Біз қашан қазақша күлеміз?

Біз қашан қазақша күлеміз?

Қазір біз кімге, неге күліп жүрміз осы? Біздің күлкімізден қай ұлттың исі аңқиды? Кейінгі кездері мені осындай ой мазалап жүр. Оған түрткі болған – қазіргі кездегі қаптап кеткен аты әзіл, заты әжуа бағдарламалар. Қай арнаны қоссаң да көз алдыңа көлбең етіп шыға келетін осы жобалардың көпіршіктей құр көпіргені болмаса, ішінде іліп алары аз ғана. Сенбесеңіз, шетінен шертіп, талдап көрелік.

Әңгімеміздің әлқиссасын әзіл-қалжыңның әр замандардағы түрлерінен бастасақ. Себебі күлкі де заманына сай «ыдысы» мен «киімін» қажет етеді екен. Олай дейтініміз, сонау 70-80 жылдары «Тамашаның» түкірігі жерге түспей тұрса, бүгінде ол «қартайған» секілді. Сол сияқты «Бауыржан шоу» да біршама уақыт дүрілдеді, сосын «Күлкі керуені», «Шаншар», солай-солай біріне-бірі ығысып, орын бергендей. Және де бұл құбылыс тек біздің қазақты ғана емес, әлгінде өзіміз салыстырмалы түрде алып отырған Ресейді де толғантып отырса керек. Мәселен, «Аншлаг», «Кривое зеркало» сынды бағдарламалар біздегі «Тамаша» сынды құрдасымен мұңдасатындай дәрежеде екен. Оның мәнісін мамандар «сіз бір кездері бесқабатты үй салу арқылы айналаңызды таңғалдырғаныңызбен, уақыт өте келе үйіңіздің жанынан бой көтерген биік мұнараны көресіз. Сонда барып дәуреніңіздің дөңгеленіп өте шыққанын мойындауға мәжбүр боласыз» деп түсіндірсе, белгілі сатирик Көпен Әмір Бек былай деп түйеді:

– Қазақтар баяғыда басына бөрік, үстіне шапан, аяғына саптама етік киді екен деп, біз қазір туфли кимей қоймаймыз ғой?.. КВН-нің әзіл-сықақ театрларынан бір ерекшелігі – бие сауым уақытта жасайтын қойылымдарды тарс-тарс еткізіп, бір-ақ ауыз сөзбен айтады да тастайды. Таяуда қазақстандық «Астана.kz» командасы Масляковтың КВН-інен үшінші жүлде алып келді. Бүкіл Ресей елдері арасынан қола жүлдеге ие болу – анау-мынау емес, тапқырлық жағынан орыстардың өзін ойлантатын дәрежеге жеттік деген сөз.

Бүгінде өзіміз көріп жүрген әртүрлі телеарналардағы әзіл-сықақ жобаларын жасаушылардың дені – осы «Астана.kz» командасының құрамындағы әзілкештер. Нұрлан Қоянбаев, Нұрдәулет Шертім, Дастан, Дәурен, Ақылбек сынды жігіттердің алғаш сахнаға университет аралық КТК (көңілділер мен тапқырлар клубы) ойындары арқылы көтерілгенін бәріміз жақсы білеміз. Естеріңізде болса, тележобалардың өре басы «Хабар» арнасындағы «Шатақханадан» басталып еді ғой? Сол кезде бір кемеде жүзген еліміздің «квншілері» де келе-келе өз соқпақтарын тапты десе болғандай. Бір тобы 31 арнадағы «Әзіл-студио», «Әңгіме болсын» секілді әзіл-сықақ бағдарламаларының тізгінін ұстап жүрсе, тіпті Тұрсынбек Қабатов сынды жеке шығармашылық кешін өткізетін деңгейге жеткендері де бар. Ал енді бір бөлігі – Дәуіт Шайхисламов пен Нұртас Адамбаевтар бүгінде «Наша казаша» атты ресейлік «Наша Russia» -ның қазақшасын жасап жүр... Көпшілік көрерменнің, әсіресе қазақтардың намысына тиетін осы бағдарлама «агашка», «келинка» деп шала қазақтарды күлкіге айналдырамыз деп, тілді бұзғанымен қоймай, өздері күлкі боп жүргендей. Ресейдің «Наша Russia»-сына плагиат жасағысы келген жобаның мазмұны орыс ағайындардың қасында жіп есе алмайтыны айдан-анық көрініп тұрады. Ондағы бір ғана Галустянның өзі жатқан күлкі ғой! Олар, шын мәнінде, күлкі етеді, күлдіреді, ал біздікілер соның көшірмесін жасаймыз деп күлкі болады, бүлдіреді!
Күлдірем деп бүлдіретіндердің бірі – КТК телеарнасындағы «Қыз қылығы ма», «Қыз былығы» ма, қалай болса да, әйтеуір қыздарды ақымақ етіп көрсететін жоба. Осындай ойсыз, орынсыз күлкіге құрылған арзан жоба қыз атаулының құнын түсіріп бітті десе болғандай.

Көңілге медеу боларлық бір ғана сатиралық жоба болса, ол «Мәссаған» шығар... Жобаны жасаушылардың өздері ол жайлы «дағдарысқа қарсы арнайы жасалған телевизиялық жоба» деп түсініктеме берген. Расында, еліміздегі барлық әзіл-сықақ театрларына да орын беріп, сол арқылы көп көрінбей кеткен әріптестеріне ақпараттық жағдай туғызып, сонан соң қазақ әншілері, жалпы өнер жұлдыздарының қиын жағдайда қыспаққа алу арқылы актерлік шеберліктерін сынға алатын, ең қызығы, танымал адамдарды «мәссаған, мен алдандым» деп шын күлдіретін «Мәссаған», бүгінде барлығынан оқ бойы озып тұр. Әрине, олар да Ресейдің «розыгрыш», «наконец-то ты пришел» секілді жобаларынан идея алып жүр, дегенмен оны қорытып әрі қиюластыруда шеберлік таныта білді. Айтқандай, осындағы Әділет Жұмабек, Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек сынды жетекші жігіттер де – кезінде КТК атты «қалжыңбас атайдың» шекпенінен шыққандар. Әйтеуір осылай біртіндеп біздің күлкіміз де өзімізге лайықты деңгейге көтеріліп, түсінікті тілге келтірілсе ғой. Заманауи кейіпке енгіземіз деп, қазақылықтан аулақ кетуге де болмайды. Қанша жерден заманымыз бір дегенмен, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тағы бар. Яғни орыстың әзілін орыстардың өзіндей, өзбектің әзілін өзбектей ешкім түсінбейді. Қанша қызық болса да армян, грузин әзілін қазақшаға аударса, бізге түк күлкілі көрінбеуі мүмкін. Сондықтан бізге өзіміздің қазақы қалжыңымызды дамыту керек. Мұны неге айтып отырмын, себебі «Наша казаша» секілді бағдарламалардың бағының жанбай отырғандығы – оның орысшадан аударылған әзілдерді қолданатын дүбәралығында. Жігіттің қыз болып киініп, орысша сөйлей алмайтындарды, керісінше қазақша сөйлей білмейтіндерді кекетуі атам заманғы әзілдер, бүгін оған ешкім күлмейді. Сіз байқадыңыз ба, орыстар қанша жерден түйреп, шымшылап күлдіріп жатса да, өздерін өмірі әжуаламайды ғой?... «Comedy Club», «Наша Russia» не КВН болсын, былай қарағанда ұсақ-түйек секілді көрінетін қоғамдағы жайларды өзімізге көрсету арқылы ғаламдық проблеманы меңзейді. Мәселен, олар көтеріп жүрген виртуалды махаббат, тинейджерлердің есеюге асыққан кездегі ебедейсіз қылықтары – бұлардың қайсысын алсақ та нағыз ХХІ ғасырдың тақырыптары. Ресейлік бір басылым елдегі ең беделді, жас-кәрі демей сүйсініп көретін «Comedy Club»-тың артисті Гарик Мартиросяннан жалпыға күлкілі әзілдің құпиясын сұрағанда ол «Әзілдің өтімділігі – бірінші кезекте оның өзектілігінде, яғни біздің әзіліміз өтімді болып жатса, ол өзіміз әжуалап жатқан шоубизнес адамдарымен, олигархтармен, тіпті гомосексуалистермен де күнделікті өмірде қатар жүріп, бетпе-бет ұшырасып жүргенімізде шығар?.. Ал мұндай жағдайда ойдан түкті де шығарудың қажеті жоқ» деп жауап қайтарған. Ал біз қазақтар, айналып келіп не ауыл қазағын «мәмбет» деп, не қала қазағын «мәңгүрт» деп күлеміз. Болды. Біздің қоғамда осы екі тақырып қозғала-қозғала жауыр болды. Жастардың жаргонымен айтқанда, «тізесі шығып кетті». Қазақ қазақты осылай өзі мазақ қылып жатқанда, басқалар бізді қалай басынбасын? Қашан біз өзгеге еліктеуді қойып, қазақша күлетін боламыз осы? Қазіргідей арзанға жыртыңдамай, бүкіл болмысымызбен, ішкі жандүниемізді ақтара, тауып айтылған теңеуге риза болғанымыз сонша, бір-бірімізді иықтан бір ұрып, ішек-сілеміз қата күлер күн қашан туар екен?

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста