Аманжол Найманбай, этнодизайнер: "Мұражай үнсіздікті қалайтын өзгеше әлем"

- Өнер жолына қалай түстіңіз?
- Өнер деген соқпағы мол қиындығы мен қызығы қатар жүретін Алланың берген үлкен сыйы ғой. Ол оқығаннан, тоқығаннан болмайды. Табиғи талант болмаса мың жерден оқығанмен ештеңе шықпайды. Тума талант дейміз ғой, соның ұшқыны болса ары қарай өрістеп кете береді... Өнерге деген бейімділігімді 5-6 жасымда-ақ байқағам. Бірақ осы өнер екен-ау деген ұғым менде болған жоқ. Ойын баласымыз, өзгелер қызық қуалап кеткенде мен арық жағасында лайдан саз балшықтан мүсін жасап, ағашты пышақпен ойып, әртүрлі қалыпқа келтіріп әуреленіп отыратынмын. Мектеп қабырғасында жүргенімде мұғалімімнің бейнесін ақ қағазға айнытпай салатынмын. Бірінші рет осы қабілетімді байқаған әкемнің інісі еді, өзі шахтер болып істейтін. Сол кісі әкеме келіп «Оу, Найеке, мына балаң дап -дайын суретші ғой. Мүсінші де. Жасаған дүниелеріне қарасам айнымайды. Болашақта суретші болады мына балаң. Осыдан бірдеңе шығады. Көр де тұр» дегені құлағымда қалып қойыпты. Бірінші рет өнерге деген ықыласымды, көзқарасымды өзгертуге ықпал еткен сол кісі болды. Әкем дінге жақындау адам еді. «Әй, суретші деген не ол? Шайтанның ісі ғой» деп жақтырмайтын. Өнерге деген көзқарасы оң еді деп айта алмаймын. Өйткені өзінің алдындағы бір ағасы қобызшы болыпты. Бұл бәледен құтылудың төте жолы деп қобызын өртеп жіберген екен. Әкем содан өнерді жаратпайтын. Мектеп бітіргенімше сол ұстанымынан айныған жоқ, өнерге жолатпаймын деп бухгалтерлік оқуға түсірді. Жаның қаламаған іске қанша барыңды салсаң да түк шықпайды екен. Осы бейнелеу өнеріне бүйрегім бұрды да тұрды. Ақыры өмірдегі таңдауым осы дедім де осы салаға ауысып кеттім. Алғашында әкеме айтуға бата алмай жүрдім. Екі жыл өткен соң ғана әкеме ауысқанымды әзер айттым. Ұрыстың астына алатын шығар деген әкем «мейлі балам шын беттеген екенсің, алдыңнан жарылқасын» деп батасын берді. Осы салаға ауысқан кезімде ең алғаш маған ақылын айтқан, сынаған Сайлаубек Жұмабек деген жаушы, сыншы болатын. Ол маған «Сен оқуға түскен жоқсың, тозаққа түстің» деді. Бұл неткен сөз деп состиып тұрып қалдым. Бір жағынан ренішім де бар. Оның неге бұлай айтқанын кейін түсіндім ғой. Бұл салада күндізгі бөлімде оқымасаң сырттай бөлімде үлгере алмайсың. Үнемі жаттықтырып тұрмасаң қолың да шығып кетеді. Ізденіс болмаса ештеңе шықпайтынын, оның неге тозаққа түстің дегенін сонда түсіндім. Сол сөз маған қатты әсер етті... Өнерге деген көзқарасымды, сүйіспеншілігімді қалыптастырған бұл - саз, музыка, күй. Ол өнердің желісі. Қобыз бен шертпе күй менің өнерімнің діңгегі. Бала кезімде естіген Жаппастың, Сүгірдің, Төлеген Момбековтың күйлері құлағыма сіңісті боп қалған. Мені өнерге жетелеп апарған сол күй екенін кейін сезіндім. Өйткені барлық уақытта қобыздан керемет бір күй тартылып тұрмаса қолым жүрмейді. Қалай таспадан күй мен қобыздың үні шықса өзінен өзі шабыттана бастаймын. Бертін келе менің қолымнан шыққан дүниелердің көбісі осы қазақтың күйімен үндес болды. Мәселен Абай атындағы опера театрының мұражайы, қазақтың музыка аспаптар мұражайы, Қорқыт ата, Махамбет мұражайы. Осындай қадау қадау музыкаға қатысты обьектілерді ерекше ықыласпен жасап шықтым. Жалпы музыка әсіресе қазақтың күйлері менің