2-сәуір - Балалар кітабының халықаралық күні. Осы орайда 2-сәуірде Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қазақмыс» тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жариялаған «Балауса» бәйгесінің жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты кеште сөз алған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бас директоры Бахтияр Қрықпышев: «Балауса» бәйгенің мақсаты - балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау» - екендігін айта келе шығармалары үздік деп танылған ақын-жазушыларды табысты жұлделерімен құттықтады.
Дәстүрге айналған «Балауса» бәйгесі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларды анықтауға арналған. Былтырғы жылы әділқазылардың қарауына 150 автордан 200-ден астам еңбек келіп түскен болатын. Биылғы байқауға қатысуға 250-ге жуық автор тілек білдіріп, бәйгеден үмітті болған. Қазақмыс тобы өкілдерімен қоса Ескен Елубай, Сұлтан Қалиұлы, Ғалым Жайлыбай, Бейбіт Сарыбай сынды талантты қаламгерлерден құралған әділқазылар алқасы көптеген үміткерлердің ішінен жүлдеге лайық жеті авторды жабық бәйге шартымен таңдап алған.
Бәйге қоры төмендегідей:
Бас бәйге біреу – 700 мың теңге.
Бірінші орын біреу – 500 мың теңге.
Екінші орын екеу – 300 мың теңге.
Үшінші орын үшеу – 200 мың теңге.
Сонымен, «Балауса» байқауының жүлдегерлері төмендегідей қалам иелеріне бұйырды:
Гран-При – Тілеуғазы Бейсембек, «Дирижер» өлеңдер топтамасы үшін;
Бірінші орын – Тұрдақын Жексембай, «Біз де бала болғанбыз» әңгімесі үшін;
Екінші орын –Бекболат Әдетов, «Мәмілегер» әңгімесі үшін;
Бауыржан Жақып, өлеңдер топтамасы үшін;
Үшінші орын – Алмат Исәділ, өлеңдер топтамасы үшін;
Сүлеймен Баязитов, өлеңдер топтамасы үшін;
Заря Жұманова, «Ғаламат түн» әңгімесі үшін;
Ұйымдастырушылар тарапы жеңімпаздарға тиісті сыйақымен қатар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Жүлделі туындылар әдеби басылым беттерінде жарияланады. «Алаш айнасы» балалар әдебиетін дамыту жолында еңбек етіп жүрген жеңімпаз қаламгерлерге шығармашылық табыс тілейді.