Осыдан алты жыл бұрын қазақтың аяулы азаматы, от ауызды, орақ тілді ақыны Оразалы Досбосынов отызға толар-толмас шағында көлік апатынан көз жұмған еді. Артынан аңырап қалың елі, жан-жары Ажар мен бір қыз, бір ұлы қалған. Аяусыз ажал енді ақынның балаларына пана болып қалған, ел ішіне әншілігімен танылған Ажарды да мәңгілік мекеніне ала кетті.
Әнші Ажар да Оразалының тағдырын қайталады. Осыдан бір күн бұрын таң ата Талдықорғаннан Алматыға бет алған көліктің артқы орындығында ұйықтап келе жатқан Ажар қапелімде аунап кеткен темір тұлпардың астында қалып, ауруханаға барар жолда көз жұмды. Оразалыдай ақынға жар болған, қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызына айнала бастаған 33 жасар Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Көпбалалы отбасынан шығып, алты баланың кенжесі болып ерке өскен Ажар өнер сахнасында да еркелігімен ерекшеленді. Сонау Созақта өткен балалық күндерінен бастап қазақ әніне ғашық болып өскен Ажардың арманы өнер ордасына айналған Алматыдай алып шаһарды жаулау еді. Ол бұл мақсатына енді қол жеткізіп, өнерінің өрісін бұдан да кеңейте түспекші еді. Ауыл мектебін тамамдаған соң, ол Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыды. Ажардың әншілік жолға түсіп, айтыстың ақтангері Оразалы Досбосыновпен табысатын кезі де осы студенттік шақ болатын.
Қазақ тыңдармандарына «Анаға хат» әнімен есімі жақсы таныс, жүрегінен мұңлы да сырлы саздар құйылып тұратын әнші Ажар Түзелбекқызы жары Оразалы өмірден озғаннан кейін оның мұрасын жинақтап, жоқтаушысы бола білді. Еліміздің қай өңіріне гастрольдік сапармен барса да, ол әр концерттік бағдарламасын Оразалыны еске алу сипатында өткізетін. Әлі де болса жүзеге асырсам деген шығармашылық жоспары көп еді. Әкесінің жоқтығын білдірмей, ұл-қыздарын өсіріп, жетілдірсем деп мақсат қойып, өмірге деген айрықша құлшыныста жүретін. Бір басылымға берген сұхбатында Ажар: «Көкейде жүрген арман көп қой. Өмірімдегі басты арманым – балаларымды қанаттандырып, адам қатарына қосу. Солардың әрдайым аман болғанын қалаймын. Жалпы, балаларымның болашағынан зор үміт күтемін. Есейіп, үлкен азамат болғанда «Оразалының ұлы мен қызы» деген атқа лайық болса деймін. Менің бар арманым – сол», – деп ағынан жарылған екен. Бәрінен бұрын балаларына ауыр тиді. Ораздан қалған екі тұяқ – Нұрайша мен Нұрсұлтан бүгінде А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде білім алуда. Ажардың кейінгі жолдасынан да екіден енді асқан бір бала қалды. Туыстары марқұмның денесін кеше туған топырағына алып кетті. Ал Оразалы марқұм Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жерленген. Күллі қазақтың сүйікті ақынына айналған жан жары Оразалы Досбосыновқа арнап айтатын «Сағындым сені» әнінде Ажар:
«Күн батты, таң атты тағы да,
Ем таппай жаралы жаныма,
Жоғыңа сенбестен
қарайлаймын жолыңа.
Сен едің ертегі аралым,
Дертімнің таба алмай амалын,
Таусылып ішімнен
барамын, ау, қарағым...» –
деп жүрек шымырлатар шерге толы шумақтарды мұңды сазбен өрнектеуші еді. Енді өзі де сағынышқа айналып кетті...