Алғаш Абайдың өлеңдер жинағын Мәскеуде мырзақамақта отырса да, тікелей өз қадағалауына алған Алаш арысы Әлихан Бөкейханов болса, Абайдың сонау түп-тамыры, қоғамдық ортасы, сол замандағы қазақтың жай-күй, тұрмыс-салтымен түгел хатқа түсіріп, тұтас эпопея жасаған ұлы Мұқаң екені даусыз. Ана сүтін арда емген, ататегінің тамырдағы қанын ақтаған Алаштың осындай текті ұлы Мұхтар Омарханұлының осы күнге дейін ататегі жайлы толық зерттеліп, жазылмақ түгіл, ауызға алудың өзі мұң болған заман да өтті.
Аяулы Мұқаңның биыл өмірден өткеніне 50 жыл болса, тұлғаның мұражай үйіне де – 50 жыл. Осы орайда, таяуда біз Әуезовтің 50 томдығы жарыққа шыққанын айтып, алты Алаштан сүйінші сұрасақ, енді заңғар жазушының ататегін түгендеген кітаптың дүниеге келгенін айтып, жар салмақпыз. Әрине, осы тұста біз әуелі Мұқаңның өзінен жоғары тұрған әкесі, ата-бабасы болып кете беретін қасиетті шежіресін бірінші болып түзіп, кітап жазған Сейітомар Саттаров еңбегін атап өтуіміз шарт. Сосын барып Әшірбек Муминовтің «Родословное древо Мухтара Ауэзова» еңбегін айтсақ орынды. Бұл кітаптардың шығуы зиялы қауымды, қалың бұқараны түрлі толғанысқа түсіріп, көкейде әрқалай сауал тудырады екен.
Әлқисса немесе Әуезовтің тегін зерттеу неге кешеуілдеді?
Біріншіден, кеңес дәуірінде бұл мәселе жайлы ауыз ашу мүмкін болмады. Тек Әуезов қана емес, өз түптамыры жайлы, арыға бармай, атасының атын айту тек арадан қыл өтпейтін достар болып, асүйде не болмаса сондай оңаша жерде мүмкін болмаса, жалпы, халық арасында тіпті қазақша сөйлеу де мұң болғаны белгілі. Бұғаудың не екенін тіл, діл, дін жайлы жақ аша алмай булыққан қазақ терең сезінді.
Смағұл Елубай, жазушы:
– Қазақ руханиятының алып діңгегіндей Әуезовтің ататегін білу бізге парыз еді. Қазақ үшін өлшеусіз қызмет жасаған тұлғаның алдындағы жауапкершілік деген тұрғыдан қарағанда, мойнымыздағы жауапкершіліктің жүгінен аз да болса арылғандаймыз. Өйткені өркениетті елдердің қайсысы болса да, тіпті алысқа бармай-ақ, орыс мәдениетіне үңілсеңіз, Пушкиннің ататегі, жүрген-тұрғаны әлі күнге дейін жазылумен келеді. Ол туралы жазылған еңбектер ол өзі жазған еңбектерден бірнеше есе асып кетсе де, Пушкин тегін зерттеу бір сәтке де тоқталған жоқ. Ал енді Мұқаңның тегіне келсек, ол кісі өзі көп ашылып, шыққан тегі жайлы айта бермеген, дегенмен бірде Қалтай Мұхамеджанов ағамызбен әңгімелесу барысында өзінің Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) 51-ұрпағы екенін айтқан екен. Сондықтан мен айтар едім, бүгінде біз Әуезов тегін осылай дәріптегеніміз дұрыс. Ал енді ұлы жазушының заманында олай айту да, жазу да мүмкін болмады, сондықтан қазір мынадай ғылыми-зерттеу, шежіре шығып жатқанына аруағы риза деп ойлаймын.
Мұрат Әуезов, жазушы:
– Былтыр Сейітомар Саттаровтың «Мұхтар Әуезовтің ататегі» деген еңбегі шыққан. Ол көбіне шежіреге сүйенген еңбек болса, биыл, міне, дүниеге келген шығыстанушы ғалым, тарих ғылымының докторы Әшірбек Мүминовтің «Родословное древо Мухтара Ауэзова» туындысы – бұл енді терең ғылыми-зерттеу еңбегі. Себебі кітап әуел баста Орталық Азияға ислам дінінің қалай келгендігінен басталады. Содан бері қарай өрби келе, біздің тегімізге өтеді. Біз, Әуезовтер әулеті, қатты толқудамыз, себебі тегімізбен қауышу – бұл алдымен ата-бабамыздың рухымен қауышу. Алайда осы тұста айта кетейін, бұл бізге мақтан үшін немесе халықтан бөліну үшін емес, ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіну үшін қажет еді. Себебі әуезовтану бар болғанымен, онда әкеміздің өскен жанұясы, шығармашылығы, ортасы жайлы айтылғанымен, дәл осы тегін зерттеуге саясат мүмкіндік бермеген еді.
Тақырыптың өзі тың, сондай-ақ оған бұрын-соңды белгісіз болып келген тың деректер де қосылған. Бір ғана мысал: Мұқаң, әкесі – Омархан, оның әкесі – Әуез, Әуездің әкесі – Бердіқожа, Әбдіқожадай бабаның зираты белгісіз болып келген. Осы орайда жазушы тегін зерттеуге жылдарын арнаған Сейітомар Саттаровтың ерен еңбегін айтпау – айып.
Сейітомар Саттаров, зерттеуші, шежіреші:
– Бір әулет, яки бір атаның балаларынан ұлт үшін қызмет еткен үш ұлы тұлғаны беруі – тарихта өте сирек кездесетін құбылыс. Арғы жағындағы Ысқақ бап, Қожа Ахмет Ясауиді айтпағанның өзінде, 1320 жылдардың көлемінде Алтын Ордаға келіп, Дешті Қыпшаққа имам болып сайланған – Бақшайыш баба, Ақтөбе облысында Ор қаласы мен Ырғыздың бойында Бақшайыш баба атындағы өзен бар, одан бес шақырым жерде ол кісінің үйі мен мешітінің орны бар. Өз басым көріп, халықпен сөйлесіп, суретке түсірдім. Одан бері 700 жылдай өтсе де, халық сол жерді қастер тұтады. Екінші бір ұлы тұлға – 1684 жылы Тәуке ханның тұсында үш рет имам сайланған Мүсірәлі баба. Үшінші – Мұхтар Әуезов. Ал енді бұл кісінің сонау арғы бабасының бабасы Әбдіқожаның мазарын таптық. Бұл – өте үлкен оқиға, себебі қаншама ғасыр ол кісінің мазары түгіл, аты-жөні дұрыс аталмай, тарихтан жойылып кете жаздаған. Барлық шежіреде баба есімі жоқ, тек Саяқов деп келеді. Ал, негізінде, Саяқ деген адам өмірде болғаны рас, бірақ ілгеріде өмір сүрген.
Түйін
Бұл да болса – Тәуелсіздіктің жемісі, яғни өзіміздің жеті құлып астында жатқан өткенімізбен қауышып, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтіп жатырмыз. Және мұнда біз бір нәрсені ұғып алуымыз шарт – осындай еңбек арқылы Әуезов немесе сол әулет өз тегімен қауышып отырған жоқ, сол арқылы тұтас қоғам, тұтас ұлт тамырына қан жүгірді. Ал мұндай тарихи оқиғалардың ұлттық рухты дүр сілкінтіп, тарихи сананы оятары даусыз.