өнерімнің өрісі. Өнердің жанашыры, маған мұқалмас жігер берген Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалған кезде Сәбит Мұқановтың мұражайын ашу керек болды. Өзекең «мұражайдан хабары бар кім бар?» деген кезде мекеме басшылары мені жіберуді ұйғарды. Бардым. С. Мұқанвотың үйіне. Мәриям апамыз күтіп алды. Өзбекәлі аға менімен көп сөйлескен жоқ, мән бермегендей болды. «Сені жіберіпті ғой бала. Жұмыс істей білесің бе? Бұрын мұражайда істеп көріп пе едің?» деді. «Жоқ». «Онда неменеге келдің?» деді. «Енді мені жіберген соң келдім». Жауабым ұнамаса керек. Үндемеді. Арада біраз уақыт өткенде С. Мұқановтың мұражайын жасатуға Мәскеуден В.Лозев деген архитектор-суретшіні шақыртты. Соның қасында ассистент қылып қосып берді. Екеуміз бірге жұмыс істедік. Ол маған бәрін түсіндіріп шықты. Түсінебесем сауатсыз екен деп қалмасын деп басымды шұлғи берем. Маған осы түсінгенің бойынша суретін сызып кел деп тапсырма берді. Бір аптадан кейін алып бардым. В.Лозев «сен менің айтқандарымды түсінген жоқсың. Білгем. Бірақ жасаған жұмыстарың мен айтқандағыдан да жоғары шығыпты» деді. Сөйтіп тағы да тапсырма берді. Ол жұмысыма да риза болды. Маған «Мәскеуден бекер келіппін. Осында жақсы мамандар бар екен. Өзбекәліге айтам. Маған осы Алматыдан үй бермекші еді. Мен мұнда не істеймін? Мәскеуден келе алмаймын мұнда. Қайтамын. Мына жұмыстарың жақсы. Өздерің ақ істей алады екенсіңдер» деді. Екі күннен кейін Өзекең маған «Әй, мұрт, сенің жұмыстарың жақсы дейді ғой. Енді сен істейсің мұражайды» деді. Сөйтіп 1976 жылы Сәбит Мұқановтың мұражайын жасақтап шықтым. Менің қалыптасуыма, тақырып таңдауыма Өзекең көп ықпал етті. Мұражай дегеннің не екеніне көзімді ашқан, батасын берген сол кісі болатын. Содан бері қарай 36 жылдан бері 52 мұражайдың дүниеге келуіне атсалысыппын. Оның біразы авторлық, қалғандары басқалармен бірігіп жасаған жұмыстар. Жоғалып кетпесін деген ниетпен қазақтың ежелгі салт дәстүрлеріндегі ерекше орын алатын киіз үйлерді дамытуға кірістім. 1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Сол кезде киіз үй қою керек деген мәселе көтерілді. Соны өз мойныма алдым. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков «Алматыда мұражай ашсақ сонда киіз үйді дәріптесек оның түрі көп қой. Соның бәрін өзің дайындасаң дұрыс болар еді» деген- ді. Сол кісінің аманаты, бір арманы болған істі орындамақ ниеттемін. Соңғы жылдары түсірген «Көшпенділер» фильміне 162 киіз үй жасап бердім. 2002 Францияға «Қазақ ауылы» деген атпен 10 киіз үй алып бардық. Олар 8 қанатты, 10 қанатты, 12 қанатты киіз үйлер болатын. Сосын Президентіміздің өзіне қазақтың ордасы қандай болатынын біле жүрсін деп 2004 жылы «Ақ орда» тігіп апардым. Бір жылдан кейін Елбасының тапсырмасы бойынша Мәскеуге В. Путинге Ресейдегі Қазақстан жылдарына байланысты 2 жеті қанатты киіз үй алып бардым. Оның біріншісін бүгінгі заманға сай етіп, екіншісін антиквариат ретінде ескі бұйымдардан жасақтадық. Өнер әрқашанда өркендеп, өрістеп отыруы тиіс қой. Киіз үйге де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтаймыз. Бұл өнердің бір саласы. Бұрындары мұражайды біз мүлгіген, қозғалыссыз, жансыз дүние деп қабылдайтынбыз. Ал шын мәнінде мұражай бұл өзгеше ғылым, бұл тарих, мәдениет ошағы, үлкен өнер. Экспонаттарды халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін өнер керек. Оның әртүрлі формасын табу үшін де өнер керек. Мұражайға тақырыптық жоспар жасаған кезде әрбір мұражайдың образын ашпаса ол өз деңгейінде шықпайды. Бәрін дүкендегідей төртбұрышты етіп тыға берсең мұражай мұражай болмайды. Мәселен қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай болса ол тақырыпты ашып тұруы керек. Егер ол тақырыпты ашып тұрмаса онда көрме сияқты боп қалады. Ал көрме мен мұражайдың екеуі екі түрлі дүние ғой. Көрме уақытша қойылады. Ал мұражай ғасырларға лайықталып жасалады. Сондықтан әр мұражайдың өзіндік бет-бейнесі болуы керек. Онсыз болмайды. Ол үшін ізденіс керек. Мұражайға кіріп келген кезде табалдырықтан бастап барлық тұрған жәдігерлер өзіндік ерекшеліктерімен әсер етуі керек. Ол әдебиет мұражайы бола ма, жоқ әлде Ұлы отан соғысына арналған ба, әлде бір жазушының мұражайы бола ма бәрібір. Ондағы тұрған құжат бола ма, жәдігер бола ма ол өліні тірілтіп тұруы тиіс. Оған қандай жарық берсең де, қандай жылу берсең де соның бәрі де үйлесімін тауып, әсерлі болып шығуы керек. Осы жерде біз Өзбекәлі Жәнібековтың атқарған еңбегін ескергеніміз жөн. Мен бас суретші болып жүрген кезімде мұражайдың макетін алып барсам лақтырып жіберетін. Не үшін екенін айтпайды. Түсінбей басың қатады. Ақырын күттім. Осындай жағдай екі рет қайталанды. Үшіншісінде «Өзаға, мені бас суретші етіп тағайындадыңыз. Қол астымдағы суретшілердің көбісі көркемдік кеңестің мүшелері. Солардың қабылдаған, бірауыздан қолдаған макеті. Осылай жалғаса берсе мен істемеймін» деп кетіп қалдым. Кейін шақыртып алды да, «мынаның бәрін түсіндіріп айтар болсам, суретші боп кетермін. Не істесең де оның образын табуың керек. Басты проблема осы» деді. Сол кісінің айқайынан, талап қоюымен біз пістік. Жетілдік. Шындығында жасаған макетіңе сын көзбен қарасаң, бірнеше қателік табасың. Мұражай мәдениетін дәстүрін осылай үйреткен бізге. Сол Өзекеңнің мектебінен тәлім алған шәкірттері қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Менің таң қалатыным мұражай саласында еңбек еткендердің ешуақытта аты шықпайтындығы. Ал екі ән айтып аузын жыбырлатқанның бәрін ел таниды. Жұлдыз. Ал 52 мұражай жасаған мені ешкім танымайды. Менің сол 52 мұражайым 52 кітапқа татырлық дүние. Бізде жарнама жоқ, соған қарамастан бұл салада нағыз өнердің жанкүйерлері жұмыс істеп жүр. Мен өнер жұлдыздары сияқты атағым шықпады демеймін, әр жәдігердің ар жағында халықтың тарихы, неше ғасырдың рухы, әруақтар тұр. Сол үшін жұмыс істейміз. Кешегі Түркістанда ашылған Нәзір Төреқұловтың мұражайында аудан, облыс басшыларының бірде-біреуі бізді ауыздарына алған жоқ, оған мен ренжімеймін. Өйткені оның ар жағында Нәзірдің рухы тұр. Ол кісі 1932 жылы атылғаны белгілі. Біздер үшін келер ұрпақ үшін жанын қиған адам. Айтпады, атақ бермеді деп біз оны неге саудалаймыз? Мұражай үнсіздікті қалайтын өзгеше әлем. Онда ерекше рухи әлем бар... Өнердің өзінің де арзан жағы, күрделі жағы бар ғой. Әдебиетте оқырман болмаса ол өлі дүние. Мәселлен рок, поп музыканы қиқулатып жүріп жұлдыз боп кететіндер бар. Ал нағыз саф алтын осылардың көлеңкесінде қалып қояды. Сол сияқты мұражай саласындағы суретшілердің еңбегі де ескерусіз қалып кететіндігі өкінішті.
