Ол кісінің азан шақырып қойған есімі – Илхам. Зайсандықтардың еңкейген кәрісінен, еңбектеген жасына дейінгілері Елаға атап кеткен. Өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бері осы елдің өнерін өркендетіп, мәдениетінің көркеюіне еңбек сіңірген екі адам болса, соның бірі – Елағаң.
Алматының Абай атындағы опера және балет театры студиясынан алған актерлік, режиссерлік мамандығын айтпағанда, түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнап, ән атаулыны өзіне ғана тән лирикалық баритон дауысымен нақышына келтіре орындағанда Елағаңды тебіренбей тыңдайтындар некен-саяқ. Қажет жерде төгіп-төгіп жіберетін ақындығы және бар. Жасы сексеннің сеңгіріне таяп қалса да, жүріс-тұрысы ширақ, мінезі қағылез ағамыз әзіл-оспаққа да ағып тұр.
Бір емес, екі бірдей ауданның (Зайсан, Марқакөл) театрларына «Халық театры» атағын алуларына атсалысып, мұрындық болған ардагер актерді орайы келгенде әңгімеге тартқанбыз.
- Алматының өнер студиясында «Өнерлінің өнерлісі ғана білім алады» деуші еді, сіз қалай түсіп жүрсіз ол жерге?
- Менің әкем әнге жоқ адам еді. Есесіне шешем Шәмши көпшілікке танымал жыршы болды. Бала күнімізден ән естіп өскендіктен болар, анамның әншілік қасиеті маған да дарыған секілді. Жарықтық ұлты татар еді. Қазақтың да, татардың да, керек болса орыс әндерін де емін-еркін орындай беретін. Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұқпалы» демейтін бе еді. Сол жұққан болуы керек. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, сырнайға, домбыраға қосылып ән айтып, мектептегі, аудан көлеміндегі көркемөнерпаздар концертіне қатысып жүрдік. Студияға түсуіме ән орындауға бала күнімнен машықтығым демеу болды-ау деймін. Әйтпесе қабылдау конкурсы қатал болатын.
1956 жылы мектеп бітіріп, бірге талаптанып оқуға қабылданған Зейнеп Қойшыбаева, Мыңжасар Маңғытаев, Ошан Рахимов, Әсет Бейсеуов, Базарбай Жұманиязов бұл күнде есімдері елге танымал халық әртістері. Ал ұстаздарымның Шабал Бейсекова, Қанабек Байсейітов, Нұрғиса Тілендиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Тұрғыт Османов, Сыдық Мұхаметжанов (суретте) сынды қазақтың біртуар дарынды ұл-қыздары болғандығын әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүремін.
- Бірге оқығандардың барлығы дерлік елге танымал адамдарға айналғанда сіз неліктен Зайсанда, ескерусіз қалып қойғансыз? Әлде талантыңыз кемшін болды ма?
- Талабым олардан кем бе, артық па, ол жағын дөп басып айта алмаймын. Бірақ осы жасқа келгенше бір түйгенім – халыққа танымал болу үшін сол кезде-ақ Алматыда қалуым керек екен. Қалып қоюға да мүмкіндік болған. Өнер студиясын тәмамдай салып, сол жылы консерваторияның актерский факультетіне оқуға түсіп, оны да бір жыл оқыдым. Ақыры «Әкең қатты сырқаттанып жатыр» дегенді сылтауратып үйге шақыртып алды да, «Үйдің үлкенісің, үйленуің керек» деп, Алматыға қайта жібермей қойды. Ол кезде ата-анаңның сөзі – заң. Амал жоқ, көнуге тура келді.
Құрманбек Жандарбековтің үмітін ақтай алмағаныма өкінемін
- Елге оралғасын мамандығыңыз бойынша жұмыс істедіңіз бе, болмаса сол кездің дәстүрімен совхоздың жұмысына жегіп қойды ма?
- Консерваторияда оқи жүріп оперный театрда әнші боп жұмыс істегенім бар. Оның үстіне актерлік шеберлігім де жеткілікті. Сосын, режиссерлік курсты қазақ театрының іргетасын қалаушылардың бірі, атақты театр майталманы Құрманбек Жандарбековтен өткен болатынмын. Жарықтық, жатқан жері жайлы болсын. Менен үлкен үміт күтіп, ерекше қамқорлығына алған еді. Өкінішке қарай үмітін ақтай алмадым. Мен елге кетем дегенде бұлқан-талқаны шығып қатты ренжіп еді. Егер үйдегілердің үйлен деген үгітіне көнбей, Алматыға қайта кетіп қалғанда ғой, қазіргі жағдайым да, өзің айтқандай атақ-дәрежем де басқаша болар ма еді, кім білсін. Бірақ өткен іске өкінуге болмайды.
