Боямасыз ғаламтор
Ғаламторға қолжетімді адамдардың бас біріктіретін жері – Facebook әлеуметтік желісі. Бұл жайында «Абылайдан кейін үш жүздің басын қосқан фейсбук» деген әдемі әзіл бар. Шет елдегі ағайын мен еліміздегі бауырлардың барлығы осы жерде ақпарат алмасады. Адамдардың қайда жүргені, кіммен кездескені, не естігені, не көргені, барлығы осы ортада. Тіпті кейбір келіншектер бүгіндікке дайындаған тамақтарының фотосына дейін салып қояды. Әртүрлі әңгімелер, талқылаулар, әзілдер де осында. Кейбір ірі оқиғалар БАҚ-тан бұрын осы әлеуметтік желіде жарияланады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамның боямасыз суретін көре аласыз. Өмірде бардың бәрін сол жерден табасыз. Күнде кездесе бермейтін досыңызбен де жарқын әңгімеңізді айтып, сырласып отыра аласыз.
Ғаламтор елдің бәріне қолжетімді емес екендігін ескере отырып, біз оқырмандарымызға Facebook әлеуметтік желісінің газеттік нұсқасын ұсынуды ұйғардық.
Ең сұлу әйел болғанда...
Анау күні тойда бір ауыраяқ келіншек музыканттың жанына келіп:
Сабеременный (современный-заманауи) би қойсаңдаршы, – деді. Мәссаған, қасқа. Өзі беременная (ауыраяқ), сұраған биі – «сабеременный» (заманауи).
Сол келіншектің әсері шығар, үйге келіп, мына бір ойдың жетегінде кеттім.
Біздің үйдің жанында №2 емхана бар. Ол емханаға негізінен қаусаған орыс кемпірлер мен екіқабат әйелдер ғана келеді. Сол емхананың маңына барып, бір сағат тұрсаң, қай әйелдің қаншасыншы баласына ауыраяқ екенін болжап білуге болады. Мысалы, былай, бір машина ағызып келіп тоқтайды. Алдымен күйеуі түседі де есікті ашып, әйелінің қолынан ұстап, қолтығынан демеп түсіреді. Әйелі жартылай әулие. Тө-ө-у, дүниені тындырып тастағалы жүр. Көзінде сәл-пәл қорқыныш бар. Күйеуінің есі кіресілі-шығасылы. Емханаға әйелін қолтықтап бірге кіреді. Демек, бұлар бірінші баласын күтіп жүр.
Сәлден кейін тағы бір машина келіп тоқтайды. Күйеуі түспейді. Әйелі өзі түседі де кіріп кетеді. Күйеуі машинадан түспеген күйі темекісін тұтатып отыра береді. Көзінде мағынасыз бір ой: «Таң атқасын, кештің бататыны қалай анық болса, бұл қатынның да әйтеуір бір туатыны анық». Міне, бұлар – екінші немесе үшінші баладан үмітті.
Одан кейін шаршап-шалдығып бір әйел келе жатады. Әрине, жаяу. Қарнын сүйретіп, әзер жүріп келеді. Күйеуінің қарасы көрінбейді. Абайсызда тағы көтеріп қалғанына өзі кінәлі сияқты. Бұл енді анық, шарасыз келіншек, төртіншіге ауыраяқ...
Ең қызығы сол – бесінші балаға ауыраяқ әйелдер. Олар көп келе бермейді. Олар үшін ай сайын келіп тексеріліп тұру дегеніңіз уақытты бекерге өлтіру болып саналады.
Міне, ауыраяқ келіншектердің қаншасыншы баласын көтеріп жүргенін осылай аңғаруға болады. Бұлардың бұл қызығы, перзентханада да айқын көрінеді. Перзентхана мәселесінде бірінші баласына ауыраяқ келіншектерде угроза (түсік қаупі) көп болады. Олар және сондай қорқақ. Іштері сәл былп етсе, өздері сылқ ете қалуға дайын. Және босанарынан 10 күн бұрын барып жатады. Жеуге болмайтын заттарды терезеден кіргізіп жейді. Күйеулері олар үшін бәріне дайын. Ал төртіншісін босанатын әйелдер сағат түнгі 22.00 шамасында барады да, 23.30-дарда босанып, түк болмағандай жатады...