- Дүние жүзінде дизайн саласының орны ерек. Қалай ойлайсыз қазақ осы өнерді тосырқап жүрген жоқ па?
- 1987 жылы Дизайнерлер Одағы құрылған болатын. Сол одақтың вице -президенті ретінде құрылуына мұрындық болғандардың бірімін. Бүгінгі таңда 8 облыста филиалымыз бар. Бұл өнердің күрделі саласы. Дизайынды ғылыми жұмыс, көркем шығармашылық десек те болады. Бүгінгі таңда бұл термин мода боп кетті. Не екенін түсінбейтіндер де бар. Негізі әлемде дизайнның 200-ден астам түрі бар. Соның Қазақстанда төрт ақ түрі дамыған. Оның бірі – киім дизайны, екіншісі ішкі интерьер, баспа дизайны, сосын – этнодизайн. Одан басқа дизайн жоқ бізде. Көлік дизайны жоқ елімізде. Тіпті ыдыс аяққа дейін сырттан келеді. Өйткені өндіріс жоқ. Соны қазір біз зерттеп жатырмыз. Тұтынатын дүниелердің барлығының бізге қатысы бар. Үстіміздегі киім, отырған орындық, жиһаз, шәй ішіп отырған шәйнекке дейін дизайн бар. Бір ғана шәйнектің мыңдаған түрі шығарылады. Әрқайсысының авторы бар. Бірақ біз кезінде осыны мойындамадық. Жапонның техникасы, немістердің «Мерседесі» деп құлап жығылдық. Соның кесірінен артта қалып кеттік. Енді өндіріс дизайнын өркендету керек. Менің еңбек етіп жатқан салаларымның біріншісі – мұражай, екіншісі ұлттық өнер, киіз үй, үшіншісі – дизайн. Қазір ұлттық дизайн саласы бойынша жастарға дәріс оқып, үйретіп жүрмін. Бабаларымыздың көзіндей болған қасиетті өнерді ұмыт қалдырмай өркендету үстіндеміз. Одақта осындай этнодизайн жағын басқарамын. Менің шығармашылығым осы. Онда қаншалықты еңбек сіңіргенім бір Алла біледі. Елімізде дизайн саласы біртіндеп дамып келеді. Негізі дизайн экономиканың көзі, керек десеңіз идеология да. Қазақтың дизайны дүниежүзіндегі прогресті дизайн. Киіз үйдің өзі дизайнның классикалық формасы. Қазақтың ұлттық киімдерінің дизайны еш елде жоқ. Соны дамыту үшін бүгінгі заманға сай ету үшін оған қаражат қажет. Үкіметтің ықыласы керек. Бізде талапты да, таланты жастар жетерлік. Дүниежүзінде 1954 жылға дейін осы ұлттық киімдер көрмесінен 48 алтын медаль алыппыз. Бұл дегенің әлемде бұрын соңды болмаған жетістік. Дизайнның дамуына мүмкіндік мол. Ешкім қолымызды қақпайды. Үкімет мойын бұрып арнайы заң қабылдаса бұдан да қарқынды дамитын еді.

Өнер қарама қайшылыққа толы
- Еліміздегі ескерткіштерге көңіліңіз тола ма? Бізде ескерткішті екі-ақ кейіпте қояды ғой. Ақын, жазушы болса тұрғызып не отырғызып қояды. Ал батыр болса атқа мінгізіп дегендей...