Сөйтіп, елге орала салысымен аудандық мәдениет бөлімі жанынан шағын драмалық үйірме құрдым. Үйірмеге кіргендердің көбі жастар. Бұрын-соңды сахнада ойын көрсетіп көрмеген. Ал театр тілімен айтқанда, сахнаның өзіне тән талаптары бар. Айталық, мизансцена, актерлік шеберлік, сөз сөйлеу мәнері, қимыл ерекшеліктері тағы-тағы толып жатыр. Осылайша біраз дайындықтан өттік те, «Нар тәуекел!» деп, «Қыз Жібек» операсын сахналауға кірістік. Ол кезде Зайсанның әншілері қандай еді. Бірінен-бірі асып түсетін өнерпаздар. Мен өзім өз болып, тұңғыш рет Бекежан батырдың рөлін сахналадым. Қорқа-қорқа ұсынған алғашқы қойылымымыз абырой болғанда сәтті өтті. Қалған уақытта осы жетістігіміздің кем-кетігін толықтырып шыңдай бердік, шыңдай бердік. Сөйтіп, шағын ғана ұжымымыз облыс бойынша үздік шығып, 1960 жылы Алматыда өтетін республикалық өнер фестиваліне жолдама алдық. Ол өзі хор коллективі бастап, өзге де өнер түрлері қостаған үлкен концерттік бағдарламасы бар фестиваль болатын. Біз театр жанры бойынша «Қыз Жібекті» апардық.
Жалпы, «Қыз Жібектің» сөз зергері атанған Ғабит Мүсіреповтің либреттосы екендігін біреу білсе, біреу білмейтін болар. Ал қазылар алқасында Ғабеңнің өзі отыр. Бұл біздің жауапкершілігімізді одан әрмен арттырып, ширықтыра түсті. Сол фестивальға бір ғана «Қыз Жібекті» үш облыс, яғни, сол кездегі Гурьев, Ақтөбе облыстары және Шығыс Қазақстаннан біз апардық. Осы жолы біздің жолымыз болды. Алла жар болған шығар, әртістеріміз жанын сала өнер көрсетіп, өз жанрымызда бірінші жүлдемен қоса, «Халық театры» деген үлкен атақты қоса алып қайттық. Сахнаға шығып сөз сөйлеген Ғабең біздің өнерімізге риза болғандығы соншалық, «Біздің опера театрының әртістері Зайсанда жүр екен!» деп, барлығымыздың қолымызды алып шықты. Ондай құрметті күтпеген біздер, марқайғанымыздан шалқамыздан түсе жаздадық. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының басшылары «Защита» вокзалынан оркестрлетіп тұрып өте жоғары деңгейде қарсы алды. Зор құрмет көрсетті. Міне, сондай да шақтарымыз болған.
- Бір кездері өзіңіз іргетасын қалап, бір-бірлеп уығын шаншыған сол Зайсан театры әлі бар ма? Әр жылдарда түрлі-түрлі қиын кезеңдерде жабылып қап немесе уақытша болса да өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған жоқ па?
- Құдайға шүкір деп айтайын. Биыл міне, «Халық театры» атағын алғанына тура 55 жыл болды. Қандай қиындықтар болса да, сондағы халықпен бірге көріп келеді. Әрине, өнерпаздардың жалақылары қысқарған, соның өзін уақытында бермеген кездер болды. Алайда, театр жұмысын тоқтатқан емес. Бізде тіпті ондай ой болып та көрмепті. Мен жеті жыл Марқакөлде мәдениет саласында қызмет еттім. Сол жақтағы басшылардың шақыртуымен оннан да театр аштық. Ашып қана қойған жоқпыз, көп ізденіс пен үздіксіз дайындықтың, сондағы өнерлі, өрелі азаматтардың арқасында 1971 жылы оған да «Халық театры» атағы берілді. Ол жерде де еңбегіміз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлендік. Жалпы осы жылдарда театр саласындағы жеткен жетістіктеріме көбіне-көп бала күнгі досым Ораз Кәкеев көп көмектесті. Менімен бірге Марқакөлге де, Мәскеуге де, Алматыға да барды. Ол өзі тума талант еді ғой. Оқу-тоқуы жоқ болса да, әртістік қабілеті кез келген оқыған актерден асып түсетін.
Қазіргі жас режиссерлер абстрактизмге кетіп қала береді.
- Театрдың қазіргі ұжымы қандай, өнерлері көңіліңізден шыға ма? Жалпы, театрмен байланысыңыз бар ма? Болмаса олар сіз секілді зейнеткерлерді елеп-ескермей ме?
