Осыдан біраз бұрын тарихымыз тағы бір жаңалықпен толыққанын, атап айтқанда, Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс кенішінде көне қорғанның орны табылғанын жазған болатынбыз. Сол қорғандағы зерттеу жұмыстарының бүгінгі жайы туралы білу мақсатында Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ерлан Ғазизовпен хабарласқан едік.
Естеріңізге салайық, тарихи ескерткішті Ақтоғай мыс кенішінің маңында өндірістік қалдықтар қоймасын салу барысында «Элеватормельстрой» мердігер компаниясының жұмысшылары тапқан-ды. Экскаватордың көмегімен жер бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде техника қопарғышы абайсызда тас мүрденің біреуіне тиіп кеткен. Артынша, жер астынан табылған дүние тарихи маңызға ие ескерткіштер екені анықталғанда, құрылыс жұмыстары бірден тоқтатылып, археология институтының ғалымдарына хабар беріліпті.
– Құрылыс жұмыстары кезінде кейінгі қола дәуірі немесе ерте темір дәуіріне жататын 19 бірдей қорым табылды. Айта кету керек, бұл қорымдарда көне жерлеу мәдениеті қатаң сақталыпты. Өз кезегінде бұл жайт мұндағы адамдар сақ тайпаларының салтымен жерленген деген пікір айтуға мүмкіндік береді, – дейді Е.Ғазизов.
Қазір алматылық археологтар жер астынан табылған дүниелерді сыртқа шығару жұмыстарымен айналысуда. Олардың айтуынша, мұндағы қорымдар үш түрлі болып келеді екен. Атап айтқанда, қорымдардың бірі кәдімгі сазбалшықтан тұрғызылған болса, енді біреулері сыртынан тас қабыршықпен қапталыпты. Ал археологтардың ерекше қызығушылығын туғызғаны – тас тақталармен қоршалған қорымдар болғаны сөзсіз. Бұл қорымдарда өз заманының лауазымды тұлғалары жатуы әбден мүмкін деген пікір айтуда мамандар.
Бір қызығы, таспен қаланған қорым ішінен керамикалық бұйымдар мен темірден жасалған жебе ұштары да шыққан. Тарихшы-ғалымдардың айтуынша, арада сан ғасыр өтсе де, қорғанның іші-сырты еш бұзылмай, қаз-қалпында сақталыпты.
– Лауазымды адамдар мен жауынгерлердің мәйітін жер астындағы қорғандарға қойып, бетіне топырақ үйіп тастауы мүрдедегі мұралар мен адам сүйектерінің осы уақытқа дейін табылмай келуіне бірден-бір себеп болған. Жалпы, қорымдардың тас қабырғалармен қоршалуы біздің тұжырымдарымызды тағы бір мәрте дәлелдеуде. Яғни, ата-бабаларымыз сонау замандағы өлілер рухын бүгінгі тірілер әлемінен осылайша оқшаулауға тырысқан. Адам деген дәм-тұзы таусылып, қаза болады. Яғни, о дүниелік болғандарды тірілерден бөлектеу үшін ол кезде де осындай қоршау-қорымдар пайдаланғанын айқын аңғарудамыз, – деген Ерлан Ғазизов ата-бабаларымыз адам қайтыс болғаннан кейін оның рухы өлілер әлеміне аттанатынын, сондықтан артында қалған адамдарды қандай да бір пәле-жала, жын-шайтаннан сақтау үшін осындай тас қорғандар тұрғызылғанын айтады.
Жергілікті тарихшы-ғалымдар табылған қорған шамамен біздің заманымызға дейінгі XIV-XII және X–IV ғасырларда тұрғызылған деген тұжырым жасап отыр. Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Галина Кущтың айтуынша, біздің аймақта мұндай қорғандардың көптеп табылуының өзіндік себебі бар.
– Қола дәуірі кезінде Шығыс Қазақстан өңірі Еуразияның ірі металлургиялық орталығы болғанын тарихтан білеміз. Мұнан шығарылған мыс және қола бұйымдар көршілес елдерге, батыс пен шығысқа, Сібірге, тіптен, алыстағы Қосөзен (Месопотамия) мемлекеттеріне де жөнелтіліп отырған-ды. Сондықтан біздің өңірден осындай бай қорымдардың табылып жатуы әсте кездейсоқ емес, – дейді Г.Кущ.
Алматылық ғалымдар Ақтоғай қорғанының ұзындығы – бір шақырым, ал ені – 45 метр шамасында екенін айтуда. Қазір қорымдардағы артефакттар толығымен жер үстіне шығарылып жатқан көрінеді. Бұдан кейін жер астынан табылған дүниелер Алматыға жіберілмек.
– Қорғандағы зерттеу жұмыстары таяу арада аяқталатын болады. Одан кейін қорымдардан табылған дүниелер мен адам сүйектерін қалпына келтіру және консервациялау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, антропологиялық материалдың жынысы мен жас мөлшері анықталады. Ал әзірге қандай да бір тұжырым жасау ертерек. Барлық зерттеу, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан соң, қорғаннан табылған дүниелер мұражайға тапсырылатын болады, – дейді Ерлан Ғазизов.
Ал кен орнындағы құрылыс жұмыстары ғалымдар бұл маңды мұқият зерттеп, тарихи жәдігерлер толықтай әкетілген соң қайта жалғаспақ.
Естеріңізге салайық, көне қорған табылған Ақтоғай кен орнында мыс өндіріледі. Ол жерден шығарылған қалдықтарды ағын су ағызып кетпес үшін аумаққа арнайы қоршау-дамбы тұрғызылып, өндірістік қалдықтар қоймасы салынып жатқан. Алайда, құрылысшылар нысандағы жұмыстарды ол маңнан 19 бірдей бейіт орналасқан қорғанның табылуына байланысты белгісіз мерзімге тоқтатуға мәжбүр болыпты.
Алдағы уақытта облысымызда осы тектес жәдігерлердің әлі қаншасы табылатыны бізге беймәлім?! Дегенмен, отандық археологтар Шығыс Қазақстан жері мұндай тарихи ескерткіштерге бай екенін, сондықтан асай-мүсейлер сайланып, облысымызға келуге қашан да дайын отыратындарын айтуда. Бұған бір ғана мысал келтіруге болады, осыдан бір-екі апта бұрын Зайсан ауданының тұрғыны Бақытхан Тілеужанов ойда жоқта қола дәуіріне тиесілі үш мың жылдық тарихы бар құнды жәдігер тауып алған-ды.
Ақтоғайда қола дәуірінен қалған 19 қорым табылды
Последние статьи автора