Қазақ халқында мүшел жас туралы түрлі ырымдар мен тыйымдар көп. Мүшел жаста қауіп-қатер бар деп сескенетін халқымыз құрбандық шалып, құран оқып, ең жақсы затын таратып беріп жатады. Осы жаста басынан түрлі оқиға өткізіп, бір өлімнен аман қалғандар жетерлік. Stan.kz тілшісі елімізге танымал адамдардың мүшел жаста басынан қандай оқиға өткергенін сұрап білді.
"Уақыт көрсетеді" бағдарламасының авторы, жүргізушісі, журналист Нұрсейіт Жылқышыбай бір емес, екі өлімнен аман қалған. Бір қызығы, екі оқиға да 13-25 жасында, яғни, мүшел жаста болған. Оның айтуынша, 13 жасында басынан өткерген оқиға бүкіл өміріне әсер еткен көрінеді. 
"9 жасымнан бастап еркін күреспен шұғылдандым. Қарқынды дайындалып, енді өзімді көрсетемін бе деген 13 жасымда көлік қағып кетті. Кезекті жаттығулардың бірінде қыстың күні жаттықтырушымызбен тауға жүгіруге шықтық. Сонда келінін перзентханадан алып келе жатқан үлкен атамыз жолда қағып кетті. Көліктің үстімнен басып өткенін көрген жаттықтырушы ағайым мені өліп қалды екен деп ойлапты. Бірақ шүкір аман қалдым. Ешқандай қауіп болған жоқ. Бапкерім үйге көтеріп апарды", - дейді ол басынан өткен естелігі туралы.
 
Болашақ журналистің әкесі көлік қағып кеткеніне сенбегенін айтады. Әкесі аман қалғанына таңғалған көрінеді. 
"Әкем бастапқыда көлік басып кетті дегенге сенген жоқ. Тек үстімдегі қалың киімге картердегі майдың жағылып қалғанын көргенген соң ғана иланды. Аман қалғаныма әкем таңғалды. Кейін белім қатты ауырып, жатып қалдым. Қағып кеткен кісілер айsбын өтегісі келгенімен, бастысы балам аман деп әкем арыз жазбады. Бірақ денсалығыма үлкен кінәрат келтірді. Бәлкім ол көлік мені қақпаған кезде қазір спортта үлкен нәтижеге жетер ме едім деген ой келеді. Алматыға келген соң грек-рим күресімен айналыспақшы болдым. Бірақ бапкерім денсаулығыңа зақым келеді деп тыйды. Содан кейін спортты түбегейлі тастап кеттім", - дейді ол. 
Дәл осыған ұқсас жағдай екінші мүшел жасы 25 жасында да орын алған. Бұл жолы да ажалдың аузынан аман қалған. Оқиға жаңа жыл қарсаңында болған. 
"Универді бітіріп, жұмыс істеп жүрген кезім еді. Бірақ айлығым шайлығыма жетпей қосымша жұмыс ретінде таксист болып жүрдім. Желтоқсан айының аяғы еді. Отыз бірі күнгі мерtкеге дастархан жаюға ақша болсын деп, түні бойы таксист болдым. Қалтамда 9500 тұр екен, осы клиентті апарсам 10 мың теңге болады деп ойладым. Таңғы сағат төрттің кезінде Мерседес көлігінің жүргізушісі ұйықтап, бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп, менің көлігімнің алдыңғы бөлігін сол бойы жұлып әкеткен. Көлікте қауіпсіздік белдігін тағып отырғанымның арқасында аман қалдым десем болады. Жедел жәрдем келгенде Құдайың қорғады, ремень тағып отырмағанда сен де, клиент те өлетін едіңдер деп айтты", - дейді Жылқышыбай.
Басынан өткерген оқиғалардан кейін Нұрсейіт Жылқышыбай мүшел жаста сақтанып жүрген дұрыс екенін айтады. 
"МузАрт" тобының солисі Кенжебек Жанәбілов те мүшел жасында жағымсыз жайтқа тап болғанын екен. Әнші алаяқтарға алданған.
"Менің жақсы бір қасиетім - мүшел жасқа толғанда бір малды міндетті құрбандық шалып, таратамын. Тіл-көзден, пәле-жаладан, жаманшылықтан сақтасын деп. Екінші мүшел жасымда алаяқтарға ұрынып қалдым. Содан кейін Алладан дұға тілеп, мал сойып құрбан шалған кезде, Алла бәрін реттеп қойды. Сондықтан кез-келген нәрседе немесе жасқа толғанда иманыңды күшейтіп, Аллаға жақындай түссеңіз бәрі ретке келеді. Садақа беріп, жағдай жетіп жатса бауырларыңына көмектесіп, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып жүрсең, Алла жолыңды ашып қояды", - дейді ол. 
Басында өткен жағдайды ашып айтқысы келмеген әнші осылай қысқа қайырды. 
"Отбасы хрестоматиясы" жобасының авторы Санжар Керімбай 25 жасында өмірі түбегейлі өзгергенін айтады. Осы жаста өмір мәні мансап қуу емес, көкірек көзін ашуда екенін түсінген. 
