Қақаған Антарктидада ет асу екінің бірінің қолынан келмесе керек. Сондай жанның бірі – семейлік Орденбек Мазбаев. Қазақ географиялық қоғамының мүшесі 2011 жылы Жер шарының оңтүстік полюсі – Антарктидаға автомобильмен сапар шекті.
Экспедиция мүшелері әуелі Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласынан Антарктидаға ұшып барып, содан соң Новолазаревская стансысынан көздеген бағыттарына қарай үш автокөлікпен аттанған. Межелі жерге жеткеннен кейін еліміздің көк байрағын тігіп, Әнұранымызды әуелетті. Ең қызығы, 60 градустық сақылдаған аязда қазан көтеріп, қазақша ет асқан екен. Ұлттық тағамымыздан дәм татқан экспедиция құрамындағы Норвегия, Польша, Германия, Ресей, Франция, Америка, Малайзия елдерінің өкілдері де қақаған күн райында бұдан асқан дәмді тамақ жоқ екендігіне көз жеткізіп, бір терлеп-тепшіп қалса керек.
– Антарктида әлі күнге дейін құпия мекен болып саналады. Қазақша ет асып, нанын салып жесем қалай болады екен, ауа райымен сәйкес келе ме деп алаңдаушы едім. Енді өзіміздің ұлттық тағамның пайдасына шек келтірмеймін, – дейді Орденбек Мазбаев. – Біздің тағам адамға күш-қуат беріп қана қоймай, жүйкеңді тыныштандыратын, таза ауада, қар мен мұздың арасында отырып жегенде болашаққа деген сенім ұялататын керемет пайдалы, ғажап тағам екендігін байқадым. Оның үстіне, оны асып баптайтындай арамызда әйел болған жоқ. Қалай болғанда да сапарымыз сәтті өтті. Өйткені еттің құрамында қазы мен қартасы, жалы мен жаясы да бар еді.
Ғалымның айтуынша, экспедиция 25 күнге созылған. Әрине, осы уақыт ішінде көрген қиындықтар да, қызықтар да – өз алдына бөлек әңгіме.
Орденбек МАЗБАЕВ, география ғылымының докторы:
– Біз бұл сапарға бір жарым жыл дайындалдық. Оңтүстік полюске сапар шегу, әрине, қызық әрі өте қиын шаруа. Біз қауіп-қатерлермен бетпе-бет келдік. Айдалада байланыссыз қалу қаупі басымызға бірнеше рет төнді. Қараңғы түнде, айнала 47 градус аязда қарапайым күректің көмегімен жол аршуға тура келді. Антарктида бізді аяған жоқ. Біресе үстімізге адам айтқысыз таудай қар құлады, біресе өкпе қуырар жел тұрды. Тіпті бұл Антарктиданың ең ыстық жазы еді. Қысында жүру мүлде мүмкін емес, жазы – осы. Ауызсуға зар болған кездер ойымнан кетер емес. Көбіне мұз бен қарды ерітіп пайдаландық. Үнемі қозғалыста болғандықтан, минус 60 градус аязға да қарсы тұра алдық. Түн жүрдік пе, күн жүрдік пе, тәуліктерді шатастырған кездеріміз де болды.
Антарктидада қазан көтеріп, ет асқан...
Последние статьи автора