Әкелерге келсек, тұңғышын күтіп жүрген жігіттер әйелі емханаға баратын күні жиналысын құрбан етеді. Ал төртінші мәрте әкелікке кандидаттар істерге іс таппай, бос жатса да бармайды.
Қазақ әртісінің «соры»
Үлкен қаржыға түсірілген, Бәленше деген режиссердің «Түгенше» деген фильмі басталады. Рөлдерде ойнайтындар мен режиссердің, сценарий авторының кім екені жайындағы жазулар шығып біткен. Оқиғаның өріс алу сәті. Театр мен кинода жарқырай көріне бастаған атышулы актер атып шығады. Әлдеқандай басты рөлде. Фактура ұрып тұр. Грим де жаман емес. Талант жағы да – тіфә-тіфә. Бірақ...
Бірақ сол актер өз рөлімен шыға келгенде Күлімхан жеңешем: – Құдай-ай, мынау Епоштың тойын жүргізген тамада ғой, – деп қойып қалады. Бітті. Кино жайына қалып, әңгіме басталады. Күлімхан жеңгенің сөзін Сембек ағаң жалғайды:
– Қалай дұрыс басқара ма екен?
– Жоқ-ей, құрсын. Тойды шашыратып алды. Адамдар бірін-бірі тыңдамай шулап кетті. Одан гөрі Миканың ұзату тойындағы тамада әлдеқайда жақсы, ешкім танымаса да.
– Иә, мыналар сол атағына малданып алған. Және бағалары сұмдық қымбат.
– Қаншаға басқарыпты?
– 1500 доллар.
– Қой-ей...
– Иә.
– Ой, бұлар әртүрлі бағаға шыға береді екен. Ана Жаңабайдың тойын 70 мың теңгеге жүргізіпті ғой.
Осылай басталған әңгіме өз шегіне жеткенде кино да тамам болады.
– Не боп бітті өзі, – дейді киноға көңіл бөлмей, әңгіменің қызығына кірген туыстар.
– Өлді. Анау атып кетті.
– Кім кімді атты?
– Ана Ипоштың тойын жүргізген тамада Еконың тойындағы тамаданы.
– А-а-а-а-а
P.S. Қайран кешегі актерлар. Сеніп қалушы едік қой. Сендіруші еді ғой.
«Келіннің» жайын ойлаған ене
Жыл он екі ай бойына қой соңында жүретін Серғазы шал ара-тұра ауылға барып-қайтатын. Кезекті бір сапарынан оралғанда атын байлай салысымен тапшанға отыра кетті. Әбден қаталапты. Ештемеге зауқы жоқ. Кемпірі самауырдың шүмегімен бірге ағытылды:
– Үйге соға алдың ба, балдар қалай екен?
– Соқтым, жаман емес.
– Е-е, тәубе. Екөнай шауып жүр ме?
– Ол немең де әкешіл бола ма деймін, әпшу бермей қашқақтады.
– Айтпақшы, келінді көре алдың ба?
– Көрдім.
Өзі шаршап келген шал әр сұраққа еріне жауап беріп отыр.
– Айта отырсаңшы, – деді кемпірі шыдамсызданып.
– Нені?
– Келінді.
– Ой, әкеңнің... келініңді жау алды деймісің? Жүр ғой кіріп-шығып.
– Қай келінді айтасың?
– Қай келін дейтіндей, қанша келінің бар еді? Нұргүлді айтам да.
– Жоқ-ей, Құдай. Онда нем бар, Анандиды айтам...
Желідегі жеке әңгіме
Ермек БОЛТАЕВ, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті басшысының баспасөз хатшысы
Бейбіт Сарыбай: Ермек досым, жағдай қалай?
Ермек Болтаев: Жақсы. Жұмыста отырмын.
Бейбіт Сарыбай: Жұмысыңда не жаңалық? Алматыда қылмыс көп шығар?
Ермек Болтаев: Ия, тәулігіне 150-ге жуық қылмыс тіркеледі. Полиция қызметкерлері солардың көбісінің ізін суытпай ашып жатыр.
Бейбіт Сарыбай: Отырып алып сынағанда алдымызға жан салмаймыз. Және көп жағдайда сын садағына ішкі істер қызметкерлері ілігіп жатады. Жанында жүрсің ғой, жігіттердің жұмысына көңілің тола ма?
