Жуырда, көрнекті әнші Еркін Шүкіманов өзінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларының бірінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ойшілік ауылында Әміренің бет-бейнесі бар зираты тұрғанын хабарлады. «Апыр-ай, бұл қалай?» дестік. Жазбаны кім оқыса да, аңтарылып қалатыны сөзсіз еді. Өйткені, М.Әуезов, А.Жұбанов естеліктерінен бастап, әміретанушы, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім ағамыздың еңбектеріне дейінгі Әміреге қатысты зерттеулердің барлығында әйгілі әншінің Алматыдағы Райымбек даңғылының бойындағы Орталық зиратта жерленгендігі нақты айтылған һәм жазылған болатын.
Күпті сауал көңіл қозғаған соң Еркін ағамызға хабарластық. Телефон тұтқасында-ақ мән-жайды қазақы болмысымен ақтарыла айтқан ақжүрек әнші өзінің осы жайтқа қызығушылық білдіріп, Ойшілік ауылына барғанын, зиратты көрген ауыл азаматтарымен кездесіп, оны бейнетаспаға жазып алғанын жеткізді, бейнетаспаны беруге де уағда қылды. Өскеменде Тарбағатай ауданының күндері өтетін кезде алып келмек еді, алпамсалығына алаңғасарлығы тән Ерекең ұмыт қалдырыпты. Жуырда Алматыда әншінің үйіне арнайы барып, аталған таспаны алудың сәті түсті.
– Осыдан бір жыл бұрын «Ертіс өңірі» газетіне «Жұмбақ зират немесе Әміре қайда жерленген?» деген мақала шықты. Кейін аталған мақаланы «Фэйсбукте» жарияладым. Ел ішінде, өнер адамдары арасында дүрлігу туғызған жазба зиратты көзімен көрген Санақбек Құнафин есімді ауыл азаматының айтуы бойынша жазылған екен. Биыл жазда ауылымыз Ақсуатта Санақбек қарияны көлікке мінгізіп алып, қорымға арнайы бардық. Зиратты көрген сәтінде ұмытып қалмау үшін Санақбек ағаның қолында әлдебір қағазға түсіріп алған сызбасы бар екен. Зиратқа орнатылған тасты да бедерлеген. Осы күмәнді зиратты іздедік, – деді Еркін Шүкіманов.
Ерекең берген бейнетаспаны мұқият қарап шықтық. Кәдуілгі Тарбағатай етегін баса қонған Ойшілік ауылы. Шеткі үйлермен жанасып кеткен қалың қорым. Әнші мен Санақбек Құнафин арасындағы әңгіме былай өрбиді: «1998 жылы бір күні сағат кешкі төрт-бес шамасында ауылдың бас жағындағы зиратқа қарай бұзау іздеп келдім. Зираттың іргесінде көлеңкелеп жатыр екен. Қалың қорым арасымен айдап келе жатқанымда балшықтан салынған бір зираттағы суретке көзім түсті. Дөңгелек сопақша тастағы бейнеге қарасам, қолында домбырасы, басында бөркі бар екен. «Әке-ау, бұл кісі кім?» деп үңіле түстім. Астына «Әміре Қашаубаев» деп жазылған. Руы, туған жылы көрсетілмеген. Сурет аздап сарғайыңқырапты. Бір ерекшелігі, Әміре өзге суреттерінде тымақпен, тақиямен тұрушы еді. Ал мына суретте ертедегі өнер адамдары көп киетін бөрікпен түсіпті. Бірақ үкісі жоқ. Бұл көрініске таңғалған мен сурет пен зираттың орналасқан орнын қағазға сызып алдым. Менің мамандығым – құрылысшы. Аудан орталығы Ақсуатта муниципальды база салдым. Бірде осы нысан туралы мақала жазып, аудандық газеттің редакциясына апардым. Редакцияда Бақытбек Дәуіров есімді қызметкер: «Сіздің