Атышулы композитор, Шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі Nege.kz сайтына берген сұхбатында отандық шоу-бизнес өкілдері туралы бар шындықты жайып салды.
Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, қазақ эстрадасы дүбәрә әндер мен ұятсыз әншілерге толды.
“Қазір қазақ эстрадасы жабайы түрде дамып жатыр. Көбі шетелден ұрланған әндер. Әйтеуір қазақша мәтін жаздыртып, тойға барып, ақша тауып жүр. Басында бұлар ұрлағанына қысылатын еді, қазір ұялуды қойды. Қазақ эстрадасы дүбәра әндерге толып кетті. Бұл да уақытша шығар. Сондықтан көркемдік кеңесті министрлік жанынан қайта құрып, жанды дауыста ән айту мәселесін қайта көтеру керек сияқты”, – дейді ол өз ойын ашық айтып.
Сондай-ақ ол қазақстандық әртістерді жезөкше деп айтыптап, шулы мәселе көтерген болатын. Композитор өзін Болат Назарбаевтың тоқалымын деп таныстырған Динара Әлжанның сұхбатын алға тартып, әншілерді негізсіз айыптамағанын айтады.
“Осыдан бір-екі жыл бұрын "қазақ эстрадасындағы әншілердің 90 пайызы жезөкше" деген едіңіз. Осы пікіріңізден кейін өнердегі әнші әпке-қарындастарыңыз ренжіген жоқ па?” деген сауалға ол:
“Ренжитін жөні жоқ қой. Арасында өкпелеген бір-екеуі сотқа бермекші болды. "Мен сенің аты-жөніңді айттым ба? Сотқа бере бер" дедім. Бірақ әнші Жанар Айжанова, Айгүл Елшібаева менің пікірімді жақтапты. Өткенде Болат Назарбаевтың тоқалы болған Динара Әлжан да "бір рет қойынға жатып, 70 мың доллар берді, 20 мыңның сырғасын сыйлады" деген жоқ па? Осыдан кейін-ақ әншілердің сондай екеніне халықтың көзі жете бастады ғой.
Өнерді тазалау қажет. Сахнада халықтың көзіне тура қарайтындай ары таза болуы керек. Әр адамның еңбегіне қарай алатын сыйы бар. Өз өнерін лас жолмен емес, таза еңбекпен алып шығатынын дәлелдеуі тиіс. Таланттарды мемлекет қорғауы керек, ал талантсыздар жаңағыдай жолмен өмір сүреді”, – деп жауап берді.
Nege.kz