Астанада ұлттық ән өнері тарихындағы алғашқы музыкалық сахналық балет қойылымы жұртшылық назарына ұсынылды. «Бәйтерек» деп аталған бұл қойылымның премьерасы елордада Тәуелсіздік күні мерекесімен орайлас өтті. Екі актілі музыкалық сахналық туындының тұңғыш қойылымын көрген талғамы жоғары елордалық өнерсүйер қауым әлемдік балет жауһарларының өрелі талаптарына сай деген бағасын да беріп отыр. Бейбітшілік пен келісім сарайында тұсауы кесілген туындының премьерасын мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те тамашалады.
Екі актілі қойылымның жалпы мазмұнына келетін болсақ, балет бүгінгі заманғы шынайы өмірді қаузап, шабытқа шала мас кейіпкер мүсіншінің бір үзік өмірінен сыр шертеді. Қазақстанда тұратын мүсінші үлкен күйзелісті басынан кешіріп жүреді. Мұндайда алдымен оның қиялына бейне бір көне заман кейіпкерлері – аңыз құсы Самұрық пен өмір ағашы Бәйтерек һәм оны қоршай күзетіп тұрған жауынгерлер орала береді. Осының әсерінен арыла алмаған мүсінші ойынан кетпеген көріністі өз туындысына айналдырмаққа ұмтылады. Алайда жолы болмай, көптеген кедергіге ұрынады. Содан бір жағынан ессіз тобырдың зорлығынан қашып, екінші жағынан ұлы шабытын іздеп, жаһанды кезуге бел буады. Осындай күйзелістің бәрінде оған тек қиялында көрген Самұрық құс қана рухани дем беретін тәрізді. Сондай жабыққан кейіппен әлемді шарлаған мүсінші біресе Испаниядан бірақ шықса, енді бірде араб елінде, тағы бірде Үндістанда шабыт қуып, сол құдіретті ауыздықтап қана бақытына жетуді аңсайды. Бірақ жер жүзін, бүкіл әлемді шарлап шығып, дүниенің ешқандай бұрышынан іздегенін жолықтыра алмайды. Есесіне өзі болған жердің барлығынан ата-бабасының мәдени мұраларын танып, көз көрген ұлы даланың көне ескерткіштерінен нәр алып, сондай ұлы сабақтастық арқылы туған даласына аңсары қайта ауады.
Осылайша, мүсінші өз қиял-арманынан туған шындықты тек өз Отанынан, туған даласынан ғана табады. Басқа еш жерде жоқ бұндай бақыт. Елге, елордаға оралған ол жас құрылысшылардың күн сайын әсем ғимаратты дүниеге келтіріп жатқанының куәсі болып, қиялындағы Бәйтеректің – өмір ағашының келешекке қол созғанын көзбен көреді. Әлемді шарлап, түк таппаған мүсінші ақыры нағыз бақытты жаңа қаладан – елордадан табады. Қол жетпестей болған қиялындағы барлық дүниесі жасампаз астанада дүниеге келіп жатады. Қалықтай көтерілген балеттің шегі осылайша шарықтай келіп, тәнтілетіп аяқталады.
Өнертанушы мамандар жаңадан жұртшылыққа жол ашқан, тұсауы кеше кесілген «Бәйтерек» балетін жанр, стилистика, хореография, пластика, интоннация, ырғақ, оркестр, сценография жағынан мейлінше күрделі туындыға балайды. Қойылымның түгелдей шығармашылық һәм ұйымдастырушылық жұмыстары К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының өз күшімен, өнер труппасымен атқарылған. Музыкасын қазіргі күні Канаданың Ванкуверінде тұрып жатқан, композитор Ғ.Жұбанованың шәкірті Әділ Бестібаев жазыпты. «Негізі, «Бәйтерек» туындысы туралы ой Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен былтырғы жылы жүзеге асқан «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық байқауға орай туып еді. Шешім қабылдағанда да ең алдымен бүгінгі заманғы шынайы өмірімізді көрсеткім келді. Ал бүгінгі өмірді өткен тарихсыз елестету еш мүмкін емес. Кез келген жаңа мемлекет өзінің ежелгі тарихынан тәлім алуы шарт. Осындай ел тарихын сығымдап, жинақтап отырып, балеттегі басты кейіпкер болатын мүсіншінің ішкі күйзелісінен соны аңғартқым келді», – дейді қойылымның музыкасын жазған дарынды композитор, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Әділ Бестібаев. Әйтсе де, қазір елден жыраққа кетіп, канадалық болып жүрген жерлесіміз Ә.Бестібаевтың тағдыры да өз шығармасындағы кейіпкер мүсіншінің тағдырына әбден ұқсас секілді. Ол да бір кездері шабыт іздеп шалғайға кеткенімен, ата жұртынан еш алыстамағанын да аңғартты. Әңгіме барысында тарихқа үңіліп, тағылымдылықты білдіргені — соның айғағы іспеттес. Ендеше, дарынды композитордың ұлы далаға қайта оралатын кезі де алыс емес деп топшылауға келетін тәрізді. Бұған да себеп жоқ емес. Өйткені соңғы жылдары опера мен балет секілді талғамды өнерге елдің де, мемлекеттік көзқарастың да бетбұрысы тәуір. Бұл ретте ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында алдағы уақытта дүйім жұртқа танылған шетел мэтрлерін қазақстандық сахналарға шақыртумен қатар, өзіміздің жас өрендерді, таланттарды әлемнің байтақ сахналарына шығарып, қабілетін шыңдауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін міндет қып жүктеген болатын. Бұдан бөлек, Елбасы бүгінгі заман психологиясын ашатын тың шығармалар жазу керектігіне де аса мән берген еді. Ал кешегі күні ғана тұсауы кесіліп, өнерсүйер қауымды «сүйінші» сезімге бөлеген «Бәйтерек» балеті де осындай бастамадан туындаған шығарма екендігі анық. Айтпақшы, Елбасының Жолдауынан кейін Мәдениет министрлігінің қолдауымен былтырғы жылы «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық байқау өткені белгілі. Бүгінгі күні жұртшылыққа жол тартқан «Бәйтеректің» де әлгі байқаумен байланысы баршылық. Өйткені былтырғы байқаудан кейін-ақ министр Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі драма, опера және балет театрларының репертуарларын жаңа туындылармен, отандық авторлардың озық шығармаларымен толықтыру мақсатын қолға алған болатын. Сонымен қатар 1986 жыл мен 2006 жыл аралығындағы 20 жылда қазақ сахнасында бірде-бір опера және балет туындысы жазылмаған екен. Осы тұрғыдан келгенде, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев соңғы жылдары опера мен балет өнерінде тың серпілістің қарқынын ерекше бағалап отыр. «Әрине, біздің театрымыздың репертуарында көптеген шығармалар баршылық. Алайда олардың дені 50-60 жыл бұрын дүниеге келген шығармалар ғой. Мәдениет министрлігінің бүгінгі қолға алып, қолдау білдіріп жатқаны — заманымызға, елдігіміздің тарихи тақырыбына сай шығармаларды дүниеге келтіру. Бұл – ұлы жұмыс. Сол мақсатпен Тәуелсіздік күнінде «Бәйтеректі» қойып, тұсауын кесіп жатырмыз», – дейді Т.Әлпиев.
Туындының музыкасын Канадада тұратын жерлесіміз Әділ Бестібаев жазса, қоюшы-балетмейстері Санкт-Петербордың Римский Корсаков атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Давид Авдыш, қоюшы дирижері Айдар Абжаханов.
«Бәйтерек» балетке айналды
Последние статьи автора