Ән сахнасында арзан атақ қумай-ақ талантымен тамсандырған әншілердің қатарында Жанна Орынбасарова бар. Таңсық жанрмен тыңдарманын тапқан әнші жасырын ұстаған жеке өмірі мен қоғам жайлы ойын ортаға салды. Сонымен, әнші азаматын тапты ма? Саяси қоғамға деген көзқарасы қалай? Кимешекті хиджаппен алмастырған әріптестеріне неге назалы?
– Жанна, қазіргі таңда көптеген әріптестеріңіз бір-бірінен қалмай, жеке кеш беріп жатыр. Сіз де сахнада жүрген ұзақ жылғы еңбегіңіздің есебін берудің қамын ойластырып жүрсіз бе?
– Негізі үлкен кеш беріп, тыңдармандарымды қуанту көптен бері ойымда жүр. Бірақ оның бәрі қыруар ақшаға тірелетіндіктен, жақын уақытқа жоспарлап отырған жоқпын. Қазіргі тапшылықта бұрынғыдай демеушілер табу да қиын. Дегенмен, менің шағын ортада болса да жанды дауыста жиі кеш беріп жүргенімді көпшілік жақсы біледі. Өткен пандемия кезінде де қолдан келгенше онлайн концерт беріп, саф өнерге шөліркеген жұртты қуантуға тырыстым. «Сабақты ине сәтімен» деген. Сәті түскенде Астана мен Алматы сынды үлкен қалаларда жеке кешімді берермін.
– Қазақ сахнасындағы алғашқы джазмен саналасыз. Бұл жанрдағы туындылардың құлашын кеңге жая алмауына не себеп?
– Себебі, бұл жанр бізге сырттан келген. Ал таңсық дүниенің таралуы қиын.
– Кью-поп та сырттан келген жоқ па?
– Мәселен, кью-поптың жанкүйерлері – жастар. Ал жалындаған жастардың тың образ бен таңсық дүниеге құмар екенін жақсы білесіз. Кезінде ондай жолдан біз де жүріп өткенбіз. Байқағаным, заман ағымына сәйкес ән өнерінде қандай бағыт шығып жатса да көпшілік Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Мәдениет Ешекеевтің, Ескендір Хасанғалиевтің әндерін әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды. Тіпті, барған жерімізде де сол кісілердің әндерін орындауымызды өтініп жатады. Сондықтан ел есінде жатталған ескі туындыларға джаздың ноталарын қосып, репертуарыма қосып жүрген жайым бар.
– Жалпы ән өнерінде ілгерілеушілік бар ма, қалай ойлайсыз?
– Бір кездері жастар арасында шыққан әндердің дені күйдім-сүйдімнен аспайтын еді, ал кейінгі толқын мотивациялық туындылар ұсынып жүр. Осыған қуанамын.
Бір жақсысы, қазіргі жастарға талантын танытудың жолы өте көп. Әлеуметтік желіден өзге, алыс-жақын елдерде ұйымдастырылатын түрлі байқауларға қатысуға да мүмкіндіктері бар. Соның бір мысалы ретінде Қытайда өткен байқау арқылы жұлдызы жанған Димашымызды айта аламын.
Тағы бір айта кететіні, бүгінгі жастарды «шетелге еліктеді» немесе «өзге тілде ән шырқады» деп айыптап жатады. Мысалы, Шоқан Уәлиханов орыс тілін жетік білді, орыс география ғылымының мүшесі болды. Сол арқылы қаншама ел мен жер танып, соңында төл әдебиетіміз бен мәдениетмізді танытатын қаншама ғылыми мұра қалтырды. Бірақ ол одан орыс болып кеткен жоқ қой. Біз әрқашан үйде төл тілімізде сөйлеп, балаларымыздың бойына салт-дәстүрді сіңдіріп, үлгі болып отыруымыз керек. Ал отбасында ұлттық құндылықты көріп өскен бала қай заманда да елі мен жерінен жерінбейді.
– Кейінгі кезде әртістердің біразы шындығын ашып жатыр: бірі құмар ойынға құштар болғанын айтса, бірі есірткіге, бірі біреудің тоқалы болғанын жайып салуда. Бұған не айтасыз?
– Біреудің тоқалы болу арқылы танылған әртістердің дені қайда қазір? Жоқ қой. Олар сахнаға келеді де кетеді. Өнерге жан-тәнімен беріліп, шынайы қалауымен келген адам ғана сахнадан ешқашан түспейді. Бірақ мен біреуді пәленшенің немесе түгеншенің ақшасымен көтерілді деп сөгуден аулақпын. Әркімнің өз тағдыры мен шығар биігі бар.
Әлеуметтік желілердің шыққанына бір жағынан қуанамын. Себебі, қазіргі жас таланттар қалталы көке мен пысық продюсер іздемей-ақ, өнерлерін бұқараға танытып жатыр. Сондықтан кімнің кім екенін халық өзі көріп отыр.
– Ән сахнасында жүрген қыз-келіншектер шетінен орана бастады. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па, қалай ойлайсыз?
– Меніңше, бұл дұрыс емес. Неге десеңіз, олар өз сөздеріне өздері қайшы келіп жүр. Себебі, олар айтқандай, әйелдері оранып, беттерін бүркеп жүретін елдер сахнаға шығуға мүлде қарсы.
