Отандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы Еуразия көпірі» кинофестивалінде «Гран-приді» жеңіп алды. Іс-шара 30 қыркүйектен 5 қазақ аралығында Қырымдағы Ялта қаласында өтті.
Негізгі жүлдеден бөлек фильм тағы бір марапатқа ие болды. «Үздік әйел адам рөлі» номинациясы бойынша басты кейіпкердің анасының рөлін ойнаған Алтынай Нөгербек үздік деп танылды. Бұған дейін актриса осы рөл үшін ұлттық «Тұлпар» жүлдесін иеленген болатын.
«Анаға апарар жол» фильмінен кадр
«Анаға апарар жол» - бұл бас кейіпкерге тағдырдың небір теперішін жеңіп шығуына көмектескен ана махаббатының күші туралы оқиға. Ол өзінің ең жақын адамы, анасымен қайта қауышу үшін алдында кездескен барлық қиындықтарды батылдықпен, қажырлылықпен жеңіп шығады.
Рөлдерде Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Джазильбекова, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров. Драманың тұсаукесері 2016 жылдың 29 қыркүйегінде болды.
Байқауға 12 елден келген фильмдермен қазақстандық режиссер Нұртас Адамбайдың фильмі де жарысқа түсті.
brod.kz