оқиға, көріністер қызмет атқарып, артынан сәтті үйлесімдер табылып жатады.
Романның аты айтып тұрғандай, бұл еңбек – Тәуелсіздігіміз арқалатып тұрған «Намыс найзағайының» жемісі. Қазаққа ғана емес, ізгі ниетті адамзат баласына шыт жаңа дауыспен жар салып, «менің елімді көріңдерші, ұлтымыздан шыққан тұңғыш Президентімізді етене танып, ардақтаңдаршы» деп тұрған құдайшылық таразы таным бар. Өзі тумысынан кең, дарқан жаралған, жақсылыққа жаны құмар, өте еңбекқор жазушы Сәбит Досанов кезекті романын осылай жазуды өзіне зор міндет, ақаусыз борыш санағанын байқайсыз. Қылаусыз сүйіспеншілік бар. Өзің ақ нанын жеп отырған Отаның жайлы оның қыр-сыры көркем ашылған сан салалы оқиға тізбектерін тұшынып оқисыз. Тәуелсіздігіміздің төрешісі ретінде алынған Ақбас бүркіт біз көріп жүрген кәдімгі бүркіт қана емес, ол Қазақстан қоғамының болмысын екшеген әулие-абыз рухының символы тектес. Соның параллель көрінісі іспетті. Үстімізден айналып ұшып жүрген қамқор да қорғаушы бейне, Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері нендей күй, қандай ахуалдарды бастан кешіп, небір қиындықтарын артқа тастап, Президентіміздің жан пида еңбегінің, ерен күш-жігерінің арқасында күллі әлемге танылғанымыз көрініс береді. Талай мен деген мемлекетке асқақ арман болған Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу жетістігімен қоса, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болуы айдай әлемнің назарын аударып отырғаны да – «Намыс найзағайы» кітабының белі қайыса арқалаған жүгі.
Кітапта жаңа астанамыздың әлем назарын аударған сәулетті ғимарат, құрылыстарына дейін сөзсіз мақтанышымыз ретінде суреттелген. Автор оның өзін де қоғам дамуындағы сатылардың қатарында қисынды орнымен көрсете білген.
Кітаптың белді кейіпкерінің бірі Ерасыл бейнесінде авторға ұқсастық көп десек те, ол оқиға жүлгесімен жақсы кіріге жымдасып, роман жүгін арқалап, туындының беделін арттыра түседі. Үш қабырға толған үй кітапханасында жер жүзінде Әуезов бастаған ұлы жазушылардың айтулы шығармалары көз сүріндіріп, орын таласа сіресіп тұрғанының өзі қаламгер кейіпкер туралы ой салып, талай мағына аңғартады және шығармада қонымды түрде алынған. Бұл жалпы жазушы атаулының, қазақ жазушыларының беделін биіктете түседі. Оның бәрі сән үшін босқа жиналып тұрмағаны белгілі. Яғни ауадан кейін шығармашылықпен ғана тыныстап өмір кешетін, өзін сол жолда құрбан етерліктей оқу мен жазуға жаны құмар Сәбит Досановтың өзін танисыз.
«Алланың аманаты» аталатын үшінші бөлімге Ел мен Елбасы еңбегі тікелей арқау болған. Тек бұл ғана емес, автор Астана ғимараттарының іші-сыртын қолмен қойғандай суреттеген. Осы тұста айта кетерлік жайт, автор мейлі осындай құрылыстар жөнінде, мейлі саяси өміріміздегі, экономикамыздағы табыстар жөнінде жаза ма, осының бәрі – біздің Тәуелсіздік алған егемен елімізге деген ынтықтығымыздың, сүйіспеншілігіміздің белгісі. Жазушы халық үшін жазады дейтініміз сол. Отанын сүйген әрбір азамат аты табылып қойылған «Намыс найзағайы» аталатын бұл кітапты өзіне үлгі етсе болады.
Ізденімпаз жазушы Сәбит Досанов бұл кітапта тек жетістіктерді ғана күйттеп кетпей, қоғамдағы кейбір рухани олқылықтарымыз бен экономика жағындағы қордаланып жүрген кем-кетіктерімізді де достық ниетпен қатар алып отырады. Жазбай отыра алмайтын Сәбит Досановқа анау бір жылдардағы өтпелі дағдарыс кезеңдер де сылтау бола алған жоқ. Бұрқыратып жазып, романдары шығып жатты. Оның мына кітабында өзі келтірген көптеген бейнелі, даналық ойлардың ішінде «нағыз жазушы түрмеге қамап қойса да, жазбай отыра алмайды» деуі – соның айғағы. Кеудесіне пікір толып, тақырыптар лықсып тұратын жазушы қалам ұстамай отыра алмайды. Қорыта айтқанда, «Намыс найзағайы» романы – тәуелсіз елдің бүгінін паш еткен шоқтығы биік шығарма, сол себепті ол Мемлекеттік сыйлыққа лайық дей аламыз.
Бүгінгі заман туралы роман
Последние статьи автора