Халық әртісі, елімізге еңбегі сіңген актер Асанәлі Әшімовтің неліктен ұлына өз есімін бергені белгілі болды деп хабарлайды zamana.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Актердің жұбайы Бағдатпен қалай танысқаны, Алматыда төрт қабатты пәтерде тұратыны жайлы шымкенттік досы Әбутәліп Әбішев баяндап берді.
"Ағаның ұлы жайлы теледидарда айтылған жаңалықтан ести сала құттықтадым. Сосын "орыстардың Иван Иванович дегені сияқты атын неге олай қойдыңыз" деп сұрадым. Ол кісі "Бағдат Асанәлі қояйық. Менің жанымда үнемі бір Асанәлі жүруі керек қой деп өтінгесін келістім" деп жауап берді", - дейді Әбутәліп Әбішев.
Актермен өзінің туған бауырындай араласатын Әбутәліп мырза танымал тұлғаның отбасы мен тұрмыс-тіршілігі жайлы да айтты.
"Асекеңнің Алматыда төрт қабатты үлкен үйі бар. Онда әйелі, ұлы үшеуі тұрады. Ұлы Асанәлі қазір есейіп қалды, түрі де, мінезі де әкесінен аумайды. Сол үйде Асекеңнің Сағи мен Мәдиден өрбіген немерелері, шөберелері жиі жиналып, бәрі бас қосып тұрады. Асекең мінезі қатал болғанымен әділ, қамқор жан.
Немере-шөберелерінің уақтылы демалысына мән беріп, олардың түрлі жақтарға демалысқа баруына жағдай жасап тұрады. Ол кісі өз үйінің жанынан әйелі мен баласына деп тағы да екі қабатты үй салдырып қойған", - деп ағыннан жарылған кісі актердің жарымен қалай танысқанын да айта кетті.
Асанәлі Әшімов өзінен бірнеше жас кіші келіншегімен министрлер палатасының ауруханасында танысыпты. Актерге қараушы мейірбике ретінде жары Бағдатты бекіткен екен.
"Асекең бірде Бағдатқа өзінің "Майраның әні" атты кітабын беріпті. Бағдат соны екі түн оқып, жылап шыққан екен. Кейін екеуінің тұз-дәмі жарасып, қосылды. Бағдат Асекеңнің қадіріне жеткен, оған сай қосылған жар болды. Қас-қабағынан танып, бар жағдайын жасап отырады", - деді актердің бауырындай болған шымкенттік қария.