- Бұл – бүгінгі қоғамдағы запыранымыз. Өнердің өзі қайшылықтарға толы ғой... Мәселен, мұражайды жасап жатқан кезде кейбіреулер тақырыбынан ауытқып, өздері «патша» болғысы келеді. «Нәзір Төреқұлов пен Тұрар Рысқұловтың қатарында тұруға қандай қақың бар, тірі адамсың сен» десең түсінгісі келмейді. Болмаса тақырыпсыз, жоспарсыз «Ақша бердім, бол давай» дейтіндер де табылады. Әр нәрсеге дәйекті нақты жұмыс істеп оны дұрыс түсініп барып істемесек келер ұрпақ кешірмейді бізді. «Бүгін үйлен де, ертең балаң болсын» деген сияқты ғой. Олай болмайды ғой. Осыны түсіндіріп көр, ондлайларға. Бұл қоғамдағы көзқарастың төмендігі. Осындай қайшылықтармен күресеміз біз... Шынында да еліміздегі ескерткіштердің басым бөлігі бір қалыптан шыққандай. Кілең қолына қару ұстаған, атқа мінген батырлар. Тек астындағы жазуын өзгерт те қоя бер. Өз басым бұған қарсымын. Бұл дегенің соны жасаған адамның ой ұшқырлығының таусылғандығын көрсетеді. Әр батырдың өз ерекшеліктері бар. Мәселен Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың ескерткіштерін бірдей етуге болмайды. Ізденіп, ерекшеліктерін табу керек. Әйтеуір қолына найза ұстатсам, атқа мінгізіп жасасам батыр боп шыға келеді деуге мүлдем болмайды. Ханның бәрін ойдан шығарып мүсіндеуге келмейді. Мен оның образын таптым. Кешегі Кенесары мен Жәнібектің ескерткіштері ерекше стильмен жасалған. Көбіне ізденіс жетіспейді. Көбінесе пендешілікпен ақшасын алсақ, монументті әйтеуір істеп берсек болды деген ой тұрады. Ертеңгі күні ұрпаққа қалдырар туынды ретінде емес, әйтеуір қарайтып қойсақ болды деген ішкі есептері болады. Бұл жақсы үрдіс емес. Жақсы ескерткіштеріміз бар әрине. Оларды жоққа шығара алмаймыз. Ал көпшілігінде жаңағыдай бір сарындылық басым. Осыдан жеті сегіз жыл бұрын Астанада «звериний стиль» қаптап кетті. Бұл Астана ма, әлде зообақ па деп ойлайтынмын. Мына жақта да барысқа ұқсаған арыстан, ана жақта да тағы да бірдеңеге ұқсайтын арыстан. Бір бірімен үндестік жоқ. Оны кезінде ескертіп айттық та. Қазір тиылған сыңайлы. Бұл да фантазияның жоқтығы. Талғамның төмендігі. Қазір енді біртіндеп түзеліп келе жатқан сықылды.

Ұлттық сана солқылдақ
- Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы дизайн факультетін бітіргендер шетелдерге барып жүлде алып келіп жатыр. Бірақ олардың дайындаған киімдері тұтынушыларға жетпей жатады. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Дизайнерлеріміз жеткілікті дәрежеде жұмыс істеп жатқан жоқ па әлде басқалай себебі бар ма?
- Қазір еліміздегі Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы ЖОО да дизайн факультеттері бар. Бірақ сол факультеттерге сол баяғы сызу, бейнелеу деген пәндердің оқу бағдарламаларын аудара салған. Мәселен Шымкенттің өзінде дизайн факультетінің кафедра меңгерушісі мен деканы Дизайнерлер одағының мүшесі емес. Ол кешегі суретші немесе сызу пәнінің мұғалімі. Тіпті дизайн дегеннің не екенін түсінбейтіндері де бар. Мәселен бір дизайнер ұлттық нақыштағы дизайнмен тігілген ұлттық киімді алып келсе сіз кимейсіз. Өйткені есейтіп көрсетеді дейсіз, тағы бір жерлерінің кемшілігі бар. Әйтеуір ұнамайды. Өйткені біздің көзқарасымыз Еуропаға қарай қалыптасып қалған. Ол ықыласты бұратын ақпарат құралдары. Дизайн өнері туралы жиі -жиі жариялап отырса, көзқарас өзгереді. Италиядан келетін сөмкелерде қазақтың орнаменттері бар. Бұл - шпионаж. Олар ұрлап алған. Соның бәрі өзіміздікі ғой, неге пайдаланбасқа? Тіпті сол ауызымыздың суы құрып, тамсанатын италияндық етіктерге қазақша ою өрнектің нобайы салынған. Бізде аяқ киім өндірісі дамымаған. Себебі осы шығар. Дизайнерлеріміздің жүлде алып жатқан киімдері ол батысқа еліктеп жасалынған дүние. Осыдан біраз уақыт бұрын ұлттық киімдерімізді ретке келтіру үшін «Түскиіз» деген фирма әйелдердің, ерлердің арнайы бешпентін, бас киімдерін тіге бастады. Сонда үш түрлі қылып жасады. Біріншісін әлекей шүлекей орнаменттерден жасады. Екіншісін әйелдерге лайықтап, үшіншісін ерлерге лайықты орнаменттермен жасына қарай тікті. Оны ешкім алмай қойды. Өтпей қалды. Мұны енді нарықтық экономика кешіре ме? Қазір жұрттың бәрі тойға деп топырлатып алып жатыр. Ал күнделікті киетін қонымды етіп тіксе оны ешкім алмайды. Сол сияқты дизайнерлеріміз батыстық үлгіге еліктеп тіксе оған мойын бұрады. Атақ береді. Қазақтың төл туындыларын қабылдамайды. Қазір ұлттық идеология жоқ деп айтуға да болады. Ұлттық идеология болмағаннан кейін ұлттық құндылықтар соңғы орынға сырғиды. Ол болмағаннан кейін киіміңе де, дәстүріңе де қырын қарайды. Халықтың ықыласы ұлттық идеологияға негізделгенде ғана сұраныс туады. Бізде ұлттық сана солқылдақ. Ұлттық намысы бар адам ұлттық киімді неге кимеске?
