«Ауыл күзектен көшер алдында Шоқан Мысықты еркіне қоймай үйіне ертіп келді. Онысының екі түрлі себебі бар еді. Бірі – күзекке келгелі үйір болып өнеріне сүйсінген шебер бала бөлініп, өзінің үйінде қалады. Екіншісі – күздің аяғында етігі жоқ, үстіндегі шапаны далбаланған Мысық жағынан боздағы шығып тоңып жүр екен. Жаны ашып кетті. Апасына еркелене:
– Мына Мысыққа менің ана қоңыр шапанымды, жеңіл етігімді беріңізші, кисін, – деді».
Естеріңізде болса, бұл – жазушы Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» әңгімесінен үзінді. Мұнымен айтпағымыз, Мысық секілді тумысынан дарынды, сурет салып, ағаштан түйін түйетін балалар қазақта қашаннан бар, бірақ Шоқан секілді шын жанашыр бар ма? Осы орайда елімізде 1988 жылы іргетасы қаланған, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернаты және колледжі барын әлі күнге біріміз білсек, біріміз бейхабар екенбіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, 7-сыныптан бастап оқуын осы жерде жалғастыратын жас өрендер бұл жерден сурет, кескіндеме, үйлестіру, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бойынша білім алады. Ел мәдениетінің болашағын көзбен көрмекке біз аталған оқу орнына бардық.
– «Жастықта алған білім тасқа қашалған жазумен тең», – деп бастады әңгімесін оқу орнының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлдана Ғалымқызы. – Біз, міне, осындай концепция бойынша жұмыс істейміз. Тәуелсіздігімізбен бірге өсіп келе жатқан оқу орнының бірі, біз, дәл қазір өзімізді аяқтан нық тұрдық деп айта алар едік. Таяуда бізге Ираннан Мұхаммед есімді темірді көркемдеп өңдеудің шебері келді, келісімен балаларға арналған Өнер мектебін көріп таңғалды. Себебі Иранда балаларды осындай кішкентай кезінен өнерге баулитын арнайы мектеп деген атымен жоқ екен. Сондықтан олардың жоғарғы сатыларында кадр тапшы. Өнер саласында дәріс беретін ұстаздар оларда, негізінен, қарапайым кәсіпшіліктен бастап өседі екен. Өз бетінше бір бұйымдар жасап, жасаған бұйымын жәрмеңкелерге қойып, солай көзге түспесе, көтерілудің басқа жолы жоқ. Ал бізде ұстаздар Мәскеуден, Санкт-Петербургтен жоғары білім алып келеді.
Шетелден мамандар келіп қана қоймай, бұл мектептің өзі де жыл сайын Қырғызстан, Иран секілді бауырлас елдерді айтпағанда, Ресей, Чехия, Польша, Арабия, тіпті Италия секілді азулы елдерде өткен халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлдеден бастап бірнеше орындар мен марапаттауларды қанжығаға байлап қайтатын болса керек. Соңғы рет өткен жылдың жазында Прагада өткен байқаудың бас жүлдесін біздің Өнер мектебінің шәкірттері жеңіп алған. Орын өз алдына, мұндай байқауларға қатысу балалардың көкжиегін кеңейтіп, қиялына қанат бітіретіні сөзсіз. Осы жолы да бір қарағанға қарапайым ғана қала көрінгенімен, сондай бір паң Праганың атқан таңы мен қым-қуыт тіршілігінің қайнаған тұсы, сонан соң қайтадан тыныштық ұялай бастаған ымырт кезі көреген көзді суреткердің теңдессіз картинасына айналған еді.
– Мультфильм, анимация өнері ғана бізде қазір сәл кешеуілдеп, өз маманын күтіп жатыр. Мультфильм – бала көретін дүние. Ал баланың өзі пәк, тұп-тұнық сана-сезім иесі емес пе? Сондықтан ол бір көргеннен-ақ бар назарыңды өзіне аударарлықтай жағымды бейне болмаса, анау-мынау дүниені бала қабылдамайды. Не себептен? Өйткені бүгін заман басқа. Ал егер ол сіздің оны сыйлап, оны өзіңізбен тең дәрежеде көріп тұрғаныңызды, оның басында бір керемет идея бар екенін біліп тұрғаныңызды сезсе, бала ғой, барынша ашылып сала береді. Біз биылғы оқу жылынан бастап өзімізде «анимациялық графика» атты жаңа мамандық аштық. Бүгінде онда 7 бала білім алып жатыр, – деді Гүлдана Ғалымқызы. Ал ұстаз-ана өзінің әлі күнге мультфильмнің атасы Әмен Қайдаров ақсақалдың «Қарлығаштың құйрығы неге айырын» тамсана көретінін және еш жалықпайтынын айтты.
Сұхбаттасып болған соң біз интернатқа беттедік. Мұнтаздай тазалығы өз алдына, бейне көркемөнер галереясына енгендей күй кештік. Қабырғадағы суреттер, бұрыштардағы мүсіндер – бәрі-бәрі балалардың өз қолымен жасалған дүниелер еді. Міне, бір картина – үндемей ғана төменге шұқшиған күйі қыбырламай отырған сәби. Бірақ онда күту, көну және мұң тұнып тұр еді. Бала да болса, өзіне қарар ешкім жоғын сезініп, соған көніп, көзінен тіпті жас шығармай үнсіз отыр. Шынайы шығарма ма? Тіл ұшына «Бағынған бала» деген тіркес орала берді.
– Сенбі-жексенбі күнгі телефон қоңырауынан сұмдық қорқатын болдым, – деп жалғады әңгімесін Гүлдана апай. – Суицидтің келесі бір сұмдығын жеткізетіндей көрініп, жүрегім дүрсілдеп қоя береді. Әсіресе жасөспірімдер арасында белең алған осы бір дерттің түп-тамыры баланың ошақ қасы жылуын сезінбеуінен болады екен. Қойнаудағы ауылдардан келген балаларға біз ең алдымен сол жылуды беруге тырысамыз.
Жан жылуы... Баланың ең алдымен ата-анадан, қоғамнан күтетіні – осы нәрсе. Және бір басты нәрсе, ол – тәрбие. Бабаларымыз «ұлыңды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген. Жыл сайын жүздеген суретші, шебер, ұста т.б өнер иесін түлетіп ұшыратын мектебі болуының өзі ғанибет шығар, тек соларға өз саласынан орын бермей, өгейсітпесек жарар еді...