Ермек Болтаев: Осында келгелі бергі бес ай ішінде біраз нәрсеге көз жеткіздім. Полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Өте қиын. Осы қызметте мен оларды соңына дейін қорғаймын. Жақында «Алматылықтар полиция формасында» деген бір күндік акция ұйымдастырып, оған әртүрлі саланың қызметкерлерін шақырдым. Араларында әйгілі боксер Ермахан Ибраимов те болды. Сол азаматтар полиция жұмысын өз көзімен көріп, журналистермен пікір бөлісті. Барлығы бір ауыздан бұл жұмыстың ауыр әрі қауіпті екенін айтты.
Бейбіт Сарыбай: Жол полициясындағыларды пара алады деп жазғыратындар да бар ғой?
Ермек Болтаев: Өкінішке қарай, ондай жағдайлар болып тұрады. Оған көлік жүргізушілердің өздері де кінәлі. Олар да осы қоғамның өкілі. Нақтысын айтсам, бүгінгі қоғам қандай, полиция да сондай. Бұл жерде кімге ренжиміз?
Бейбіт Сарыбай: Журналистикада жемісті еңбек етіп жүріп, баспасөз хатшысы қызметіне ауысып кеттің. Нұрділдә курстасымыз да солай жасады.
Бұл шаршағандықтың, жалыққандықтың белгісі ме, әлде басқа мақсат болды ма? Мүмкін, қызметке деген құмарлық шығар?
Ермек Болтаев: Шаршадым деп айта алмаймын. Жалыққан да жоқпын. Олай айтатындай қырып-жойғанымыз шамалы. Көптің бірі болып еңбек еттік. Бірақ журналистикадан біржола кетуімнің өзіндік себебі бар. Ал полицияға келгендегі мақсатым – жігіттердің жұмысын басқа қырынан көрсеткім келді.
Бейбіт Сарыбай: Жол полициясы мен патрульдік полицияны біріктіруге деген көзқарасың қалай?
Ермек Болтаев: Егер біріктіретін болса, онда ұтылмаймыз. Құрылымның күші артады. Жол ережесін бұзу да, қылмыс та азаяды. Мұны бір қолдамаса, көлік жүргізушілері қолдамайтын шығар. Жол полициясы көбейіп кетеді деп...
Достарымның жазбалары
Сәкен Сыбанбайдың жазбасы:
Екі әйелдің әңгімесі.
– Таяуда ғана ажырасам деп жатыр едің, айнып қалғанбысың?
– Иә.
– Не себепті?
– Кеше теледидарымыз бұзылып қалды да, күйеуім екеуміз түн ауғанша әңгімелесуге мәжбүр болдық. Сөйтсем, күйеуім жап-жақсы адам екен, бұрын қалайша байқамағанмын?..
Қадірменді ханымдар! Ертелі-кеш түрік пен кәрістің сериалдарына үңіле бермей, бір уақыт ер-азаматтарыңызға еркелей жүруді, оған да көңіл бөлуді естен шығармаңыздар...
Мұрат Есжанның жазбасы:
Екеудің әңгімесі.
Әйел: Орамал тағу өркениетке сай нәрсе емес. Бұл сананың артта қалғанын көрсетеді.
Қыз: Өркениеттің ең бастапқы сатыларында адам киіммен жүріп, содан соң шешіне бастады ма, әлде жалаңаш жүріп, содан кейін киінді ме?
Әйел: Ол енді... түсінікті ғой.
Қыз: Түсінікті болса, шешіну емес, киіну өркениеттің белгісі болмай ма? Сен кері бағытқа жүріп, қайта жалаңаштанам десең, өзің біл. Маған осы соңғы саты ұнайды.