- Балтық жағалауындағы елдерде осыдан бірнеше ғасыр бұрын салынған үйлері ұлттық нақышымен сол күйі сақталынған. Қазір еліміздің жүрегі Астананы осы ғасырдың қаласы дейміз. Бірақ ондағы құрылыстар еуропалық үлгімен салынып жатыр, ұлттық нақыш жоқ деп көңілі толмай жүргендер көп. Бұған не дейсіз? Кейінгі ғасырларға Астана қандай келбетімен бармақ?
- Бұл бүгінгі таңдағы күрделі мәселе болып тұр. Бүгінгі салынып жатқан үйлердің 80 пайызының жобасы батыстан алынған. Ұлттық өрнек, ұлттық колорит атымен жоқ. Оның себебі расында неде? Ол сәулетшінің талғамының төмендігінен емес. Қаржысын төлейтін тапсырыс берушінің талабына сай болады. Олар Америкада, Жапонияда болса сол жақтың жобаларын алып келеді. Сөйтіп сәулетшіге «осыған сай етіп жасайсың, егер келтіре алмасаң ақшасын төлемеймін» дейді. Болды. Амал жоқ солай етуіне тура келеді. Әйтпесе сәулетшілердің фантазиясы төмен емес. Егер оған ұлттық нақыш болсын десең жанын салып істейді. Одан кейінгі бір мәселе ұлттық калорит ұлттық өнер дегенде нені айта аламыз? Осы кезеңге дейін қазақ сахарасында 4 мың жылдың ішінде 7 рет мемлекет ауысты. Арийлер, сақтар, ғұндар, оғыздар, түркілер, қыпшақтар келді. Шыңғыс хан дәуірі  кешегі Алтын орда, Ресейге қосылған уақытымыз. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Ізі қалды. Таңбасы қалды. Соның қайсысын ұстаған дұрыс? Сақ дәуірін ұстаймыз ба, әлде түркілерді ме? Мұның бәрі де біздің ұлттық таңбамыз. Бірақ құртып алмау керек. Мәселен, бір ықшамауданға «Сақ дәуірі» деп ат беріп, соны сақтардың стильімен жасап шығу керек. Ал екінші бір ықшамауданға түркі мәдениеті жөнінде атақ беріп, мәселен «Күлтегін» деп балбал тастармен жасақтап шығу керек. Қай нәрсені жасағанда да атына, тақырыбына лайықты жасау керек. Астана мен Алматы бүгінде пластмассаға айналып кетті. Мұны айтып та жатырмыз, мәселе етіп көтеріп те жатырмыз. Қазіргі қарқынды құрылыстың кезінде көп еленбей жатыр. Бұған қазір мән бермесе, ертең кеш болады.
- Ұлттық нақышты кіріктірудің жолы бар ма, қалай ойлайсыз?
Оның жолы көп қой. Егер ұлттық бет бейнемізді сақтаймыз десек оған үкімет тарапынан көңіл бөлініп, қаржы қарастырылса болғаны. Қолдау ғана қажет.
