«Астана» деп ән салғанмен, «Александра» болып естілді...
«Той десе, қу бас домалайды» дейді қазекем. Сол айтпақшы, Астананың туған күні талай істерге түрткі болып, қаншама авторлар өз туындыларын сол тойға шашу ретінде ұсынуға тырысты. Елорда алаңынан орын ала алғандары өнерін сол жерде паш етіп, одан қалса, теледидардан да үш күн бойы тек Астана жайлы әндер, бейнеклиптер мен кинолар берілді. Біз солардың бірі ретінде Еркін Рақышевтің шығармашылығынан туған «Астанаға көктем кеш келеді» фильміне тоқталғалы отырмыз.
Александра! Александра!
Этот город – наш с тобою.
Стали мы его судьбою –
Ты вглядись в его лицо.
Неге екенін білмеймін, кино басталғаннан-ақ құлағыма осы ән келді. Бұл қай кинофильмнен екенін өздеріңіз біліп отырған шығарсыздар? Неге мен «Астанаға көктем кеш келедіні» көріп отырып, «Мәскеу көз жасына сенбейдіні» еске түсірдім? Сөйтсем, еске түсірген мен емес, теледидардан берілген киноның оқиғасы екен. Айырмашылығы тек анау – Мәскеу, мынау – Астана. Әйтпесе оқиға тура сол! Көрерменнің көзін жеткізе түсу үшін фильмді тіпті жіліктеп-ақ берейік, сонымен ұқсастықтары:
1. Екеуінде де басты кейіпкер – арман қуып ауылдан қалаға келген қыз. Айырмашылығы: мәскеулік қыздың есімі – Катерина да, астаналық қыз – Назым. Екеуі де оқуға түсе алмай қалады.
2. Катя да, Назым да жастық албырт сезімнің жетегінде өздеріне үздіге қараған жігітке сеніп қалып, жүкті болып шыға келеді.
3. Мәскеулік журналист жігіттен Рақышевтің құрылысшы жігіті еш қалыспай, көзі боталап тұрған арудың арын аяққа таптап кете барады.
4. Қос киноның кейіпкері де намысшыл, нәрестені не де болса жарық дүниеге алып келуге бел буып: «Өзімнің кім екенімді барлығына көрсетем», – деп күш-қайратына мінеді.
5. Екі фильмнің басты кейіпкерінің ақырында адамгершілігі мол азаматтың етегінен ұстауына дейін бірдей.
Әрине, аздаған айырмашылықтардың барын айта кетуіміз керек. Мәселен, «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің режиссері В.Меньшов Катеринаны он бес жылға бір-ақ есейтсе, біздің Ерекең кейіпкерін бес жасқа ғана есейтіпті. Содан соң Катерина Александра атты қыз тәрбиелесе, біздің Назым, обалы не керек, маңдайы торсықтай ұл табады. Бірақ баласы мектепке барғанша ата-анасына немерелері барын айтпағаны тым сенімсіз. Ал актерлердің шеберлігіне келгенде, екі фильмнің арасы жер мен көктей: Катеринаның рөлінде ойнаған Вера Алентованың әрбір іс-қимылы мен намыс кернеген отты жанарына тәнті болсаң, Назымның жүзінен ешқандай эмоцияны аңғара алмайсың. Тіпті аяғы ауыр екендігін жеткізгенде, жігіт бас тартып тұрған кезде де көрермен Назымның көзінен ешқандай күйзелісті аңғара алмайды. Жылайды, әрине, бірақ онысы қасірет шеккен қыздың емес, солай боларын алдын ала біліп, көндіккен қыздың көз жасы секілді. Жұмабекпен танысқан сәтте де жігіттен бір рет аузы күйген қыздай емес, соның қырындауын күтіп жүргендей қылымси қарауы кейіпкердің сүйкімін кетіріп жібергендей. Ал Жұмабектің рөліндегі көпшілікке диктор, тележүргізуші ретінде танымал Сырым Қышқашбаев қайта өзіне берілген рөлді тәп-тәуір сомдап, жағымсыз бейнені бере алған. Сондай-ақ Назымның құрбы қызын ойнаған актриса мен оның күйеуін сомдаған Талғат Жорабаев та шынайы өмірдегі сондай жандардың кейпіне ене білген.
Осыған дейінгі «Жаралы сезім», «Менің де атым – Қожа», «Жетімдермен» салыстырғанда бұл фильмде сәл ілгерілеушілік бар. Бірақ кәсіби жағынан сапасы әлі де сын көтермейді. Мәселен, киноны дыбыстау жағынан алғанда, кейіпкерлердің сөйлеген сөзі мен ауыздарының қимылы көп жерде бір-біріне сәйкес келмей қалған. Дубляж жасаушылар да кәсіби мамандар емес-сынды. Олай дейтініміз, кейіпкерлердің дауыс ырғағы өмірдегідей шынайы емес, бір түрлі жасандылық байқалады. Тағы бір ескертерлігі, кинода еш нәрсе режиссердің назарынан тыс қалмауы тиіс, тіпті бір сәттік көріністер де, ондағы бір-екі ауыз сөзге дейін. Мәселен, қазақ қашан тауықты «цыпа-цыпалап» шақырып еді, «қыт-қыт» емес пе тауықтың елең етер дыбысы? Еркін мырза ауылдың қазағы ғой, фильмде неге мұндай қателік кетті екен? Содан соң фильм барысында қолданылған әндердің өзі де, сөзі де ортаңқол. Астана жайлы небір әдемі әндер қайда қалды сонда? Былтыр онжылдық қарсаңында ондай әндерге арнайы бәйге де жарияланғаны белгілі. Мұның барлығын Еркін Рақышевті жек көргеннен, не болмаса көре алмағаннан емес, өнерге жанымыз ашығандықтан айтамыз. Аристотельше айтсақ, «ұстазым Платон – жақсы адам, ал шындық одан да жақсы», қазақ атамызша айтсақ, «айтпасаң, сөздің атасы өледі»...
P.S.
Айтпақшы, «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмі 1981 жылы «Шет тіліндегі ең үздік фильм» категориясы бойынша Оскар сыйлығына ие болған, ал Астананың кешіккен көктемін арқау еткен аталмыш фильм көрерменін несімен қуантпақ?..