- Театрсыз менің өмірімде мән жоқ. Соны олар да сезетін болуы керек, үнемі хабарласып, хал-жағдайыма алаңдап, қажет болса «Қайсыбір рөлдерді ойнап берсеңіз» деп ұсыныс жасап жатады. 2002 жылдан бастап талантты қарындасымыз Алма Сүлейменова режиссерлік етіп келе жатқан «Зайсан халық театры» бұл күндері жас өнерпаздармен толыққан. Ұжымның шығармашылық жетістігін ауыз толтырып айтуға болады. Әсіресе әнші, актер Мұратхан Домбаев, Жолшыбайхан Дуанхан, Талғат Мамырбаев, Мұрат Далабаев сынды өнерлі азаматтармен қатар Анар Домбаева мен Мөлдір Искакова, Бикен Жабашова мен Майгүл Ужанованың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Театрдың қазіргі ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендер осылар. Бүгінгі күні халық театрының жанынан жастар театры да ашылып, жемісті еңбек етіп жатқаны қуантады.
- Өміріңізді өнерге арнаған актер ретінде қазақ кино саласының бүгінгі аяқ алысына көңіліңіз тола ма?
- Біздегі арнайы оқу бітірген актерлердің 60-70 пайызының рөл сомдауынан жасандылық байқалып тұрады. Жалпы, кино саласындағы қазақ актерлері жылдан-жылға өсіп келеді десек те, салыстырмалы түрде алғанда қырғыз, өзбек кинематографистерінен көп үлгі алуымыз керек секілді. Оларда болған оқиғаны нанымды етіп жеткізу, актерларының шынайы ізденіспен образ сомдауы сүйіндіреді. Мұнымен, қазақ киносы ақсап, кенжелеп қалды деуге болмас. Бізде де бар, сәтті шыққан туындылар. Айталық, соңғы жылдары көрерменнің көңілінен шығып жүрген Асанәлінің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі қандай тартымды әрі нанымды картина. Немесе «Жаужүрек мың баланы» алайық. Шіркін, киноның бәрі «Қыз Жібек», «Көксерек», «Атаманның ақыры» немесе «Транссібір экспресі», «Менің атым Қожа» секілді шедевр бола бермейтіні өкінішті. Бірақ менің ойымша, біздің кинорежиссерлердің негізгі ұстанатын темірқазықтары Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сынды кәсіби таланттар болуы тиіс. Қазіргі жас режиссерлер абстрактизмге кетіп қала береді. Абстракт көп бізде. Кейде солардың не айтқысы келгендерін актер бола тұра мен түсінбей қаламын.
- Бұл неге осылай болып кетті, әлде еліктеушілік пе?
- Бұл ең бірінші батысқа еліктеушілік. Актер актер болуы керек. Актер клоун болмауы керек. Клоун – ол өзі бір бөлек өнер түрі. Осының аражігін айырып алуы керек біздің қайсыбір актерлерге. Әншілерге келетін болсақ та солай. Әуен мен әннің мәтінін өзі жаза сап, өзі орындай беретін Сейфуллин Жолбарыс секілді кереметтер пайда болды. Ол әуен мен мәтін үйлесіп жатыр ма, жоқ па, онда шаруасы жоқ әлгілердің. Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе – өнер адамдарының ақшаға құнығуы белең алып барады. Бұрынғы ел мойындаған композиторлардың туындылары мен белгілі ақындардың сөз мәтіндерін бұрмалап, бұзып орындайтын әншісымақтар көбейіп кетті. Ол аз десеңіз ән ұрлайтын сазгерлер мен сөз ұрлайтын ақындар пайда болды. Бұрын ұлы сазгер немесе ұлы ақын деген ұғым болушы еді. Қазір ұлы сөзін ұры сөзімен алмастыратын дәрежеге жетіп қалдық. Бұған мемлекет тарапынан бір тосқауыл болмаса, болашақта қазақ өнері құрдымға кетуі мүмкін.
- Зайсандағы мәдениет үйінің қазіргі жай-күйі қалай? Төбесінен су ағып, едендері қопарылып жөндеу қажет етіп тұрған жоқ па? Жергілікті билік өнер адамдарына көңіл бөле ме?
- Мәдениет үйінің жай-күйі жақсы. Уақытында жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бүгінгі заман талабына сай. Өнер адамдарының алаңсыз творчествомен айналысуларына барлық жағдай жасалған. Қазір осы мәдениет үйіне ел еркесі атанған, дарынды актер, әрі әнші Ораз Кәкеевтің есімін беру мәселесі қарастырылып жатыр. Орекеңнің көзін көрген, өнеріне тәнті болған зайсандықтар бұл ұсынысқа қарсы емес. Әкімдіктегілер кешеуілдетіп жібермесе оң шешімін тауып қалар.
Осылайша ойдан-қырдан өнер жайлы, өнерпаздар жайлы ордалы ой қозғаған Елағамыздан «Өнер саласында алған атақ-дәрежелеріңіз бар ма?» – деп, сұрағам қоштасарда. - Менің анау-мынау атағым да жоқ, ол атақта шатағым да жоқ, – деп әзіл-шынын араластыра жауап берді, 80 дейтін сеңгірді маңайлап қалса да, ел үшін қызмет етуден шаршамаған-шалдықпаған ардагер актер.