- Төл теңгеміз көп сынға ұшырады кезінде. Қазіргі ақшаның дизайнына көңіліңіз тола ма?
Жоқ. Алғашқы шыққан теңгемізбен салыстырғанда деңгейі өте төмен. Үндестік жоқ. Шимай шатпақ. Не ұғарыңды білмейсің. Мәселен, театрда солист болады ғой. Бүкіл оркестр соған жұмыс істейді. Мыңдаған аспап соған көмекші, көтермелейтін құрал болып тұрады. Содан келіп әуен үйлесімді шығады. Сол сияқты ең бірінші көтермелеп тұратын гармония болуы керек. Бұрынғңы теңгеде басты рольде Әл фараби бабамыз тұрды да, қалғандары соған үндесетін. Ал мына жаңа теңгеде ондай жоқ, жыбырлаған бірдеңе. Мұны өз басым мүлде қабылдай алмадым.
- Ұлттық нақыш десе бізде дереу шаңырақты, одан қалса қошқар мүйіз оюларды жапсыра қояды. Одан басқа үлгілеріміз жоқ па сонда?
Бұл да жаңағы атқа қондырып қойған батырдың ескерткіші сияқты ғой. Бұл да соның екінші формасы. Шаңырақ қасиетті зат. Оның бұрынғы атауы –Отан. Ол көне түркі тілінен аударғанда ан деген көк әлем, от деген, ортасында тұрған күн деген сөз. Отан деген содан шыққан. Қазақ бүкіл өмірін сонымен байланыстырады. Отау деген бар. Үй егесін отағасы дейміз. Отбасы, отанасы деген қасиетті сөздеріміз тағы бар. Осының бәрі де бір шаңырақтың астына ұйысқандықты білдіреді. Киелі нәрсені не болса соған жапсыра беруге болмайды. Қазақша оюлардың мыңдаған түрі бар. Тек қошқар мүйіз ғана емес. Аңдарды, өсімдіктерді бейнелейтін орнаменттер бар. Оның өзі де бірнеше түрге бөлінеді. Орнаменттердің өзіндік үні, өзіндік мәні бар. Оларды ретімен пайдалана білсе үлкен дүние шығаруға болады. Ойсыз, талғамсыз пайдаланылған дүние ешқашан да жақсы болып шықпайды.
- Бейнелеу өнерінде сіз қай бағытты таңдадыңыз?
Мен қолөнер мен сәулет өнерін таңдадым. Дизаин соның жиынтығы.
- Өзге өнер салаларында көркемдік кеңес деген боады. Дизаин саласында қалай?
Бұрын болған. Мен сол кеңестің басшысы болғам. Қазір жоқ. Мәселе былай ғой, Қазақстанда 10 шығармашылық одақ бар. Сәулетшілер, Жазушылар, Журналистер одағы деген сияқты. Сол он одаққа кезінде ақша бөлінетін. Жақсы шығармаларға қаламақы төленетін. Қазір ондай қамқорлық жоқ, қоғамдық ұйым боп қана қалды. Осы жуырда дизайнерлер одағының жиынында айтылып қалды, біздің одақ пен собаководствоның мәртебесі бірдей екен. Бұл не деген масқара? Одақтар өздері отырған ғимараттардың өзін зорға ұстап отыр. Келешегі қалай болады осыған түсінбеймін. Мән берілмегеннен кейін бұл одақтардың қадірі де қалмады. В. Путин алдағы уақытта өнер мәдениет ошақтарына қаржы бөлініп, мемлекет тарпынан қолдау көрсетілсін деген қаулы шығарды. Осындай қамқорлық жасалса, қанекей?
- Бүгінде дизаин компьютерге де енді. Сурертшілеріміз өз еңбектерін дизаинды қолмен жасайтын. Енді ол қолмен салған өнер туындысы ғой ал компьютер технология. Жаныңызға қайсы жақын?
