Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін,
Әлди, әлди, ақ бөпем....
«Бесік жырын» тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау, сірә. Алайда әже әлдиі құлағына сіңісті болып өскен ұрпақтың соңы біз боламыз ба деген қорқынышты ой ұялайды кейде. Өйткені бүгінгі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. «Әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық «қанның» таралуы да осы кезден басталады. Қазақтың бала туылғаннан-ақ бесікке бөлейтіні белгілі. Бесік жырын айтып бөлейді. Әдемі ырғақ пен баланың болашағына деген тілек бір әуеннің астында үндеседі. Ән айтқанда айналада жағымды аура орнайды. Ескі ұғым бойынша жын-шайтан жоламайды. Тек қана жақсы энергия таралып жатқан жерге жаман энергия қайдан келсін? Сәби дүниеге келген соң, шілдеханадан бастап қашан баланы бесіктен босатқанға дейін бесік жырын үзбеу керек дейді әжелер. Бала бесік жырын қай тілде тыңдап өссе, сол тілде тілі шығады. Дүние есігін ашқан сәбидің алғаш еститін әуезді үні де – осы бесік жыры. Бар нәрсені жақсылыққа жоритын әжелеріміздің айтуынша, бесік жырында баланың болашақта батыр, еліне, жеріне пана болатын азамат болып өсетінін әнге қосу үлкен рөл атқаратын көрінеді. Психологтар әлі «дым білмейтін» сәбилердің уілді не болмаса әуенді естісе, кәдімгідей қуанатынын айтады. Ұлттық сана, ұлттық тәрбие осындай кішкентай нәрседен басталмай ма? Тамшыдан көлемді көл жиналады. Сондықтан да баланы құрсақта жатқан кезінде-ақ әнмен тәрбиелеу қажет екен. Өкініштісі, ежелден келе жатқан осы ұлттық үрдістің тіні үзіліп бара жатқандай. Бауыржан Момышұлы: «Немерелеріне ертегі айтатын әжелер азайды, содан қорқамын», – деген екен. Сол сияқты бүгінде «әлди, әлди» әнін айтып, ақ бесікке бөлейтін әжелеріміз азайды. Бесік жырының не екенін білмейтін аналарымыз көбейді. Жуырда жас босанған бір келіншектің үйінде болдық. Келін шырақ Агилераның атышулы әнін айтып, бесік тербетіп отыр. Шошынып қалдым. «Бесік жырын білмейсің бе» дегеніме иығын қиқаң еткізді. Өздері дискотекада билейтін хит әндерді айтып, баласын ұйықтатып отыр. Өкініштісі, Батыстың даңғаза, у-шулы әніне құлағы үйір болған баласы ертең қай тілде сөйлеп, қай тілде «ойлар» екен?..
Елімізге белгілі ақын Нармахан Бегалиевтің оқырмандармен кездесу кешіне қатысқанымыз бар. Сонда ақын ағамыз жаға ұстатар жағдаятты қынжыла жеткізіп еді. Жоғары оқу орнында оқытушы болып істейтін қызы Рауан сырттай бөлімде оқитын апайларынан емтихан қабылдапты. Жасы қырықтан асқан, бүгінде немере сүйіп отырған апайы еш сұраққа жауап бере алмай қиналғанға ұқсайды. Содан ары сұрақ қояды, бері сұрақ қояды. Еш тұшымды жауап ала алмапты. Ақыры түк шықпасын білген соң: «Апай, ең оңай сұрақ қояйын. Бесік жырын айтып беріңізші», – депті. Сөйтсе, оған да жауап бере алмапты. «Енді балаларыңызды, немерелеріңізді бесік жырын айтып ұйықтатқан шығарсыз?» – десе, «жоқ, жат ей, бабай келіп қалады» десем, ұйықтап қалатын» деп қарап тұр дейді. Өзінен кейінгілерге үлгі өнеге көрсететін ұстаздарымыз қарапайым ғана тәрбие бастауын білмесе, не дерсіз?!
Иә, бүгінгі ұрпақ Американың әніне басып, батыстық бесік жырын айтып жүр. Оған кім кінәлі?..
Бибіхан БАЙБАҚОВА, ұстаз:
– Расында, бесік жырының бала тәрбиесінде атқарар рөлі зор. Еліміздің әр өңірінде бесік жыры әртүрлі айтылады. Оның түрлі нұсқасы бар. Осы ұлттық үрдісімізді ұмытып бара жатқанымыз өкінішті. Мектептерде қыз балаларға арнайы сағаттар бөліп, болашақ аналарды әзірден-ақ бала тәрбиесіне үйретуді ұсынар едім.