ауылыңызда Азат деген үлкен кісі тұрады екен. Әміре Қашаубаев 1933 жылдардың шамасында Ақсуатта ән салған деген дерек бар. Осы туралы біліп берсеңіз» деп өтініш білдірді. Ауылға келген соң Азат апаны сұрастыра бастадым. Ешкім білмейді. Бірде моншаға барсам, іздеген кейуанамыз жапсарлас, көрші үйде тұрады екен. Азат әжей әкесінің Күршімде мұғалім болып істегенін айтты. Сұлтанмахмұт Торайғыровпен дос-жар болған көрінеді. Сұлтанмахмұттың шығыс өңірінде алаш идеясын таратып, мектепте бала оқытқаны белгілі. Бірде Күршімге келген Сұлтанмахмұт досының үйіне түседі. Әйелінің айы-күні жетіп отырғанын көріп: «Ұл туса да, қыз туса да атын «Азат» деп қойыңдар» депті. Міне, сол кезде дүниеге келген нәресте осы апамыз болып шықты. Азат әженің айтуынша, ертеректе ауыл маңында Жырғалы деген астық бастыратын қойма тұрған орын бар екен. Сонда Әміре ән салған көрінеді. Сонымен бірге Әміренің ән салғанына куә болған Жұмәділ деген кісі болыпты. Ол кісі дүниеден өткен. Туысқандары ауылда тұрғанымен бұл жайында білмейді. Тағы сұрастыра бастадым. Бірде Бекен Ғалымжанов есімді жігіт сол зиратты көргенін айтты. Алайда, екеуміз барып едік, оның көрген зираты мен менің көрген зиратым екеуі ұқсамады. Содан Совет Нұрғалиев деген ауылдасымыз: «Әй, Санақ, сен мұны ішіңе сақтап жүре берме» деген соң Ақсуатта тілшімен кездесіп, «Ертіс өңірі» газетіне осы мақала жарияланды.
Бір қызығы, екінші мәрте келгенімде әлгі сурет жоқ болып шықты. Бірақ, суреттің орны анық байқалып тұрды. Бұл – 2003 жыл. Әртүрлі әңгіме шыққан соң тасты жоғалтып жіберді ме, әлде, бұл туралы білетін адамдар бар ма деген ойға қалдым».
Санақбек қария айтқан Әміренің үкісіз бөрік киген суреті сақталған. Аталған суретте ол А.Затаевичпен және А.Байжановпен бірге түскен. Тек бөріктің төбесі ақ түсті.
Бейнетаспа әрі қарай Санақбек Құнафин, Еркін Шүкіманов және Мейрам деген ауыл азаматы бар, үшеуінің қалың қорымды аралауымен жалғасты.
Ара-тұра Ерекең Сәкеңе «Қағазыңызға қарамайсыз ба?» дейді. Қағазға қанша қарағанымен қалқайып тұрған қабірлердің ішінде Әміре жерленген делінген зират көріне қоймады. «Өзі құлап қалмаған ба екен?» деседі қорым аралаушылар. Балшықтан, өгіз кірпіштен, тастан, кірпіштен қаланған төрт құлақты, күмбезді, түрлі пішінді зираттарды ұзақ аралады. Арасында алжа-алжасы шыққан көне бейіт те көп. Ақымы түсіп кеткен бе, кейбір үңірейген қорымдар қорқыныш шақырады. Қоршаусыз қалған, жермен-жексен болып кеткен төмпешіктер де кездеседі. Санақбек Құнафиннің қолымен сызылған зират картасы бойынша шошақ күмбезді Жәнипа апа есімді кісінің зираты мен бұрынғы Қазез Айдосовтың үйінің ортасында жол болған екен. Оның жанында Құрманай Кесебаев баласы зиратының мөлшерімен көрсетілген сызба бойынша Әміре зираты белгіленген. Бейіт бәрібір бой көрсетпеді. Зираттарды түстеп тұрып, қайта аралау да нәтижесіз болды. Ауыл азаматы Санақбек аталған зираттың басқаларға бір бұрышын бере қиғашынан орын тепкенін айтады.
Әміре үшін Франция, Германия сапарларынан соң-ақ басталған сүргін 1934 жылы 6 қарашада «Қыз Жібек» операсының премьерасы болатын күннің алдында белгісіз жағдайдағы өлімімен аяқталғаны белгілі. Ал оның өліміне қатысты кейбір деректерді Жарқын ағамыздың сұхбаттары мен кітаптарынан алуға болады.
Әміреге аталас туыс Өміртай Мустин 1974 жылы 3 тамызда әміретанушы Жарқын інісіне жазған хатында Георгиевкада (қазіргі Қалбатау) тұратын Сыдық Мұхаметжановтың мынадай әңгімесін келтіреді: «1934 жылы Алматыда оқудажүрген кезім, Октябрь мерекесі болатын күнге қарсы Әміренің үйіне барып едім, өліп жатқанының үстінен түстім. Әмірені жерлеуді Елубай Өмірзақов дейтін әртіс басқарды... Әміренің әйелі мен үш қызын, мені табыт басына отырғызып, драмтеатрда суретке түсірген».
Яғни, Әміре зираты туралы деректің ұшығын ұстау үшін әншінің өлімінен бастап ғылыми түрде зерттеу, зерделеу керек. Өйткені, қаһарлы органның қатаң уысына түскен Әміренің өлімінің өзі жұмбақ.
Ж.Шәкәрімовтің айтуынша, 1974 жылы фонографқа жазылған Әміре дауысы табылғанда 40 жыл бойы ескерусіз қалған Әміре зираты еске алынды. Әміре Алматының Орталық зиратына жерленген болып шықты. Жерленген жері шөп басқан, тайпалған, қырық жыл бойына қараусыз қалған екен. Әміре мүрдесінің табылуына қоғам қайраткері Сара Есова, академик Әлкей Марғұлан, халық әртістері Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, жазушы Сапарғали Бегалин, Әшімбек Бектасов, Әбілмәжін Сапақовтар ерекше қолғабыс жасаған көрінеді.
«ОГПУ тізіміне мықтап іліккен Әміре есімі ендігі жерде фәниде ғана емес, бақида да қорланатын болды. Оның басты айғағы – Әміре жерленген жерді жасыру, жер етіп тегістеу, 1934 жылы қайтыс болғандар есімдерін айғақтайтын зират кеңсесіндегі журналды жоғалту, сөйтіп, Әміре деген есім болмағандай ету» дейді зерттеуші Жарқын Шәкәрім.
Зират кеңсесіндегі журналдың жоғалуы бекер емес. Мұнда да бір жұмбақ сыр бар.
Жалпы, Әміре Ақсуатқа келді ме? Бұл туралы Ақсуат өңірінің шежірешісі Қарпық Егізбайұлының «Тағылым» кітабында (Семей, 2001) Әміренің 1938 жылы атылып кеткен Керімбай әншімен ән айтысқаны және оны жоғары бағалағаны туралы айтылады. «1933 жылы ел аралап жүріп, Көкпектінің «Шұбарши» колхозында Алматыдан келіп, өнер көрсетіп жүрген Әміре Қашаубаевпен кезігеді. Керімбайға: «Сіздің әншілігіңіз менен артпаса, кем емес екен» депті Әміре. «Жоқ, сіз үкімет әншісісіз, сізбен теңесе алмаймын, – дедім деп айтып келді Кекең» деп жазылған аталған шығармада. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Көкпекті ауданына тиесілі болған біраз аумақ кейін Ақсуатқа өтті.
Яғни, Әміренің Ақсуат өңірімен байланысы болды деуге толық негіз бар. Бірақ, құпия бейіті осында дерлік туған жері емес. Ол – Қарқаралының қазағы. Туған ауылы Ақбұлақ бұрын Абай ауданына қараса, қазір Семейдің әкімшілік аумағында.
«Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды». Әміренің Барқытбел баурайында ән айтқаны қандай шындық болса, жерленгені сондай жұмбақ болып тұр. Бұл жұмбақтың түйінін зерттеушілер шешеді деген ойдамыз.
Думан Анаш
baq.kz