Әрине қолмен табиғи салынған туынды жоғары бағаланады. Бірақ компьютерді де меңгеруіміз қажет. Оның бағдарламаларын да адам жасаған. Егер сурет салған кезде қолың өзіңе бағынса ол сенің бақытың. Сенің фантазияңа қолың жаттыққан болса ол шеберлігің. Ондай кезде компюьтердегі суреттерді де сапалы шығаруға мүмкіндік бар. Қалай болғанда да өз идеяң болмаса компьютермен қалай сызасың? Мәселен Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіште портрет бар ма? Жоқ. Бұл жерде образ бар. Ханның образы. Арқаларын бір біріне тіреп, екі жаққа қарап тұрған хандардың образы. Бастарында қалпағы, қолымен көрсетіп тұрғаны алтын шаңырақ. Олар қазақтың шаңырағын осыдан 550 жыл бұрын көтерген хандар. Алдында «Созақ – қазақ хандығының тірегі» деп жазып қойдық. Алтынмен. Оның жобасын алдыменен қарындашпен сызып алдым. Ал компьютерде мұндай форманы қалай табасың? Жұмыстың алғышарты сызба. Одан кейін ғана компютермен әрлеуге болады. Ал кейбіреулер тек компьютерге жүгінеді. Фантазиясы жоқ болған соң. Содан кейін «құрғақ» дүние болып шығады.
- Суретшілердің жаны сезімтал, жүрегі нәзік келетіні белгілі. Сосын олар ерекше көзге түскіш. Олардың көпшілігі шаштарын, сақалдарын өсіріп ерекшеленуге құмар келеді. Шашын, сақалын алып тастаса сурет сала алмай қалатын сияқты. Сізде де соның элементтері бар...
Жалпы түркілер кезінде шаштарын өсіріп, өріп қоятын болған. Негізгі олар шаштарын алмайды екен. Бұл қазақтардың үрдісінде бар нәрсе. Шаш алу кейіннен мұсылман дінін қабылдағаннан кейін енген. Мен осы ұзын шашыммен жүргеніме 35 жыл болды. Бұл еліктеушілік емес, өзіме осылай ұнайды.
- Шымкенттегі қуғын сүргін құрбандарына арналған музейді жасаған екенсіз...
Ия, оны сәулетші ретінде жобасын сызып, дизайнер ретінде ішкі сыртқы көркемдеуінің бәрін өзім жасадым.
- Нарық заманы нық табан тірегенде көптеген сала қайраңда қалғандай күй кешкені рас. Ол суретшілерге де салқынын тигізді. Олар тарихта қалатын туынды салғаннан гөрі күн көрістің қамын күйттеп кетті. Содан заманға ыңғайланып, өтімді сурет салуды бастап кеткендей. Бұл да бейнелеу өнерінің бәсін түсірмей ме?
Қазір бейнелеу саласында ізденіс жоқ емес бар. Кейінгі кезде бір тенденция пайда болды. Одақ тарағаннан кейін әр суретші қолындағы жасаған туындысы өтуі үшін еңбектенді. Абстракция, өзінше басқа тақырыпқа ауысып кеткендер көп. Қазіргі жастардың ағымында батысқа еліктеушілік басым. Соған бейімделушілік бар. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Бұрынғыдай туындылардың бәрін сатып алып галереяға қойып жатса, бағалап жатса онда әлбетте ілгерілеушілік болар еді. Кейінгі кезде еліктеушілікпен жасалған арзанқол туындылар көбейіп кетті. Рас. Бұрын да боған. Қазір де бар. Келешекте де бола береді.
- Өнер саласында жүргендер ғана емес, былайғы жұрт та суретшілерден Әбілхан Қастеевті жақсы таниды. Бүгінгі суретшілердің арасында Әблхан атасымен даңқ таластыра алатын өнер иелері бар ма?
Қазақтан шыққан тұңғыш суретші Қамалидин Бекзат. 16 ғасырда өмір сүрген. Одан кейінгі С. Уәлиханов. Содан кейін ғана Әбілхан Қастеевті айтамыз. Бейнелеу өнерінен әлемдік деңейге шыққан суретшілер аз емес. Қастеевтің аяғын алып қалған суретшілер Қ.Телжанов, С. Мәмбетов, одан кейінгі буында С. Айтбаев, А.Аханаев, орта буындағы суретшілер Е.Төлепбаев, Т.Тоғысбаев. Өзіндік стилі бар театр суретшісі С.Сыдыханов, мықты суретші. Майлы бояу саласында еңбек еткен аса талантты Бексейіт Түлкиевтің орны ерек. Қазақтың атын әлемге танытқан азаматтар аз емес. Кейінгі буын жастардың арасынан да осындай атаққа лайықтылар шығатынына сенімдімін. 
- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста