Жыл соңына жетіп, жаңа бір күнтізбелік мерзімге аттағалы отырғанда алды-артымызға қарайлап, «басымыз аман ба, бауырымыз бүтін бе» деп, өзді-өзімізге есеп беретініміз бар. Күні кеше тірісінде абыз, аңыз болған Әбіш Кекілбаев қайтты дегенде қайғырмаған қазақ қалмады. Әсіресе бұл әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларынан қатты байқалды. Күні кеше дәл өзіміздей жүрегі соғып тұрған аңыз адамдармен бір заманда, бір дәуірде өмір сүргенімізді ұғына алдық па, түйсіне алдық па? Өткенін елемеген адам өтерін бағамдай алмайды. Ендеше біз бен сіз ес білген шақта өмір сүрген 10 ұлы тұлға кім? Еске алайық.
Талғат Бигелдинов (1922 — 2014)
Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған жалғыз қазақ. Авиация генерал-майоры жауынгерлер арасында «ұшқыш-танк» деп аталып кеткен «Илюша» ұшағының тізгінін басқарып, 1942-1945 жылдар аралығында жаудың көзін жою мақсатымен көк аспанда 500 сағатын өткізген. 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға қатысқан. 1945 жылы Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысып, талқандалған вермахтың туын Кремль қабырғасына біріншілердің бірі болып лақтырған. Талғат Бигелдинов қазақтың палуаны Қажымұқанмен тығыз байланыста болған. Қажымұқанның қаражатына құрастырылған әскери ұшақ негізінде осы Талғат Бигелдиновке арналған делінеді. Алайда ол алдыңғы шепте жүретін, алдыңғы қатарлы ұшқыш болғандықтан өзіне арналған ұшаққа отыра алмай кетіпті.
Әмина Өмірзақова (1919 — 2006)
Қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының бірі Әмина Өмірзақова көпшіліктің көкейінде ана бейнесімен сақталды. Қазақ киносының өшпес мұрасына айналған «Тақиялы періште» фильміндегі ролі халықтың махаббатына әлі бөлініп келеді. Ленинград Мемлекеттік театр институның түлегі театрда да, кинода да өзіне тапсырылған рольдерді шебер сомдай білді. «Абай», «Жамбыл», «Бір ауданда», «Ана туралы аңыз», «Арманым менің», «Ақ шаман», «Нан дәмі», «Шанхай» және тағы да басқа 30-дан аса фильмде ойнаған актриса халықтың қошеметіне бөленіп, кино өнерінің алтын қазынасына айналды.
Тұманбай Молдағалиев (1935 — 2011)
Қазақ әдебиетінің төл ақыны Тұманбай Молдағалиевтің жастық шағы соғыстан кейінгі жылдарға тап келеді. Сол кездері ол кеңес адамдарының рухын көтеріп, патриоттығын нығайтатын өлеңдерімен таныла бастады. Өмірінің соңына дейін қазақ ұлты, жері, Отаны мен даласы, сонымен қатар, Елбасына жалынды өлеңдер арнап, патриоттықты жырлап келді. Сонымен қатар, Тұманбай Молдағалиев қазақтың лирик ақыны ретінде мойындалған. Оның сезім жайлы нәзік жырлары сұрапыл соғыстан кейінгі суық көңілге нұр шашқан жылы сәуледей болып енді. Өмірін поэзияға арнаған ақын көзі тірісінде 40-тан аса жинақ жазып, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сияқты композиторлардың әндеріне сөз жазып, қазақ әдебиеті мен өнеріне өшпес мұра қалдырды.
Фариза Оңғарсынова (1939 — 2014)
Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова өмірден өткенде қазақ әдебиетіне бір табан жақын жұрт есеңгіреп қалды. Туғанымыздай болып кеткен ақын апа мәңгілік өмір сүретіндей көрінетін. Оның сыршыл, нәзік жырларымен әрбір жасөспірім алғашқы махаббатын жырлайтын. Оның пәлсапалық, терең ойлы өлеңдерімен өмірдің қиындықтарын жеңетін. Фариза Оңғарсынованың өлеңдері жинақы, жұмыр, тілге оңай болғандығымен қарапайым халыққа түсінікті еді. Сонысымен де ол қарапайым халық арасында сыйлы, зор қошеметке бөленетін.
Қадыр Мырза Әлі (1935 — 2011)
Өлеңді серік еткен заңғар ақын Қадыр Мырза Әлі түрлі тақырыптарда қалам тербеген. Оның балаларға арнап жазған тәрбиелік өлеңдерінің өзі бір төбе. Көзі тірісінде жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Халық арасында кең таралған 200-ден астам әнге сөз жазған. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Сонымен қатар, ақынның тауып айтқан дана сөздері қазақ афоризмдері болып ел арасында кең таралған.
Әбіш Кекілбаев (1939 — 2015)
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Қазақстанның жан-жақты қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі жылдары тіл мәселесі, жер-су аттары, ұлттық тарих, мәдениет пен әлеумет жайы, ұлтаралық, халықаралық қатынас істеріне араласып, оңтайлы шешімдер қабылдауға атсалысты. Қазақ әдебиетіне «Үркер», «Елең-алаң» романдары секілді шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкеліп қана қоймай, публицистика жанрында елеулі еңбек етті. Абыз тұлға саналы ғұмырында Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекет хатшысы, Парламент Сенатының депутаты сияқты жауапты қызметтерді атқарды.
Роза Бағланова (1922 — 2011)
Қазақтың Халық қаһарманы атанған бұлбұл әншісі Роза Бағланованы жақсы көрмеген қазақ кемде-кем. Өзіне тән сыңғырлаған ерекше даусы, бойындағы еркелігі қазақ халқын ғана емес, бүкіл ТМД елдерін баурап алды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жауынгерлердің рухын көтеру мақсатында қан майданды аралап өнер көрсеткен, ал 1945 жылы 9 мамырда Берлинде өткен Жеңіс шеруінде ән айтқан. Роза Бағланова ұлттық ән өнерін дамытуға зор үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал етті. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлардың әндерін, шет ел халықтарының әндерін нақышына келтіре орындады. Ол гастрольдік сапарға шығарда міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйреніп баратын. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.
Ермек Серкебаев (1926 — 2013)
КСРО Халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаев Қазақстанды әлемге танытты. Тамаша вокалдық дарынының арқасында опералық театрдың үздік қойылымдарында басты рольдерді сомдады. Опералық және камералық кең репертуарға ие болды. «Севилья шаштаразы» қойылымындағы Фигароның ролі оның козарі болатын. Танымал кавантинаны Серкебаевтай орындайтындар кемде-кем еді. Әнші концерттік гастрольмен 50-ден аса елде өнер көрсеткен.
Әзілхан Нұршайықов (1922 — 2011)
Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” романын оқымаған қазақ кемде-кем. Оның әдебиет саласындағы алғашқы қарымды еңбектері соғыс жылдарына тұспа-тұс келеді. Жауға қарсы соғыса жүріп, жалынды өлеңдер жазып, жауынгерлердің рухын көтерді. Жазушы әңгімелерінің көбі махаббат, адалдық, достық, мейірімділікке арналды. Оқырмандары оған «Махаббат патшасы» деген атақ берген.
Шыңғыс Айтматов (1928 — 2008)
Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовты әр қазақ өз бауырындай, өз ағасындай көретін. Оның повестері, романдарымен бірнеше буын ержетіп, бойжетті. Жазушының туындылары түгелдей қазақ тіліне аударылған. Ол замандастарының түрлі мінез болмысын, жастардың шынайы махаббатын, адам бойындағы қатігездік пен мейірімді шеберлікпен суреттейтін. Әр туындысы оқырманның жүрегінен орын таба білді. Көптеген туындылары театрда сахналанып, экрандалды.
Деректер ашық интернет кеңістігінен алынды