Алматы – Қаскелең тас жолы бойында аналар бейнесіне арналған ескерткіш бой көтерді. Тас жолдың Алматыдан шыққандағы 26-шақырымында, Радуга ауылының түбінде орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі өткізіліп, аналар рухына бағышталып хатым түсірілді.
Жергілікті кәсіпкерлер мен ел ағаларының қолдауымен қаланған бұл ескерткіш өзінің қайталанбайтын көркемдігімен ерекшеленеді. Тас тұғырдың үстіне нәрестесін ұстаған ана бейнесі мен бесік сомдалған. Тұғырға «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» деген халық даналығы жазылған. Тұғырдың биіктігі — 3 метр, ал ана мүсінінің биіктігі 4 метрге жетеді. Ескерткіштің тұғыры Күртінің гранитінен қаланса, мүсін қоладан құйылған.
Жалпы, ескерткішті жасауға жарты жылдай уақыт кеткен. Мүсінші Елдос Бексұлтанның айтуынша, бұл оның үлкен ескерткіш ретіндегі алғашқы жұмысы екен. Ал ана тақырыбы бойынша тас жол бойындағы ескерткіш – Елдостың екінші туындысы. Оның осы ана мен балаға тұрғызған мүсіндерінің алғашқысы қазір Тұңғыш президент қоры саябағына қойылған.
Аталған ескерткіштің ашылу рәсімінде бүгінгі күнде ел қалаларындағы ана тақырыбындағы ескерткіштердің аздығы да айтылды. Алматыдағы Тәуелсіздік монументі кешенінде, сондай-ақ Желтоқсан көтерілісі құрметіне қойылған ескерткіштерде ана мүсіні қойылғанымен, әлі күнге ана тақырыбына арнайы дербес ескерткіштің жоқ екендігі белгілі. Бір қызығы, елдегі ана мүсіні қамтылған ескерткіштердің көбі басқа тақырыптар аясына шоғырланған. Сондықтан да Алматы – Қаскелең тас жолы бойындағы аналар бейнесіне арнайы тұрғызылған ескерткіштің өзіндік ерекшелігі бар деуге негіз бар.
Ескерткіштің неге тас жолдың
26-шақырымына тұрғызылғандығын жиналғандар бұл жерде белгілі ел ағаларының аналары жерленгендігімен түсіндірді.
Айта кету керек, Алматының жоғары жағынан Алатауды бөктерлей салынған осы тас жолдың бойында бұдан басқа ешқандай ескерткіш жоқ.