Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, жуырда қазақстандық баспагерлер Беларусь астанасы Минск қаласында өткен Халықаралық «Кітап өнері» байқауына қатысып, жетістіктерге қол жеткізіп келген.
ТМД аумағындағы 11 мемлекет өкілдерінің басын қосқан шарада баспа ісі мен полиграфия саласының бүгінгі озық үлгілері назарға ұсынылды.
Бірнеше жылдан бері республикамыздың ең үздік басылымдарының қатарынан лайықты орнын меншіктеп келе жатқан астаналық «Фолиант» баспасы осы байқау қорытындысында ірі табысқа қол жеткізіп, екі бірдей беделді марапатқа ие болды. Мерзімдік басылым, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің белді де беделді қазылары негізгі «Достастық» аталымында «Фолиант» баспасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарған «Қазақстан-Ресей: мәңгі достық жолымен» атты кітап-альбомына жоғары баға алды.
«АРТкнига» аталымында екінші орынға «Фолиант» баспасы мен түркі өркениетінің жалпы адамзат өркениетіндегі рөлі мен орнын зерттейтін, ірі халықаралық ғылыми орталық болып табылатын Халықаралық түркі академиясы бірлесіп жарыққа шығарған «Түркі дүниесі. Turkic World» альманахы лайықты деп танылды. Жеті тілдегі іргелі ғылыми-көпшілік басылым ретінде танылған альманахта дүниежүзіндегі жетекші түркітанушы ғалымдардың зерттеу материалдары, белгілі жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мақалалары, түркі әлемінің бай тарихи-мәдени мұрасына, өткені мен бүгініне, келешектегі дамуына арналған мақалалары жарияланған.
Байқау талаптары бойынша, лауреат атанған кітаптар үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Мәскеу қаласында өтетін 26-ншы Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің арнайы экспозициясына қойылады, содан кейін ТМД Тарих мұражайының кітап қорын байыту мақсатында Достастықтың атқарушы комитетіне тапсырылады. Аталған көрме-жәрмеңке қорытындысында жүлдегерлердің дипломдары салтанатты түрде табыс етілмек.
Баспагерлер сапа салыстырды
Последние статьи автора