"Екінші мүшел жасымда өмірім күрт өзгерді. 1998 жылы аты шулы Қарасу  медресесінде оқып, Яссауи және Шәкәрім мұрасынан сусындадым. Исматулла тақсырдан 2 айға жуық  рухани ілім алдым. 1999 жылы 25 жасымда Арыс  ауданындағы ауылыма кеттім. Маған ауылдың қараңғылығына қамалып қалған жастарды оқытып көзін ашу маңызды  көрінді. Жұмысқа тұрып, карьера жасауға қызықпадым. Үлкен үйімнің алдындағы кіші сарайда оқу ордасына айналдырдым. Ауылда сенделіп жүрген 30-40 бала жиналып, тест жаттап үлкен оқуға дайындалдық. Ауылда &ldquoСанжар уахаби екен, жастардың  миын улап жүр&rdquo  деген әңгіме желдей есті. Оған  мән бермедім. Жігіттерді Алматыға оқуға қайтсем де түсірем деп күресе бердім. Бір қызығы, менің осы ісіме қолдау көрсетем деп бір емес екі бірдей  сауатты жігіт Алматыдан арнайы келіп, балаларды төрт пән бойынша оқуға дайындады", - дейді ол.
Бір қызығы жігіттердің сауат ашуына көмектескен екі мұғалімнің де басында жағымсыз жағдайлар болған көрінеді. Одан құтылуға Санжар Керімбайдың көп көмегі тиген. 
"Мұғалімдік еткен екі жігіттің екеуінің де жан-жүрегінде алай-дүлей түсініксіз бостық сезімі бар-тын. Оны біз қазір &ldquoэкзистенция вакуумі&rdquo деп атаймыз. Міне сол ішкі бостықтан азап шеккен олар да жүйкесіне жабысқан барлық ауру-сырқауынан толық айығып, қалыпты өмірге оралды. Жоба толық болмаса да негізінен сәтті шықты. Жігіттердің дені отызға тақаған жастарында университеттің табалдырығын аттады. Бірінші жылы жолы болмағандар екінші жылы бағын сынап оқуға ілініп кетті. Бізге ұстаздық еткен екі мұғалім қазір аса беделді, мемлекеттік маңызы бар мекемеде қызмет етіп жүр. Ал оқыған жігіттер жарады. Олар бәрі де университетті сәтімен аяқтады. Бәрі де үйленіп, балалы-шағалы болып, елге қоғамға үлгі бола алатын жап-жақсы отбасын ұстап отыр. Ал мен нағыз өмірден тәжірибе жинадым, баянсыз қызыққа араласып, аса құнды тіршілікті түкке тұрмайтын қызықтың жолында құрбан етудің қажеті жоғын жұлын-жүйкеммен түсініп шықтым", - деп қайырды Санжар Керімбай.
"Қазақстан Ұлттық арнасының" бас продюсері, тележүгізуші Мақсат Толықбай 25 жасында біраз сәтсіздікке ұшыраған. 
"Мүшел жасымда алаяқтарға алданып қалдым. Үй сатып алмақшы болып, 10 млн-ға жуық ақшаны қолдарына ұстатып жібердім. Олардың құрығына ілінген жалғыз мен емес, 30 шақты адам алданыпты. Дәл сол жылы бір айналдырған қырсық шыр айналдырды. Көлікте үнемі сергек отыратын мен, түнгі отырыстан шыққан соң көшеде келе жатып, көзім ілініп кетіпті. Басқа бір көлікке соғылып, қатты соққыдан талып қалыппын. Жедел жәрдемде ояндым. Мінген көлігім үлкен болған соң аман қалдым, жеңіл көлік болғанда өліп кетер едім", - дейді Мақсат Толықбай. 
Stan.kz тілшісі мүшел жас туралы этнограф-тарихшы Болат Бопайдан сұрап, бұл жас не үшін қауіп-қатерге толы екенін сұраған еді. 
"Мүшел жас кезінде баланың жақсы киімін таратып немесе бір малды құрбан шалып, ырым етіп, садақа береді. Өйткені сол кезде желік пайда болады. Қазақта мүшел жастың желігі деген бар. Жел соққан секілді мінезінде ұйытқу, қуану, ренжу, өзін-өзі ұстай алмайтын, ауа-райы сияқты құбылмалы болады. Кейін ақырын орнына келеді. 
25 жас деген керемет жас. "15 жас, 25 жас,  35 жас үшеуі - үш күн қонған қонақ екен" деген қазақтың қара өлеңінде бар емес пе?! Сондықтан 25-ке келгенде қасқырдай болады. Қуғанына жетеді, ұстағанын үгітеді. Ақылы да толықсып, оң-солын ажыратып, жан-жағын бағамдай алатын, басқаларға да сөзі өтімді бола бастайтын кезі. Қарап отырсақ, баяғы өткен батырлар мен шешендердің, көсемдердің, ел бастаған ерлердің барлығы 15-25 жас аралығында атой салған. Қылыш ұстап, жауға шапқан, хандармен тізе қосып, тең болған кезі. Барлығы сол жастан басталады. 
Содан кейін мүшел жасын жасырып, не бір жасқа артық, не кем айтады. Өйткені, нағыз толықсып, айы оңынан туып тұрған шағында тіл-көз тиіп кетеді деп есептейді.
25 жасқа толғанда дүркіретіп тойламайды. Тек бір жыл өткізіп жіберіп, не бір жыл алдын тойласа құп. Одан кейін мүшел жасқа толған жылдағы малды бауыздамайды, қан шығармайды. Қан шығарса, қауіп-қатер болады деп ырымдаған және мал сойғызбаған", - дейді Болат Бопай.