Атыраудағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығы батыс аймақтағы қылқалам шеберлерінің басын қосып, өзара қарым-қатынасты нығайтуда біраз игі істің бастамашысы болып жүр. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы суретшілер мен мүсіншілердің туындыларын атыраулықтар назарына ұсынған «Ақжелкен» енді Ақтөбе облысындағы қылқалам шеберлерінің шығармаларынан көрме жасақтады.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақтөбе желкені» көрмесіне көршілес облыстағы 31 суретшінің 70-тен астам туындысы қойылған. Ақтөбе облыстық мұражайының директоры Марат Ғабдрахманов: «Жергілікті суретшілердің еңбектерін насихаттау үшін мұндай бірлестіктің маңызы зор. Әрі жас суретшілер осындай басқосулардың нәтижесінде тәжірибе алмасып, үлгі-өнеге алады», – дейді.
«Ақжелкеннің» тағы бір жаңалығы – жақында осы шығармашылық орталықтың жанындағы киностудия «Студенттік кез» атты кинофильмді көрермен назарына ұсынды. «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып түсірілген бұл туынды – жас режиссер Таймас Сапарғалиевтің алғашқы қадамдарының бірі. Қазақ киносының деңгейін жаңа сатыға көтеріп, бәсекелестікке қабілеттілік танытуды мақсат қылған шығармашылық топта Нұркен Қожа, Жаңалық Сабидолла, Айдын Рахым, Амангелді Ерғазиев сынды болашақтарынан үміт күттіретін жас әртістер бар. Ал студенттік өмір туралы қазіргі заманға сай экшн стилінде түсірілген бұл фильмде басты рөлді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Назира Смағұлова, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы Шыныбек Рахмашев және Шыңғыс Сабыровтар ойнайды.
«Ақжелкен» орталығының директоры, меценат Нұрберген Дәулетов ақтөбелік қылқалам шеберлерінің көрмесі 20 қазанға дейін созылатынын, одан кейінгі кезек маңғыстаулық суретшілерге берілетінін айтады.
«Ақжелкеннің» қадамы қуантады
Последние статьи автора