«Ақтұмарда» ашық есік күні өтті
Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аналар тарихына арналған бірегей «Ақтұмар» мұражайы Ашық есік күнін өткізді. Шараға этнолог ғалымдар, мектеп оқушылары мен Алматы тұрғындары қатысты. Қызығушылық танытқан барша қауымға лекция-экскурсия өткізіліп, назарларына «Қазақстан мұражайлары» атты арнайы дайындалған танымдық бағдарлама ұсынылды. Оны «Ақтұмар» мұражайының меңгерушісі Сәуле Кәрібайқызы өткізді.
Мұражай экспозициясы, жалпы, «Аналар ұлағаты – елге аманат», «Университет тарихы», «Әйел әлемі», «Әйелдер шығармашылығы», «Әйелдердің қоғамдағы рөлі» атты бес бөлімнен тұрады. Мұражай 2002 жылдың қараша айының 8 жұлдызында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мәдени-рухани құндылықтар арқылы студент жастарға тәрбие беру, өз мемлекетінің тарихын, тілін және көпұлтты Казақстан ұлттарының тарихын құрметтеу қасиеттерін студент жастардың бойына сіңіру мақсатында ашылған болатын. Университет Орталық Азия мен ТМД аймағында қыздарға арналған жалғыз оқу орны болғандықтан, музейдің концепциясында Ұлы даладағы Ұлы ананың қазақ халқының қалыптасуындағы үлкен рөлін көрсету басты мақсат ретінде көзделді.
Мұражайдың экспозициясында халқымыздың басына түскен қиын кезеңде қазақ қыздарының білім алуына жол ашып, университетті ұйымдастыруда еңбек еткен мемлекет қайраткерлерінің ерен еңбектері көрсетіледі. Сондай-ақ университеттің 67 жылдық даму тарихы баяндалады. Мұражай қорында университет түлектерінің өмір-деректері, университет тарихынан сирек кездесетін суреттер, деректі кино, бейнематериалдар жинақталған. Мұражайда сонымен қатар белгілі ақын қыздардың, өнер мен ғылымға еңбегі сіңген университет түлектерінің еңбектерімен танысуға болады.
Шара соңында келушілер назарына «Ақтұмар» мұражайы жайлы деректі-танымдық фильм көрсетілді. Ал шараға арнайы қатысқан қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш этнолог ғалым Зәбира Жәкіш қатысушылар назарына «Халық саз аспаптары» мұражайының тарихынан сыр шертетін слайд-шоуды ұсынды.