Біз бұл қыз-жігіттерді жақсы білеміз. Оларды теледидардан көріп-тыңдап жүрміз.
Қазақшаны Арыс балаларынан үйрендім
Максим Николаев, «Жетінші арнаның» «Нысана» ақпаратты-сараптамалық бағдарламасының тілшісі:
– Бес жасымда Алматы облысынан Оңтүстік Қазақстанның Арыс қаласына отбасымызбен көшіп келдік. Тілім қазақша шықпаса да, сол кезде ауыл балаларымен ойнап жүріп, бір жыл ішінде қазақ тілін үйреніп кеттім. Бірақ Арыста орыс мектебіне барып, 11 жыл орысша оқыдым. Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. Университетте жастар комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүріп, Астанаға келіп, көзге түстім. Содан «Астана» телеарнасы жұмысқа шақырды. Елордаға ең алғаш келгенде, «Көңілді тапқырлар клубында» болған достарыммен таксиде келе жатқан едік. Алда қазақ жігіті, арт жақтан мен сөйлеп отырмын, бірақ арт жақ қараңғы болғандықтан, шопыр менің орыс екенімді байқамай келеді. Шопыр біздерден: «Астана қалай, ұнап жатыр ма?» – деп сұрады. Досым: «Адамдарыңыз суық екен», – деді. Сонда шопыр: «Иә, бауырым, рас, мұнда бәрі орыс мінезді ғой», – деді. Кейін көліктен түсіп жатқанда ана кісі менің орыс екенімді көріп, қысылып қалды.
Қазақшамды жетілдірумен келемін
Оксана ЛОСКУТОВА, «Астана» телеарнасының ақпаратты бағдарламасының шығарушы редакторы:
– Орыс мектебінде оқып жүріп, өзге тілдерге құштарлығым жоғары болды. Неміс, ағылшын тілдері өз алдына, кейінгі өмірім-де бәрінен бұрын маған қазақ тілінің аса қажет болатынын түсіндім. Кезінде мені кейбіреулер әзілдеп, «казашка» дейтін, өйткені тек қана қазақша сөйлеуге тырысатынмын. Қазір мемлекеттік тілді әбден жетік меңгердім деп айта алмаймын, бірақ сөйлеуім шыңдалып келеді. Сөздік қорым да кеңейіп жатыр. Репортаж жасау арқылы күнбе-күнгі мәтіндерімнен тілді меңгеру деңгейімнің қаншалықты екенін тексеріп тұрамын. Телевизия саласына ең әуелі 1998 жылы Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетте білім алып жүргенде келдім. Облыстық телеарнадағы «Армысың, Ақтөбем!» бағдарламасында журналист Руслан Дарбаевтан көп нәрсе үйрендім. 2006 жылдан бері «Астана» телеарнасында қызмет етемін.
Ес білгелі қазақша сөйлеймін
Анна ДАНЧЕНКО, «31-арна» телекомпаниясының «Информбюро» ақпаратты бағдарламасының тілші- жүргізушісі:
– Мен туып-өскен Қызылорда облысының Арал қаласы қазақы өңір болатын. Ес білгелі қазақша сөйлейтінім содан. Ұлтым – орыс. Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында оқып жүрген кезде қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Кейін жергілікті қалалық телеарна жұмысқа шақырды. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеуім және телеарнада жұмыс істеуім маған адамдармен кең қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берді. Бірде көңіл көтеру орнында отырсам, жанымда отырған жігіттер «мына қыз әдемі екен, танысу керек екен» деп естіртіп сөйледі. Олар мені қазақша түсінбейді деп ойлады. Мен күліп, «танысамын десеңіздер, қане, танысайық» дедім. Жігіттердің төбесінен жай түскендей болды. Дегенмен өзім көбіне мұндай ыңғайсыз жағдайлардың алдын аламын. Көпшілік жиналған жерде қазақша білетінімді бірден байқатып сөйлеп отырамын.
