Рахат Қосбармақ, ақын:
– «Ақындық – ардың ісі» деп жатады. Ендеше, ардың ісі – жанның ісі. Сіздің жаныңыз қалаған ақындық сізге не берді, не үйретті, неден түңілдірді?
– «Әдебиет – ардың ісі» екені рас. Бірақ әдебиетпен шаруасы жоқтардың бәрі арсыз тірлікпен айналысып жүр деуге тағы болмайды. Бізде бір сондай тенденция бар: ақындарды жаннан асқан нәзік, сәл жамандық көрсе, ауырып қалатын, адамзатқа тән емес, мүлде басқаша жаратылған болмыс иесі, бөлек бір натура көреді. Олардың аспаннан салбырап түскен ештеңесі жоқ. Сондықтан басқа адамдардан бөле-жара, ақындарға алабөтен қарап керегі жоқ. Бәрі де – ет пен сүйектен жаралған пенде. Тек ақындардың жүрегі сәл сезімталдау, көңілі басқалар байқай қоймағанды аңғарғыш, ойлау қабілеті өзгелерден сәл сұңғылалау болуы мүмкін. Ал ондай ерекшелік тек ақын ғана емес, басқа да өнер иелерінде бар ғой.
Әрине, адам болған cоң, оның үстіне Алла тағала аздап ақындық қабілет берген соң, көргеніңді айтпай, сезінгеніңді жазбай тұра алмайсың. Бірақ солай екен деп, ақын болғанның жөні осы екен деп, жалған дүниенің жұмбағын жалғыз өзі шешкендей жалған көлгірсіп, аспан мен жердің арасында асылып тұрып алып немесе жұлдыздың ар жағынан жұмақ іздеп, өтірік әуейіленіп, өзінше ақын болғандарды жек көремін. Ақындық маған не беруі керек еді? «Ақын ғұмыры пешенесіне жазылған адам елден асқан бай да бақуатты, асып-тасып, шалқып өмір сүрген шалқар дәулет иесі болыпты» дегенді осы күнге дейін естіп көрмеппін.
Алайда кейбіреулер сияқты «ақындық маған азапты ғұмыр ғана сыйлады» деп өтірік жәдігөйси алмаймын. Сәтті шыққан әрбір өлеңіңді жазып бітіргеннен кейінгі шығармашылық адамына тән шынайы ләззатты, рухани шалқуды екі дүниенің де ешқандай тәтті сезіміне теңестіруге болмайды. Міне, егер «ақынның бақыты» дейтін ұғым бар болса, осы шығар...
– Әдетте ақындар жыр мүшәйраларында сынға түсіп, өз мүмкіндіктерін танытып жатады. Осындай жыр додаларында бақ сынап көрдіңіз бе?
– Мен қазір мүшәйраларға мүлде қатыспаймын. Өйткені қазіргі таңда ашық сауданың алаңына айналған бәйгелерден әбден көңілім қалған. Өкпе-қақпамды айтқаным емес, мүшәйраның өз ақындары бар. Солар жыл сайын тұрақты түрде, әрқайсысы өз кезегімен жүлде алып тұрады. Сондықтан өзінің талантынан басқа сенері жоқ басқа да ақын іні-қарындастарыма айтарым: лас нәрсеге бойларыңды былғап, босқа әлекке қалмай, шама келгенше тап-таза қалыптарыңды сақтаңдар. Мүшәйрадан орын алмағаннан өліп қалған немесе өшіп кеткен ақын көрген жоқпын. Ал аламан бәйгеден аты озып келгеннің бәрі бірдей мықты ақын емес.
– Қарапайым оқырман ретінде кімдерді оқисыз? Қандай жастардың аяқ алысы қуантады?
– Бәрін бірдей қадағалап оқып жүремін деп айта алмаймын. Ал ара-тұра көзіме түскенде көңіліме жырлары жып-жылы болып тиетін Жанар Нұрғалиева, Әлібек Шегебай, Алмас Темірбай, Нұргүл Маулина, Мұхамбетберді Сүйітов, Сандуғаш Шортанова, Жандос Демесін сияқты ақын іні-қарындастарымды ілтипатпен атай кетейін.
