Бүгінде әлем киногерлері сценарий аштығына ұшыраған секілді. Киноиндустриядан миллиондап қаржы табуды көздеген сайын көрерменнің көңілінен шығатын фильмдердің қарасы азайып, режиссерлер «ремейк» жасауға көшіп алғалы да біраз болды. Көрерменнің көзайымына айналған бұрынғы фильмдерді қайта жаңғырту кино тілінде «ремейк» деп аталады. Алайда «ремейк» жасаудың жөні осы екен деп фильмдердің сауатсыз көшірмелерін қаптауды қалай түсінуге болады? «Алаш айнасы» осы сауалға жауап іздеген еді.
«Ремейк» дегенде ең алдымен есімі ауызға түсетін режиссер, әрине Тимур Бекмамбетов. Аты қазақ болғанымен Ресейдің киноқорын молайтуға қызмет етіп жүрген режиссер «ремейк» жасаудан алдына жан салмайды. Ол кеңес кезіндегі «Қызметтестер хикаясы», «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен», «Жолы болғыш жігіттер» секілді фильмдерді қайта жаңғыртып кинемотографияға «үлкен үлес қосты».
Сценарий тартымды көркем туынды кімнің болса да қызығушылығын тудыратыны шындық. Айталық сол «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» фильмінің ремейгін тіпті Болливуд режиссерлері де жасады. Эльдар Рязановтың фильмінің желісімен түсірілген болливудтық фильм «Мен жаңа жылды жақсы көрем» деп аталады.
«Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» демекші, егер режиссерлердің жаңа заманға лайық бестселлер түсіруге құдіреті жетпесе ескі фильмдерді техникалық жағынан жаңғыртып, түрлі спецэффектілермен көне көркем дүниелерді көрерменге қайта ұсынады. Бірақ кейде көркемдейміз деп сәнін де, әрін де кетіріп алатындарды көзіміз көріп жүр.
Ремейк, сиквелдер кинемотографияда қалыптасып қалғандықтан ешкім мұны керек, керек емес деп айта алмайды. Өйткені шетелдің ремейктері кейбір фильмдерді қайта жаңғыртуға тұрарлық екенін дәлелдеген. Айталық, италияндықтар сонау1930-40 жылдары түсірген фильмдерін кейінгі жылдары қайта жаңартып, ремейк жасап еді, бұл туындыларды көрермен жақсы қабылдады. Ондай фильмдерге «Мумия», «Бұрыштағы дүкен», «Сізге хат» секілді кинотуындыларды жатқызуға болады.
Ремейктің өзі жоғары айтқанымыздай, ескі фильмді жаңғырту, ал қазіргі біздің киногерлер түсіріп жүрген фильмдерді ремейк дегеннен гөрі «ұрланған көшірме» деген дұрысырақ.
Осы жылдың басында еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілген «Абайлаңыз сиыр» фильмі кәрістің «200 фунтов красоты» фильмінің айнақатесіз көшірмесі екенін біраз жұрт енді байқап, әлеуметтік желілерде талқылап жатқанын көзіміз шалды. Иә, шынында аталған фильмдерді көрмей-ақ жарнамасынан екеуінің сценарийі бірдей екенін аңғару қиын емес. Кәріс пен қазақтың семіз қыздары да өздерінің салмақтарынының кесірінен келемежге айналғаны екі фильмде бірдей суреттеледі. Тек кәрістердің семіз қызы фильм соңында дене-бітімі сындардай керемет әншіге, қазақтың семіз қызы нәп-нәзік, сүйкімді кәсіпкер әйелге айналады.
Жалпы мамандардың айтуынша кинемотографияның қарапайым көрерменге ең жақын жанры мелодрамалардың сценарийі бір-біріне ұқсас келеді. Көбінің дерлік мазмұны қалаға келген ауылдың қызының басынан өктен оқиғасы, яғни күлте қыз ертегісінің желісін қайталайды. Сондықтан киногерлерге жаңадан «велосипед оцлап табу» қиын, әрине...