Қазақ мектебіне берген әкеме ризамын
Майя Веронская, «Қазақстан» ұлттық арнасының редактор-жүргізушісі:
– Мен қазақ тілін 5-сыныптан бастап білемін. Оның алдында орыс мектебінде оқыдым. Орыс отбасында дүниеге келдім, қаланың өзінде тұрдым, мүлдем қазақша білген жоқпын. Бірақ Тәуелсіздік алғаннан кейін әкем «қызым, егемен ел болып жатырмыз, мемлекеттік тілді білу керек», – деп, мені қазақ мектебіне ауыстырды. Кейін жоғары оқу орнының қазақ филологиясы факультетін тәмамдадым. Түрім орыс, тілім қазақ мен қоғамдық орындарда көпшілікті жиі таңғалдырамын. Бірде фотосурет шығару салонында екі қазақ кісі менен бірдеңе сұрады. Әлгі адамдардың орысша қойған сұрағына ойланбастан қазақша жауап беріп жатсам, олар «біз қазақша сұрадық па, орысша сұрадық па?» деп таңғалысып қалды. Қазақпен бейсаналы түрде қазақша сөйлесіп кетеді екенмін. Қазақ тілін білмеген адам саяси-мәдени өмірге еркін араласа алмайды, сондықтан да кемелденген азамат бола алмайды деп ойлаймын.
Мен – Бибігүл Қазақбаевамын!
Юлия Кушнарева, «Хабар» агенттігінің ақпаратты бағдарламалар дирекциясының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі:
– Мен Алматыда туғанмен, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы нағашы жұртымда тәрбиелендім. Ол жер қазақы ауыл, ал біз жалғыз орыс отбасы болатынбыз. Сондықтан, қалжыңдап айтқанда, «амалдың жоқтығынан» қазақша үйрендім. Студент кезімде жұртпен «аты-жөнім – Бибігүл Қазақбаева, ата-бабам Алтай жақтың сары қазақтары» деп танысатынмын. Бірде көшеде біреу «Бибігүл!» деп айқайлайды, мен қарамай кете бергенмін. Бір кезде әлгі адам мені қуып жетіп, «сен Бибігүлсің ғой» деді. Онымен солай танысқаным есіме түсіп, «Бибігүл» болып әңгіме айтып келе жатыр едім, алдымнан старостам шығып, маған «Юлия» деп, бір нәрсе айтты. Сөйтіп, өтірігім шығып қалғаны бар. Соңғы кездері менің байқағаным, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығы артып келеді. Мысалы, ең кішкентай жиенім мен сияқты қазақша таза сөйлегісі келеді, қазір қазақ балабақшасына барып жүр. Сол сияқты баласына мемлекеттік тілді үйреткісі келетін ата-аналар да көбейіп келеді.
Екі аптада қазақшаға судай болып шықтым
Игорь САХАР, «Хабар» агенттігінің «Бизнес-шолу» бағдарламасының диктор-редакторы:
– Маңғыстау облысының Шетпе кентінде дүниеге келдім. 15 мыңдай тұрғыны бар сол жердегі халықтың 99,9 пайызы дерлік қазақша сөйлейтін. Анам қазақ мектебіне берді, тілді екі аптада үйреніп алдым. 2002 жылы Ақтау қаласындағы «Қайнар» колледжіне оқуға түстім. Сол жерде «КВН-ге» қатысып жүріп, радиоға жұмысқа шақырылдым. Одан кейін «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасында қызмет еттім. Жүргізген хабарларымды жазып алатынмын, алғашқы эфирім наурыздың 14-і күні сағат 19.00-де болды. Кейін соны тыңдасам, ұялатынмын. Былайғы уақытта ауыз жаппай жүретін болсам да, сол күні тікелей эфирде қазақша екі ауыз сөздің басын қоса алмадым. Бірақ ниетімнің арқасында қазақ тілінде сауатты сөйлеуді меңгеріп келемін. Жалпы, бойымда отаншылдық пен қазақ тіліне деген сүйіспеншілік болмағанда, кейбір отандастарым сияқты мемлекеттік тілді үйренбеуім де мүмкін еді. Бірақ мен үшін қазақ тілін білу – атамекенге деген құрмет.