– Сізді қатарластарыңыздың ішінде «9-сыныпта оқып жүргенде-ақ «Пионер» журналында «Бұрым» атты өлеңімен өзіне мойын бұрғызған Рахат Қосбармақов» деп айтқаны бар және «мектеп оқушысының өлеңінен балаңдық емес, жарқ-жұрқ жарқылы көп, сан қырлы жақұт көрініп еді» дейді. Ол қандай өлең, қалай дүниеге келді?
– Бұл айтып отырғаның журналист Айгүл Аханбайқызының (біз оның Назгүл Халықова екенін білетінбіз, кейінгі кезде осындай әдеби псевдониммен шығып жүр, қазір ол «Халық сөзі» газеті бас редакторының орынбасары) «Жоқ боп кеткен жүйріктер» атты мақаласында айтылған ойлар ғой. Назгүлдің жанашырлық білдіріп, мені жоқтап, іздегеніне мың да бір рақмет! Бірақ бұл өлең «Пионер» емес, 1989 жылы «Жалын» журналында жарияланған болатын. Сол жылы мектепті бітіріп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне документтерімді тапсырып, Алматыда абитуриент болып жүрген кезімде «Жалын» журналы редакциясының алдынан өтіп бара жатыр едім. Қарсы келе жатқан алпамсадай ірі денелі, сары өңді жігіт мені көріп, қалт тұра қалды да:
– Сен Рахат Қосбармақов емессің бе? – деп сұрады.
– Иә, – деген маған:
– Ой, айналайын! Жақында ғана сенің «Бұрым» деген өлеңіңді жарияладық қой. Мен сені сондағы суретіңнен бірден таныдым, – деп, ағалық тілегін білдіріп, айналып-толғанып жатты. Бұл сол кездегі «Жалын» журналының жауапты хатшысы Ермек Аманшаев ағамыз еді.
Назгүлдің мен туралы айтқанда «Бұрымды» есіне алып, ең алдымен ауызға алуы да дұрыс. Өйткені сол өлең мені біраз жұртқа танымал етіп, бірталай жерге апарды. Тіпті сол «Бұрым» «Жалында» жарияланған соң, өлеңнің кейіпкері, ұстазым Лұқпанова Гүлжанның жолдасы Әбілшеев Қойшығұл ағамызды ауылдастары қаумалап, арнайы барып, жақсылап «жудырғаны» да есімде. Тіпті содан кейін біраз адамның мені көргенде: «Ә, сен анау ұстазының бұрымына ғашық баласың ба?» – деген де кезі болды.
– Осы сізді «үлкен әдебиетке араласпай кетті» дейді. Рас па? Үлкен әдебиетке араласу деген бұрқыратып өлең жазу ма әлде ақиқатты айтып, алдаспан жырмен атойлау ма?
– «Үлкен әдебиет», «кіші әдебиет» деген не өзі?! Үнемі өткізілетін республикалық мүшәйраларға үзбей қатысып, дүркіретіп, дүркін-дүркін жүлде алу ма? Әлде әдеби басылымдарда өлеңдерің жыл он екі ай бойы жарияланып, жасық та болса жырларыңмен жалпылдап, көпшіліктің көз алдында жүру ме? Соңына түсіп, қуаламағанмен, мен де өз әлімше өлеңімді жазып жатырмын. Әрине, олардың бәрі бірдей жауһар жыр бола қоймас. Бірақ олар – менің жан сырларым. Әрі-беріден соң мен өлеңді өзім үшін жазамын. Өлең жазсам – өзім үшін. Сондықтан өзімнің таным-түсінігім мен ой-пікірімді де ешкімге тықпаламаймын. Күнделікті дағдыға айналып кеткен, күніне қалайда қадалып отырып, он шумақ өлең жазу деген жоспарым жоқ. «Жазбауға болмайтын кезде ғана жаз» дегендей, әбден толғағы жетіп, пісіп-жетіліп, ішіме сыймай кеткенде ғана қағаз бен қаламды қолыма аламын және оның бәрін жер-жерге жіберіп, жариялата бергенді де жақсы көрмеймін. Дегенмен жазғандарым жарияланбай жатыр деп зар илей беруге тағы болмайды. Реті келгенде, анда-санда болса да, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Енді орталықтан жырақ жүрген соң, шалғайдағы қаламгерлердің көзден таса, көңілден қағажу қала беретіні бұрыннан бар, белгілі жайт қой. Оған бола қаламыңды ортасынан қақ бөліп, қаңғып кететіндей күн туа қойған жоқ. Қорыта айтқанда, менің әдебиетте бар-жоқтығымды елеп-ескермеді деп ешкімге өкпе артпаймын. Мені іздейтіндер, мені білетіндер үшін мен әдебиетте бармын, мені танымайтындар үшін жоқпын.
