Әлима Омарбекова – көпбалалы отбасында дүниеге келген дарын иесі, әрі өзі де қазір төрт бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, сүйікті жар. Қазақ бейнелеу өнеріндегі Гулфайруз Исмаилова, Сәуле Бапанова, Айша Ғалымбаева, Батима Заурбекова, Гүлжаһан, Гүлшат, Айгүл секілді нәзік жандылардың ізін жалғастырушы Әлима бейнелеу өнерінен арнайы білімі болмаса да, гобелен жанрында ғажап дүниелерді жарыққа шығарып жүрген суретшілердің бірі. Қазіргі таңда Ә.Қастеев атындағы мұражайда Әлима Батырбекқызының жеке көрмесі өтуде.
Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында туып-өскен Әлиманың бірге туған бауырлары да сурет өнеріне өте жақын көрінеді. Өнер иесінің айтуынша, суретшілік өнер – олардың отбасына ата-бабасынан берілген табиғи дарын. Алайда Әлима да, оның бауырлары да бейнелеу өнерінен басқа салаларды таңдаған екен. Әлима Омарбекова Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде химия-биология мамандығы бойынша білім алды. Дегенмен Әлима өзінің жанына жақын өнерден ешқашан алыстаған емес. Үлкен жауапкершілікті жүктейтін бала тәрбиесі мен өзінің сүйікті ісін ұштастырып қатар алып жүру – кез келген әйел баласының қолынан келер оңай шаруа емес. Нәзіктігінің ар жағында үлкен жігері бар Әлима өзінің «Көк әміршісі», «Дала әуендері», «Сағыныш», «Өмір иірімдері», «Шабыт», «Көлсай» сынды жұмыстарын жеке көрмесінде көпшілік назарына ұсынды.
Әлима Батырбекқызының гобелен жанрында жұмыстар жасап жүргеніне он жылдай уақыт болды. «Алғашында үйде отырып жұмыс істей бастаған кезімде енем, балаларым отыра қалып жіптерімді ажыратып беруге көмектесетін. Ол кезде жіптерімнің түрі де аз еді. Шүкір, он жыл ішінде көптеген шығармалар тудырдым. Қазіргі кезде картиналарды жақын адамдарыңа сыйға тарту сәнге айналды ғой. Кейде азды-көпті тапсырыстар түсіп жатады. Дегенмен өз қолыңнан шыққан дүниені сыйға тартуға, сатуға қимай қалатын кездер де болады», – дейді Әлима Батырбекқызы.
Кейіпкеріміз – әйел бақытын, ана бақытын иеленген жанның бірі. Әлиманың осы көрмесін ұйымдастыруға қол ұшын беріп, барынша қолдау көрсеткен өзінің өмірлік жары – Мақсат Ғазиев деген азамат. Өнерді түсінетін, бағалайтын отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларының ішінде ұлдары Жасұланның суретке деген ынтасы ерекше. Оның бойындағы дарынын, суретке деген бейімін байқаған белгілі суретші Мәлік Қайдаров жас дарынның көркем сурет училищесінде білім алуына мұрындық болды. Ал біз барша өнерсүйер қауым атынан Әлима Омарбекованы келе жатқан жаңа жылымен құттықтай отырып, отбасына амандық, шығармашылық шабыт тілейміз!
Әлима ОМАРБЕКОВА, суретші:
– Кішкене кезімде марқұм анам кілем тоқуды үйретті. Осы бір ермегім келе-келе үлкен өнерге деген сүйіспеншілігімді оятты. Жастайымнан әжелеріміздің тоқыған кілемін, құраған құрақтарын, оюлаған текемет, сырмақтарын көріп өскендіктен болса керек, ұлттық өнерімізді заман талабына сай етіп түрлендіру туралы көп ойланатынмын. Міне, бүгінде кішкентайымнан қиялымда жүрген ойларымды жүзеге асыруға тырысудамын. Мен, негізінен, шығармаларымда табиғаттың суретін салғанды ұнатамын. Әсем табиғаттың көріністері – шығармашылық шабытымның жемісі. Меніңше, бүгінде шетелден келіп жатқан бейнелеу өнеріндегі түрлі бағыттардан гөрі бізге шынайы көркем сурет табиғатымызға жақынырақ.