Тарих тұнбасынан
Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы 1940 жылы ашылған. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. Мұражай 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің де Абайға қатысы бар. Ақын 1875-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүрген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді.
Мұражай алғашқы ашылған жылдары «Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражайы» деген атпен Оқу министрлігінің қарауында болады. Одан соң мәдени-ағарту мекемелері басқармасының қарамағына көшті. Ал 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының қарауына ауысты. 1953 жылы Абай мұражайы «мемориалдық музей» дәрежесіне түсіріліп, Ғылым академиясынан Мәдениет министрлігі қарауына ауыстырылды, одан Семей облысының мәдениет басқармасына берілді. Тек 1960 жылдары ғана ақын мұражайы Мәдениет министрлігінің қарауына ауыстырылды.
1990 жылы «Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» болып қайта ұйымдастырылды. Жидебайдағы 6400 гектарлық қорық аймағы 16 ескерткішті қамтиды.
Қорық-мұражай құрамына Семейдегі бас мұражай, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Шәкәрім мұражай-үйі, Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйі, Көкбай Жанатайұлының Тақырдағы мешіт-медресесі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы, Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі кіреді.
Бас мұражай экспозициясында «Абай дәуiрi», «Абай бейнелеу өнерiнде», «Алаш арыстары», «Абай және Семей шаһары» атты тақырыптық көрме залы, «Абай шығармашылығының үш қайнар бұлағы», ақын поэмаларына арналған «Шығыс залы», «Грек залы», «Жаз» өлеңіне арналған зал, «Абайдың ақындық мектебi», «Абайтану», «Абай халық жүрегiнде» атты сыйлықтар залдары орналасқан.
Мұражай экспозициясы
Мұражай экспозициясы «Абай және оның дәуiрi» залымен танысудан басталады. Аталмыш зал үш бөлмеден тұрады. Онда ақынның өмiр сүрген ортасы – ел жайы, тұрмыс-тiрлiгi, ата-тегi, сол күндегi саяси-әкiмшiлiк құрылыс пен дала тұрғындарының әлеуметтiк хал-күйi жан-жақты қамтылған. Ауыз әдебиетiнiң көрнектi өкiлдерi Жаяу Мұса, Бiржан сал, Тәттiмбеттер арқылы ақынды қоршаған мәдени орта көрсетiлсе, Семейге жер аударылып келген саяси қуғындалушылар Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановский, Н.Коншиндер арқылы ақынның оқу-ағарту, ғылым жолындағы ұмтылыстары, ағартушылық тұлғасы танылады.
«Абай бейнелеу өнерiнде» деп аталатын галерея залында ұлы ақынның бейнелеу және мүсiн өнерiндегi көркем тұлғасы белгiлi қылқалам шеберлерiнiң туындылары арқылы жан-жақты ашылған.
«Алаш арыстары» бөлімі Семейдегі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының еліміздің тәуелсіздігі жолында атқарған қызметімен таныстырады. Алаш Өкіметінің, Алаш арыстарының мемлекеттік, қоғамдық, саяси қызметтерін көрсететін материалдар, фотосуреттер, архив деректері қойылған.
Бөлімде Алаш қозғалысы мен Алаш өкіметінің тарихын зерттеген ғалымдардың еңбектері қойылған. Соның ішінде жерлесіміз, тарих ғылымының докторы, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың зерттеулері және Семей мұрағаты әзірлеген құжаттар жинағы орын алды.
«Абай және Семей шаһары» атты тақырыптық көрме залында орналасқан экспонаттар мен фотосуреттер, ақын келiп-кетiп жүрген жылдардағы Семей қаласының мәдени-рухани тiршiлiгiн көрсетедi.
«Абай шығармашылығының үш қайнар бұлағы» залы ақын шабытын туғызып, шығармашылығына нәр берiп, сусындатқан қайнар көздермен таныстырады.
«Шығыс залы» – «Масғұт», «Әзiм әңгiмесi» дастандары негiзiнде, ал «Грек залы» – «Ескендiр» поэмасы сюжетiне лайықтап безендiрiлген. Ортаңғы зал көк күмбездiң астында орналасқан.
Мұражайдағы безендiрiлуi өзгеше тағы бiр зал – ақынның атақты «Жаз» өлеңiне арналған. Онда шебер сипатталған қыр – сахараның жазғы келбетi үлкен панорама болып кескiнделген; ортада алты қанатты ақшаңқай ақ орда. Зал этнографиялық сипатымен көрермендердi қызықтырып, үлкен әсерге бөлейдi.
Шарапат шуағы
«Абайдың ақындық мектебi» экспозициясы бiр-бiрiмен жалғасқан үш залды алып жатыр. Оларда ақынды қоршаған ақын шәкiрттерi мен оның шығармаларынан нәр алып, ақын дәстүрiн жалғастырған талантты ақындар толық қамтылған. Аталған экспозиция Абайдың немере iнiсi, аса талантты ақын Шәкәрімге арналған. Келесi зал ақынның дарынды ұлдары мен жақындары жайлы деректерiмен молыққан.
«Абайтану» iлiмiне арналған бөлiм жаңа мазмұнымен ерекшеленедi. Өз заманында «Алаштың арыстары» атанған, қазақ зиялыларының көш басы болған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Жұбановтар сынды саңлақтардың Абай мұрасы мен ақындығы туралы пiкiрлерi, деректермен толыққан. Екiншi бөлiм М.Әуезовтiң «Абайтануға» сiңiрген қыруар еңбегiне арналады.
Экспозицияны «Абай – халық жүрегiнде» деп аталатын зал аяқтайды. Мұндағы деректi материалдар ұлы ақынның құрметiне арналған барлық мерекелер мен айтулы күндердi, апталықтарды нақтылап көрсетедi. Абай сыйлығының лауреаттары мен абайтанушы ғалымдар сипаттамасы да осы бөлiмде орналасқан.
«Сыйлықтар» залында мерейтой қарсаңында Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен, шетелдерден келген сый-тартулар орналасқан.
1995 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мұражайды ресми ашқанда экспозицияның құнды экспонатына айналған «Зерде» кітабында өз қолтаңбасын қалдырды. Елбасы өз қолымен табыс еткен сый-жоралғылары да осы залдың төрiнен орын алған.
Мұражай өз қызметін Ғылыми кеңеске сүйеніп жүргізеді.
Бүгінде мұражай штаты 82 адамнан тұрады. Оның 23-і – ғылыми қызметкерлер. Олар – жоғары білімді, үлкендерден үлгі-өнегесін жалғастырып келе жатқан мамандар. Мұражайдың ішкі бөлімдері – ғылыми қор бөлімі, ғылыми-зерттеу және экспозициялық бөлім, ғылыми-насихат бөлімі, ғылыми-техникалық бөлім, әкімшілік-басқару, шаруашылық-техникалық бөлімдер. Қазір киелі қара шаңырақтың ұжымы Ұлы ойшылдың 165 жылдық мерейтойы мен мұражайдың 70 жылдығына қызу дайындық үстінде.
Бабамның көзі болған бұл мұражай...
Последние статьи автора