Ал бұлар соларға еліктеп «анау харам», «мынау харам» дейді де, қастарына татуаж, бетеріне бояу, еріндерін екі елі қылып өсіріп алып, сахнада жүреді. Сонда ол харам емес пе?! Кімді алдағылары келеді.
Керісінше, қазақтың тарихында ән айтып, күй шертіп, жыр төккен жандарды дастарханның төріне отырғызған емес пе еді?! Біздің ата-дәстүріміз қайда қалды сонда? Осыған зығырданым қайнайды.
– Сіз аяққа тұру жолында аз қиналмаған екенсіз. Оның үстіне жастай жұбайыңыздан айырылып қалғаныңыз бар. Мұндай қиындықтарды еңсеру сізді қандай әйел етіп қалыптастырды?
– Құдайға шүкір, ешкімнің ала-жібін аттамай, өз жолыммен келе жатырмын деп ойлаймын. Бірақ өткерген қиындығым мені қатал мінезді әйел қыла алмады. «Сүтпен кірген мінез сүйекпен өтеді» деген рас па деймін. Алайда, өзіме қатаң талап қоюды үйрендім. Сыртқа жұмсақ болып көрінгеніммен, ішкі менім күшті. Бұл жетістікке жетем деген адамға қажет мінез деп санаймын.
– Бір кездері өзіне сенімді азамат болса, тұрмысқа шығудан тартынбаймын дегенді айтып едіңіз. Ондай жанды жолықтырдыңыз ба?
– Иә, бағыма орай жанымды түсінетін жанды жолықтырдым. Бірақ, өнердің ортасынан емес. Бастысы, қолымнан қақпай, өнер жолында қолдау білдіріп отырады.
– Қызыңыз бой жеткен болар?
– Негізі, алған мамандығы бойынша заңгер еді. Бірақ кейін келе мүлде өзге саланы таңдады. Қазір кәсіби әртіс болуға талпынбаса да жұмысымен селбестіріп студияға барып, өз бетінше ән жазып жүр. Жуырда ғана бір трегі жарық көрді. Қолдау көрсетіп тұрамын, бірақ «қаржылай көмектеспеймін» деп о баста кесіп айттым. Себебі, адам өз маңдай терімен таппаған соң біреу берген ақшаның қадірін білмейді. Соны ұғынсын дедім.
– Айтпақшы, сізді той-томалақтан жиі көре бермейміз. Неге?
– Иә, менің репертуарымда жиын-тойда айтылатын әндер өте аз. Содан болар той-томалаққа жиі шақыра бермейді. «Ақшаның түбіне жетпейсің» деген, өзім де тойға арнап ән жазуға құштар емеспін. Құдайға шүкір, концерттік түрлі жобалар бар ғой, соларға қатысамын. Оның үстіне Қазақконцерт орталығында қызмет жасағандықтан, арасында шығып тұратын ән сапарларымыз бар. Әйтеуір жеңіл ән жазып, көкқағаздың соңына түспесем де нәпақамды тауып жүрмін.
– Бір сұхбатыңызда «жағымсыз жаңалықтарға көңіл аудармауға тырысамын» депсіз. Бірақ көз көріп, құлақ естіген дүниені жоққа шығара алмайсыз ғой. Осы ретте көңіліңізді құлазытатын жағдай көп пе?
– Қаңтар қырғынында ел болып егілдік қой. Қаншама азамат қыршын кетті. Соны ойласам, ет жүрегім елжірейді. Жатсам-тұрсам еліміздің амандығын тілеймін. Құдай айтып келмейтін табиғи апаттан сақтаса екен деймін.
Президентіміз «Жаңа Қазақстан жасаймыз» деді ғой. Сол уәдесінде тұрып, елімізді жақсылыққа бастайды деген үмітім бар.
Бұрынғы биліктің тұсында ел сайлау атаулыдан жерінетін еді. Биыл өзгерістен үмітті болса керек, жуырда өткен сайлауға қатысушылар қарасы көп болғандай көрінді. Кімнің өз елінде, өз жерінде жақсы тұрғысы келмейді дейсіз. Енді сайланған депутаттарымыз қарашаның қамына негізделген заңдар қабылдап, жұмыстарына жауапкершілік танытып, құлқынның емес, ұлтының қамын ойласа, еліміз өзгереді деп сенемін.
– Десе де биылғы сайлауды спектакльге балағандар бар. Оған додаға түскен әртістерді қосыңыз...
– Бұрынғы сайлаулар да мұндай спектакльден кем емес болған. Біз көзбен көрмегендіктен көп нәрсенің жайын біле алмадық. Тіпті, білсе де ешкім ештеңе дей алмады. Дегенмен, осы жолғы сайлау біршама ашық өтті деп ойлаймын. Өзінің бағдарламасын алға тартып, кандидатурасын ұсынған жекелеген азаматтардың да қатары көп болды. Әлеуметтік желіден бюллетенді сапырыстырып баққандарға қарсы тұрып, заң аясында талап еткен бақылаушыларды да көрдік. Мұның өзі демократияға бастаған алғашқы қадам сияқты. Бұл алдағы сайлаулардың әділ, ал соттардың ашық өтетініне әкеледі деп сенемін.