Серікбол Хасанның жазбасы:
Көшеге шықсақ болды, жалаңаш, жаңылтпаш жарнамаларға көзіміз сүрінеді. Жалаңашы белгілі енді. Машина, жиһаз, тіпті соктың жарнамасында да әлгіндей қыз тұрады. Ал жаңылтпаш жарнама жөнінен банктер алда тұр. Бір банк жарнамасына «несие алсаңыз, 20 пайызын қайтарамыз» дейді. Тағы бірі «депозит ашсаңыз, сақтауын сыйға тартамыз» дейді. Енді бірі «несие алыңыз, 7 пайызы тегін» дейді. Қойшы әйтеуір, адамды адам алдаған заман болды ғой. Алдаудың көкесі Тайдтың жарнамасы. «Сен не әлі пакет қаптамасын алып жүрсің бе, мен картон қаптамасындағы үлкенін аламын» деп мақтанады бір әйел. Кір жуатын адамға пакет қаптамасы не, картон қаптамасы не, бәрібір емес пе? Әлде менің миым жетпей ме, түсінбедім.
Ардақ Құлтайдың жазбасы:
Бізде біреуді мойындау, шын тамсану, шын қуану жоғалып барады. Қысқасы, «қазақтарға өзге ұлт өкілдері доп соғып берді» деген әңгімелеріңді қойыңдар. Олардың жүрегі кім, не деп соғып тұрғанын білмей, ол туралы біржақты пікір айта салып, білгішсінетін адамдарды түсінбеймін. Футболда ұлт жоқ, өл-тіріл өз командаңның жеңісіне бәрін де жаса. Легионерлерсіз ойнайтын әлемде бірде-бір мықты команда жоқ. Ал біз болсақ ананы бір, мынаны бір айта бергенімізбен, өзіміздің сүйкімімізді кетіреміз. Сол, Кападзе, сол өзбек сияқты болып алыңдар, сосын ғана патриот бола қалыңдар, көрейік. Мықты болсаң, әркім өздеріңнен бастаңдар. Әйтеуір, қыңыр сөзге салып қойса болды... Өзін сыйлайтын адам «аузым өзімдікі» деген принципке бармайды.
Шетелдегі бауырлар
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Түркия:
Ұлы тұлғалар қашан да уақыт пен мекенге бағынбайды. Олар әр ғасырда жаңаша туып, түрлі жерлерде өмір сүре береді. Сондай ұлы тұлғаның бірі - Қожанасыр. Түріктер Насреддин хожа, түрікмендер, әпенді, өзбектер Хожа Насреддин деп атайтын Қожанасыр туралы ертеректе жазылған кітаптарда «әулие, ойшыл, сопы» деп көрсетілген. Тарихи деректерде «1208 жылы дүниеге келіп, 1284 жылы қайтыс болған» деп жазылатын Қожаның бірнеше жерде мазары бар. Биыл Түркияда Ескишеһир деген жерде тағы бір қабірі табылды. Сондықтан болар, Қожанасырдың түркі әлемінде ескерткіші де көп. Бұған дейін соның бірнешеуін көрген едім, ең ұнағаны осы ескерткіш болды. Төмендегі суреттер – сол ескерткіштен қалған естеліктер.
Әуесбайдың ҚАНАТЫ, Ұлыбритания:
Шетелге қашып кеткендердің қалай шыдап жүргенін қайдам?! Ал өз басым елді, қазақи көздерді және қазақи сөздерді сағынып, ішқұса болатын түрім бар. Шетелде көп тұра алмайды екем, достар.
Айдос Жұқанұлының парақшасынан
Абайдан гөрі, алыстағы жұрттың сөзін тыңдағыш халықпыз ғой. Билл Гейтс мектеп қабырғасында айтыла бермейтін 11 қағиданы үлкен сыныптың оқушыларына айтып беріпті. Қазақы мінез-құлыққа сәл бейімдедім.
1. Өмір әділетсіздіктен тұрады. Осыны жадыңнан шығарма.
2. Өзіңе деген құрмет пен өзімшілдігіңе жаһанның түкіргені бар. Әлем сенен тек жетістік қана күтеді.
3. Сен мектеп бітіргеннен кейін 10 мың доллар жалақысы бар жұмысқа тұруың мүмкін емес. Өзің еңбектенбейінше, лимузині мен жеке шопыры бар компания президентінің орынбасары да бола алмайсың.
4. Мұғалім өте талап қойғыш әрі қатал деп ойласаң, бастығыңмен таныстықты күте тұр. Бастығыңның мұғалімнен айырмашылығы сол, оның лауазымының өрлеу-өрлемеуі сенің қызметіңе байланысты.
5. Дөнерханада шаурма пісіру намыс емес. Ашаршылық жылдарындағы ата-бабаңа бұл – арман болған кәсіп.
