Қазақ тілінің үлкен жанашыры, филология ғылымының кандидаты, белгілі журналист, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Біржан Байғараұлы Белғара өмірден озды.
...Біржан біздің курстағы өзіндік орны бар ерекше азамат еді. Өзі сонау жылдары Кеңес армиясының қатарында Ауғанстанда азаматтық борышын өтеп, қан майданнан аман оралды. Асыл арманы жетелеп, ҚазМУ-дың журфагіне түсті. Біздің жолымыз қазақ журналистикасының қара шаңырағында түйісті. Арамыздағы ересегіміз, курсымыздың бетке ұстар азаматы болған ол бәрімізге қамқор аға, ақылшы дос еді...
Ортасынан ерте есейген Біржан мемлекеттік қызметке де ерте араласты, ерте үйленді, ғылым жолын қуды, жауапты қызметтер атқарды. Қаламы үшкір, ойы озық журналист атанды. Елорда Сарыарқаға қоныс аударғанда алғашқы лекпен астанаға келіп, бірқатар лауазымды қызметке белсене араласты. Өз пікірі, өз көзқарасы, өз ұстанымы, өз жолы бар Біржан Байғараұлын оны білетіндердің бәрі де сыйлайтын, құрмет тұтатын, болашағынан мол үміт күтетін.
Аяулы досымыздан табанда көз жазып қалатынымызды кім білген?! Өмір – жалған, дүние-ғапыл, пенденің басы – Алланың добы, ажал айтып келмейді десек те, күні кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген досымыз Біржаннан қапыда айырылып қаламыз деп кім ойлаған?! Аяулы дос, курстас, асыл азамат, ардақты әке Біржан Белғара арамыздан небәрі қырық бес жасында оқыстан кете барды... Амал бар ма?..
Оның артында қарымды қаламының ізі, мемлекеттік қызметте атқарған қыруар ісі қалды. Шаңырағын шайқалтпайтын қос ұланы Ақберені мен Ақәділі бар. «Тұлпар тұяғын тай басар» дегендей, ұрпағы барда оның ошағының оты мәңгі сөнбейді.
Қош, аяулы дос! Қатарымызда ойсырап қалған орның енді қайтып тола қояр ма екен? Жаның пейіште шалқысын. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, иманың өзіңе серік болғай!
Достары