Бесіктегі баламызға "баю-баю" емес "әлди-әлди" керек
Қайтсем «хит» ән жаздырамын деп жарғақ бастары жастыққа тимейтін әншілер қауымы сәбилі болғанда ғана балаларға арналған әндерді іздеп, бесік жырларын орындайды екен. Айталық, небір классикалық әндердің, халық әндерінің орындаушысы, есімі әлемге әйгілі Майра Мұхамметқызы ана болу бақытына ие болған соң Аида атты бөпесіне арнап «Әлем елдерінің бесік жырлары» атты жинақ шығарған болатын. Естеріңізде болса, жинаққа енген 11 әннің үшеуі қазақ әндері. Бүгін «Алаш айнасы» нәресте сүйіп, репертуарлары бала туралы әндермен толыққан әншілер мен әндерді өздеріңізге ұсынбақ.
Балаларға арналған әндер төңірегінде әңгіме бола қалса, әншілер мен сазгерлердің пікірі екіге жарылады. Әншілер балаларға арналған әндердің тапшылығын алға тартса, сазгерлер әншілердің тойға арналған әндерге тапсырыс беретінін айтады. Дегенмен біраз әншінің репертуарын ақтарып отырып, бірталай әдемі «әлди-әлди» әндердің тізімін жасап көрдік. Ақындардың да өлең қоржындарын ақтарып отырып, балаларға арналған өлеңдерін көзіміз шалды. Кейбіреуі тіпті әнге сұранып тұр. Болашақта ақын, сазгерлеріміздің өз балаларына арналған ән-жырларын жинақтап, сайтымызға орналастыруды мақсат етіп отырмыз. Ал әзірге оқырман әнсүйер қауымға белгілі әншілердің орындауындағы «бесік жырларын», бүлдіршіндерге арналған әндерді ұсынып отырмыз.
Мейрамбек Беспаев «Бесік жыры», сөзі: Қ.Сарин, әні: А.Бексұлтан
Роза Рымбаева «Тентегім», И.Ғайып
Қарақат Әбілдина «Келші, келші балашым», Е. Хасанғалиев.
«Құлыншағым», сөзі: С.Дүйсенғазин, әні: Салықов
Роза Әлқожа «Балапандарым», сөзі мен әні: А.Исәділ
Медеу Арынбаев «Балама тілек»
Заттыбек Көпбосынов «Немерем»
Құрметті оқырман, жоғарыдағы тізміді жалғастыруыңызға болады. Қазақ әншілерінің балаларға арналған әндерінің сілтемесін жіберіңіз...
Қазақ өнеріндегі «жұлдыздардың» өмірі мен өнері туралы ақпараттарды қалт жібермей қарап отыратын оқырман жақсы біледі, соңы бір-екі жылда біршама жұлдызды отбасылар сәбилі болды. Олардың қатарында әдемі әнші Мәдина Сәдуақасова, Сәкен Майғазиев, Бүркіт пен Айша, Ердос Қанаев, Еркін Нұржанов секілді әншілер бар. Алдағы уақытта аталған әншілер де өз репертуарларын бір-бірден болса да балаларға арналған әдемі әндермен толықтырады түседі деп үміттенеміз. Бесіктегі баласын әдемі әнмен әлдилейтін қазақ аналарының жалғасымыз ғой. Сондықтан уызына жарып өскен сәбилеріміз қазақтың әуезді әнін тыңдап өссе екен деген тілек біздікі.