6. Жолың болмаған кезде ата-анаңды кінәлай берме. Түңілмей, керісінше, сабақ ал да, ілгері атта.
7. Сен туғанға дейін сенің әке-шешең қазіргідей «көштен қалған, қызықсыз, әрі ескінің адамы» болған жоқ. Олар сенің алаңсыз ойнап-күлуің үшін, сенің кір-қоңыңды жуып, қандай керемет екенің туралы тоқтаусыз қырт әңгімелеріңді тыңдаумен осындай күйге жетті. Сондықтан да ата-анаңның тетелестерінің кесірінен құрып кеткен Аралды құтқаруға аттандамас бұрын, өз бөлмеңді ретке келтіріп алшы.
8. Мектебіңде «ана сынып мықты», «мына сынып мықты» деп жатады. Әлемге ол қызық емес. Кейбір мектептерде төмен баға қоюды тоқтатып, қайта-қайта емтихан тапсыруына рұқсат берген. Нағыз өмірде мұның еш мәні жоқ.
9. Өмір семестрлерге бөлінбейді. Жазғы демалыс та жоқ. Сенің өзіндік «мен» дегенің жұмыс берушіні қызықтырмайды. Оны жеке уақытыңда өзің белгілеп аларсың.
10. Теледидардан көргенің мен нағыз өмірді шатастырып алма. Өмірде адам баласының дені уақытын ас бөлмеде емес, жұмыс орнында өткізеді.
11. «Көзілдірік таққан оқымыстысымақтармен» жақсы қатынаста бол. Күндердің бір күні солардың бірі сенің бастығың болады.
Сурет те сөйлейді
Интернет – Мүшәйра
Парақшамызға төмендегі суретті жариялап, Facebook қолданушылары арасында шағын мүшәйра ұйымдастырған едік. Мүшәйраға 60 адам қатысып, әрқайсысы сурет мағынасын ашатын бір шумақ өлеңдерін жариялады. Дауыс беру нәтижесінде 50 адамнан дауыс алған айтыс ақыны Еркебұлан Қайназар I орынды иеленді.
Данияр Жаныс:
Бозбала шақ, сезім деген тәтті бал,
Өміріміз сезімнен дәм таттырар.
Жүрек шіркін, тулағанда қан жүріп,
Бозбаланың мойнына әкеп астырар.
Берік Байдуллин:
Не қыласың сезiмiңдi жасырып,
Кел, оданда, сөйлесейiк ашылып.
Сүйетiнiң шын болса егер ұялма,
Еркелешi мойыныма асылып.
Асқар Наймантаев:
Орындалушы еді ғой,
Бар жігіттің арманы.
Бойжеткен қыз өкшесін,
Сәл көтерсе болғаны.
Бану Дәулетбаева:
Күн батқан шақта күз мұңаяды,
Сезімнің сол сәт жүзді маягы.
Көтеріп тұрған құштарлық шығар,
Көтеріліп кетсе қыздың аяғы...
Орынбасар Бегалина:
Көл жағасы, сағым суға құлаған,
Жүректерде сезім тұр ғой тулаған.
Тартылыстың күші қандай керемет,
Құмарлықпен бір сүюге ұмтылған.
Аман Тасыған:
Бір аяқ бір аяқпен түйіскенде,
Бола ма көрмей жатып суйic деуге.
Менiңше, бұл ару қыз бар болғаны,
Жігіттің маңдайынан иіскеуде.
Ерқанат Тұрсынжанұлы:
Мен қазіргі махаббатқа
қайран қалам,
Қыз жігітке асылып тайраңдаған.
Осындай ессіздікті көрмей өткен,
Не деген бақытты едің, қайран бабам!
Еркебұлан Қайназар:
Ақшамның кезіндегі абат қыр-ау,
Басы жоқ, сурет бірақ. Ағат мынау!
Әй, Беке-ай, бәрімізді дұшпан қылып,
Біреудің аяғына қараттың-ау!
Баян Хасанова:
Жігіт қызды еміреніп өпкесін,
Сөз қылудың қажеті не бөксесін?
Бойы қысқа, мына қыздың тұрысы,
Елестетті Ахилестің өкшесін...
Бетті дайындаған Бейбіт Сарыбай, beibut83@mail.ru