– Қазіргі ақындардың кейбірі ғаламторда сайт ашып, өлеңдерін сол арқылы танымал етуге құмар. Әдебиетті танытудың осындай заманауи үлгілеріне қалай қарайсыз?
– «Келер ұрпақ әдебиетті тек қана кітаптан оқысын» деген қатып қалған консерваторлық көзқарастағы адам емеспін. Қазіргі заманғы технологияның жетістіктерін пайдаланып, интернет арқылы да рухани азық алса, онда тұрған не бар?! Шамасы келсе, ақындарымыз жеке сайтын ашып жатса, аша берсін. Әркім өзінің қолы жеткен мүмкіндігіне қарай заманауи технологияны пайдаланып жатса, оны сол үшін «анау – агент-ақын», «мынау – коммент-ақын» деп жазғырып, сөгудің қажеті қанша?!
Кезінде 2008 жылы Тимур Бектұр деген інім менің атымнан да WordPress ашып, біраз өлеңімді жариялаған. Бірақ сол жеке блогты өзім пайдаланып қарық қылған жоқпын. Өзімнің рұқсатыммен менің атымнан Тимур інім біраз уақыт жүргізді. Соған қарап отырып, түйгенім: ақындардың танымал болуына жеке сайт ашудың да, интернетке өлеңдерін жариялаудың да белгілі бір дәрежеде көмегі бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
– Ұяламын бүгінде мақтануға,
Ұрпақтары ұсақтап кеткені үшін... – деп аяқтаған өлеңіңіз бар. Біздің ұсақтығымыз неде деп ойлайсыз?
– Кісілік қасиеттеріміздің төмендігінде. Кез келген мүсәпірлік күйкі сана мен өрісі тарлықтан, жетесіз пақырлықтан туады.
Менің ең жек көретінім – жағымпаздық пен жалған сөйлеу. Қазіргі күні қария жасындағы жәдігөй шалдарымыздан бастап, мектеп оқушысының бойына дейін жұққан, күні үшін күліп, күштінің алдында күйбең қағып тұратын жарамсақтық, өзінің қайығын судан өткізіп алу үшін өтірік сөйлеп, әке-бабасының аруағын саудаға салудан да тайынбайтын арсыздық, аярлық деген жаман әдеттер қарадай қаныңды қайнатып, амалсыз ашу-ызаңды қоздырады. Адамдар арасындағы риясыз сезім мен адал көңіл сұйылып, сенім артар кісің қалмай бара жатқандығы – аса қауіпті құбылыс. Сондықтан мұның соңы адамзаттың ақырзаманын жақындата түсетін, түбі апатқа апарып соқтыратын аса қатерлі нәрсе екенін ұғынып, келе жатқан кесапаттардың алдын алып, қазірден бастап қам жасауға тиіспіз.
– «Ақындар – айрықша мінез иесі, оларды түсініп болмайды» десіп жатады. Сіздің бойыңызда да өзге түгіл, өзіңіз түсініп болмайтын қасиеттеріңіз бар ма?
– Бізде бір сондай, қатып қалған шаблон сияқты қасаң ұғым бар: ақындарды адамзаттың асылы, күнәдан пәк періште немесе елден бөлек есер, жынды көреді. Тағы да қайталап айтайын: ақын мұның екеуі де емес. Ақынның басқа адамдардан артықшылығы Алла тағаланың сәл өзгешелеу ойлайтын сана мен сезім, сосын аздап сөз бергендігі шығар. Адамға тән нәрсенің барлығы ақынға да тән. Сондықтан барлық адамда бар мінез бен қасиет, оған қоса күнә мен кінә ақындарда да болады. Қолдан Құдай жасауға болмайды. Бұл – үлкен күнә, діннен шығу. Сол себепті ақындарға адамзаттан айрықша жаратылған бөлек бір каста сияқты қарауды доғару керек! Қиялдан туған идолдардың, пұт-құдайлардың тас мүсіндерінің тас-талқанын шығарып, миф пен шындықтың арасын жақындатып, нақты өмірмен ғұмыр кешетін уақытымыз жеткен жоқ па?!
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілейміз.